212 rob
Фотосурет: ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі
Бүгінгі ел тарихында да, әскер тарихында да үлгі алатын азаматтар жетіп артылады.
Олардың қызметі қарапайым көзге көрінбегенімен ел қорғау тұрғысынан келгенде үлкен істердің санатына жатады. Сондай кейіпкеріміздің бірі – тәлімгер офицер, отставкадағы подполковник Сұлтан Жаңабайұлы Нұрымбетов.
Сұлтан Жаңабайұлы бүгінде құрметті еңбек демалысында болса да, өскелең ұрпақты қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеу ісін тастаған емес. Керісінше, мүмкіндігі болса әскери бөлімге келіп, жауынгерлермен кездесіп өз тәжірибесімен блісуде. Өзі де сарбаз болған жылдарды қуана айтады. Сарбаздың жанын бірден түсінеді. Сарбаздарға ғана емес, офицерлерге де тәлімгер аға болып саналады. Осы жолы ардагер ағамыз өз естелігін қағаз бетіне түсіруді жөн көріпті.
— Мен 1958 жылы Түркістан облысы Түлкібас ауданы Тастыбұлақ елді-мекенінде дүниеге келдім. Әкем Нұрымбетов Жаңабай Совет Одағының “Еңбек Қызыл Ту” орденінің иегері, колхозшы, бригадир болып қызмет атқарды. Анам Нұрымбетова Жүрсінкүл Құрманәліқызы да колхозшы болып, әкем екеуі бірге жұмыс істеді. Әкем мені өтірік айтпауға, шыншылдыққа үйретті. Жастайымнан еңбекке баулып, қасында ертіп жүретін, сонымен қатар боксқа, күреске үйретті. Жұмысқа кетсе маған үйдегі тірліктерді беріп кететін. Жастық шағымызда балалармен футбол, воллейбол, баскетбол, көкпар, қашар доп, асық ойнайтынбыз, бокстасып, күресіп кей кездерде төбелесіп қалатынбыз. Бала кезімнен әлі күнге дейін өзімді айтқанды бұлжытпай орындайтын тәртіпті азаматпын деп ойлаймын, — деді кейіпкеріміз.
Ер жеткен бозбала мектеп бітіріп “Азаттылық” колхозында әкесіне көмекші болып жүрді. Малдың шөбін дайындап, үйдегі төрт түлікке қарайласатын. Сөйтіп жүргенде әскер қатарына да щақырылады.
— 1976 жылы мені әскер қатарына шақырғанымен, әкем алып қалды. Сосын екіншісінен де алып қалды. 1977 жылы көктемде мені қайтадан шақыртты. Военком менің аты-жөнімді атаған кезде, мен қуанғанымнан тамақ салған дорбамды ала сала автобусқа жүгіріп, әкемнің жанынан тез өтіп, автобусқа отырдым. Сондағы ойым әкем мені тағы да алып қалатын шығар деген күдік. Өйткені біздің уақытымызда әскерге бармағандарға жұрт мүгедек немесе ауру деп күле қарайтын. Ондай жігіттерге қыздар да қарамайтын. Ал ол ер жігіттер үшін намыс еді. Біраз уақыттан соң автобусқа келген әкем маған «Түс, балам!» деді, мен «Түспеймін, мені тағыда алып қалмақшысыз» деп ашулы келбет көрсетіп едім, ол маған күлімсіреп қарап «Балам-ау, қоштасайық» деді. Сол кезде мен әскерге кететінімді білдім, әкеммен жыламсырап қоштастық.
