245 Арман
Фотосурет: Yevgeniy Sambulov/Canva
Кепілді өтемді салымшының орнына кім алуы мүмкін?
Қазақстандық банктердің салымшылары жинақ ақшаларының сақталуына кепілдік берілгендігін, тіпті банк лицензиясынан айырылған жағдайда депозиттері бойынша заңнамада белгіленген максималды кепілдік сомасы шегінде кепілді өтем алатындығын жақсы біледі. Бұл үшін Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорына (ҚДКБҚ), оның ішінде таңдап алынған агент банкке өтінішпен барса жеткілікті, деп хабарлайды DKNews.kz.
Бірақ кейде салымшы қандай да бір жағдайларға байланысты мұны тікелей өзі істеуіне мүмкіндігі болмай жатады.
Ендеше, канеки, салымшының орнына кімнің өтініш және басқа қандай құжаттардың негізінде өтем алуына болатындығын жан-жақты талқылап көрелік:
Салымшының сенімхат бойынша өкілдері
Мұндай өтініш беруші жеке басын куәландыратын құжат пен нотариус куәландырған сенімхат ұсынады. Егер сенімхат шет тілінде рәсімделген болса, онда оның мемлекеттік тілге немесе орыс тіліне аударылған және нотариус арқылы куәландырылған аудармасы да ұсынылады. Сонымен қатар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген жағдайларда мұндай сенімхаттарға апостиль қою немесе консулдық заңдастыру талап етілуі мүмкін.
Салымшының заңды өкілі (ата-ана, бала асырап алушы, қорғаншы, қамқоршы)
Кәмелетке толмаған, жасы 14-ке жетпеген салымшының атынан өтем алу үшін оның ата-анасының бірі жүгінеді. Бұл жағдайда ата-ана баланың туу туралы куәлігін және өзінің жеке басын куәландыратын құжатты (жеке куәлігін) ұсынады.
Ал 14 жастан 18 жасқа дейінгі аралықтағы кәмелетке толмаған салымшының атына ашылған депозит бойынша өтемді кәмелетке толмаған жасөспірімнің өзі ата-анасының немесе ата-анасының бірінің жазбаша рұқсатымен ала алады.
Кәмелетке толмаған жасөспірімнің қорғаншысы және қамқоршысы жүгінген жағдайда мынадай құжаттар ұсынылады: өтініш берушінің жеке басын куәландыратын құжаты, бала асырап алғаны немесе қыз асырап алғаны туралы құжаттар, патронат бойынша қамқорлық көрсету жағдайында – патронаттық ата-ана мен қорғаншы және қамқоршы органы арасында баланы патронаттық тәрбиеге беру туралы шарт; қорғаншы және қамқоршы органы берген қорғаншылық (қамқоршылық) белгілеу туралы куәлік;
Салымшының мұрагерлері
Мұрагерлер мұра алу құқықтарын немесе мұра берушінің ақшасын пайдалану құқығын растайтын құжаттардың түпнұсқаларын немесе нотариус куәландырған көшірмелерін ұсынулары қажет;
Салымшының депозиті бойынша кепілді өтемді алу құқығына ие өзге де тұлғалар
өтініш берушінің жеке басын куәландыратын құжатты және кепілді өтемді алу құқығын растайтын құжаттарды (мысалы, сот шешімі) ұсынады.
Еске саламыз, ҚДКБҚ сақтандыру жағдайы туындаған кезде 30 жұмыс күні ішінде міндетті түрде ресми баспасөз басылымдарында, ҚДКБҚ мен агент банктің сайттарында хабарлама жариялау арқылы банк салымшыларын өтем төлеу басталатын күн туралы хабардар етеді.
Төлемнің кезеңі мен төлем орындары, өтініш беру әдісі және құжаттар ұсыну талаптарына қатысты түсініктеме берілген ақпарат сондай-ақ басқа да бұқаралық ақпарат құралдарында, олардың ішінде сайттар мен әлеуметтік желілерде жарияланады.
ҚДКБҚ төлемнің басталғаны туралы хабарламаны жариялаған соң, 5 жұмыс күні ішінде кепілді өтемді төлеу шарасы басталады және ол 1 (бір) жыл бойы жалғасады. Осы мерзім ішінде салымшы немесе өтініш беруші ҚДКБҚ-ға, оның ішінде таңдап алынған агент банкке өтініш бере алады.
Өтініш және басқа да қажетті растаушы құжаттар келіп түскен күннен бастап, 5 жұмыс күні ішінде кепілді өтем төленеді немесе нақты себептері көрсетіліп, өтем төлеуден бас тартылады. Төлем мерзімінің аяқталуына жарты жыл қалғанда, 30 жұмыс күні қалғанда және аяқталғаны туралы ҚДКБҚ бұқаралық ақпарат құралдары, өз сайты және әлеуметтік желілердегі ресми парақшалары арқылы салымшыларға хабар таратады.
Источник: qazaq.asia