Сонымен біз Шымкент қаласының аэропортынан ұшып Мәскеуге келдік. Бізді алып кеткен лейтенант бәрімізді Ярославский вокзалына апарып, әрі қарай пойызға мінгізіп жіберді. Сөйтіп, Коряжма деген елді мекенге тап болдық. Сол жерде әскери дайындықтан өтіп, әскери ант қабылдадық. Ертесіне бізді сол стансаға апарып, Плесецский ауданы Пуксо-Озеро 6513 әскери бөліміне әкелді. Біз Коряжмадан х/б гимнастеркасымен щықтық, ал ол жақта сарбаздар шинельмен жүр екен. Сол күні бізді роталарға таратты. Мен 4 ротаға түстім. Ол Квоид-Озеро деген елді мекенде орналасқан. Бізді кешке паравоз тартатын пойызға мінгізіп жіберді, — дейді ол
Сонымен кейіпкеріміздің әскери қызметі басталды. Ол жақта ауа-райы жаңбырлы. Жаздың өзінде күн көзін сирек көресіз. Күнде жаңбыр болатын, қыркүйектің ортасында қар жауа бастайтын. Ал қыста күні бойы қар жауатын. Жазда түн қараңғы болмайтын. Қыста екі-үш сағатқа жарық болады, кейін қара түнек қараңғы басады. Алты ай жарық, алты ай қараңғы деген сөздер содан шыққан. Тағы айта кететін жайт, боранды күндер көп болатын. — 52 градусқа дейін аяз болып тұрады. Бірақ сонда да кім қай жерден, қай елден келгеніне қарамастан бәрі де соған шыдай білді.
— Ротамыз көп ұлтты болды. Жігіттер бүкіл Кеңес Одағынан шақырылға. Біздің міндетіміз ағаш дайындау зауытын, түрмедегілердін жатын орынын күзету. Қысқы маусымда (13У) ағаш кесу учаскесін күзету, төрт машинамен әр сотталғандарды 15-20 шақырым алып барып, қайтатынбыз. Жаз айында ол жақта машина жүре алмайтын, есесіне темір жолмен қырық сотталушыны мотовозбен апарып, жиырма шақырымдай жерге түсіріп, темір жол жөндетіп қайтатынбыз. Тәулігіне үш ауысым ағаш дайындау зауытының жеті жүз сотталушысын, әр коробкада жүзден болатын, тоқтамай біздің жігіттер ауа-райының қолайсыздығына карамай айдауылдайтын. Рота сарбаздары тату-тәтті, келісімді тәртіппен жүретін, өйткені біздің командиріміз капитан Карманов бұзықтыққа жол бермейтін. Офицерлеріміз аға лейтенанттар Корольков, Литвинов, Лужанский сол кісінің ісін қолдап, біздерді тура жолға салатын. Старшинамыз прапорщик Квитинский өте адал, жанашыр кісі болатын. Киімдерімізді, аяқ-киімдерімізді күнде тексеріп, жыртылғаны болса ауыстырып отыратын. Егер бір жағдайлармен бара қалсақ «Заходи, сынок, садись! На пей чай. Какие вопросы?» деп жағдайыңды сұрап отыратын еді. Осы күнге дейін мен өз басым ондай старшинаны әлі көрмеппін. Қысқаша айтқанда, біздің ротаның офицерлері мен прапорщиктері сөзбен жеткізе алмайтын өте тамаша жігіттер еді. Соларға қарап біз де тәлім-тәрбие алдық. Мен өзім олардың мінездеріне, адамгершіліктеріне, киім киістеріне қарап бой түзегім келді. Солардың қасиеті менің де бойымда қалған секілді. Командир полковник Панкратов штаб бригада бастығы полковник Тимофеев те адамгершілік қасиеттері өте зор кісілер еді. Өйткені мен олармен көзбе-көз сөйлестім. Командирлер үйреткен әскери тәрбие менің болашақ офицерлік лауазымыма зор септігін тигізді.
Мен әскери борышыма адал, тәртіпті, қырағы сарбаз болғандықтан Архангельскіден келген дивизия командирі, Ұлы Отан Соғысының ардагері генерал-майор Лапаев ротамен сөйлесіп, командирімізден «Ең жақсы қызмет ететін сарбазды ата» деді. Сол кезде каптитан Карманов мені тұрғызды. Ол уақытта мен генералды бірінші рет көруім. Аяқ-қолым дірілдеп «Мен» дедім. Ол маған саптан шығуға бұйрық берді. Мен саптан шығып генералдың алдына келіп «Сіздің бұйрығыңызбен келіп тұрмын» деп баяндадым. Ол менің қолымды алып, жылы лебізде «Спасибо, сынок» деді де, сапқа қаратып «Мои дорогие бойцы! Вот, как надо служить» деп, сапта тұрған сержант Майоровты шақыртып алып, көкірегіндегі екінші дәрежелі төс белгіні шешуді бұйырды. Содан соң менің кеудеме тақты да, мені ертең дивизиядан жіберем деді. Ол кеткен соң сарбаздар мені құттықтай бастады да, бәрі жабылып көтеріп алып үш рет аспанға лақтырды. Шеру тарқаған соң, мен төс белгіні шешіп сержантқа ұсындым, бірақ ол маған «Сені генерал өзі марапаттады, кейін саған келгенде бересін» деді. Кейін бір аптадан соң маған құжатымен төс белгі келді. Содан кейін мен әрі қарай бір жыл көлемінде қызметімді адал атқарып, мамыр айының соңында ротамыздан бірінші болып сержант Кепалиев екеуміз елімізге оралдық. Мәскеуге дейін бірге келіп қош айтысып, вокзалда тарастық. Дегенмен ең қызық шағым әскердегі өмірім екен. Мен онда қалғымда келіп тұрды, бірақ маған туған елдей ыстық ел болған жоқ. Елге оралған соң әкем мен анамның қуанышында шек болмады. Мал сойып бүкіл ауыл ақсақалдарын, жастарын шақырып, кішігірім той жасады. Көп ұзамай мен әскери киімімді киіп, Шымкент қаласында орналасқан 6506 әскери бөліміне келіп, қызметке кіруге өтініш жаздым. 5 рота командирі, капитан Тоулинс бірден документтерімді көрді де, қай жерде қызмет еткенімді сұрады. Кван-Озеродан екенімді айттым. Ол екеуміз бір полкта болған екенбіз, содан «Қайтадан бірге қызмет етеміз» деп лебізін білдіріп, мені штабқа апарып, қызметке орналастырды. Мен қуана-қуана рахметімді айттым.
Сонымен мен қызметімді бастап кеттім. Қызмет барысында мен бірнеше рет әскери училищеге өтініш жазып, офицер болуға деген ойымды білдірдім. Кейінірек мені Ленинград қаласындағы Кеңес Одағының Ішкі істер министірлігіне қарасты ішкі әскер жоғарғы саясат училищесіне жіберді. 1984 жылы мен оны жылдамдатылған «экстерно» бітіріп, қызметімді Ленгер ауданы Шахта-Тогус елді мекенінен бастадым. Лауазымым рота командирінің саясат жөніндегі орынбасары: әрі қарай рота командирінің бақылаушылар жөніндегі орынбасары, жеке бақылаушылар взвод командирі, рота командирі, рота командирінің тәрбие және әлеуметтік жұмысы жөніндегі орынбасары, батальон командирінің тәрбие және әлеуметтік жұмысы жөніндегі орынбасары, тәрбие және әлеуметтік құқық жұмысы жөніндегі бөлім бастығы, полк командирінің тәрбие және әлеуметтік құқық жұмысы жөніндегі орынбасары лауазымдарына ұласты.
Тәжік-ауған шекарасын қорғауға 5485 оперативтік мақсатқа арналған полктан 1993 жылдан бастап 1 рота бөлініп тұратын, екі рет сол ротаның командирінің тәрбие және әлеуметтік құқық жұмысы жөніндегі орынбасары, рота командирінің орынбасары болып қызмет еттім.
Рота командирлері, капитандар Р. Ахмеджанов, А. Новиков екеуінің кезінде де ротамыз алға қойылған тапсырманы ойдағыдай орындады. Офицерлеріміз бен сарбаздарымыз мінсіз болды. Үшінші рет батальон командирінің тәрбие және әлеуметтік құқық жұмысы жөніндегі орынбасары болып қызмет атқардым. Сол қызметімді атқару барысында тек қана сарбаздармен шекара шебінде болдым. 47 шақырым шекара бойында болдық. Осылай міндетімді абыроймен ,мінсіз атқардым. 2004 жылы өз еркіммен рапорт жазып, полк командирінің тәрбие және әлеуметтік құқық жұмысы жөніндегі орынбасары лауазымынан подполковник болып зейнетке шықтым.
Біраз уақыт темір жол бойында “инспектор по сопровождению” болып жұмыс істедім. Қазір енді бейнеттің зейнетін көрудемін,-деп әңгімесін тәмамдады ардақты ардагер.
Подполковник Дарын Сейітов
Источник: qazaq.asia