215 rob
Фотосурет: ҚР ҰҰ баспасөз қызметі
Күй өнері қазақ халқының құнды мұраларының бірі.
Домбыра шанағынан саулаған күйдің тілі тыңдаушының ішкі жаратылысын түпсіз терең тұңғиық сезіміне бойлап әкетеді. Күй тілі бірде бозамық тартқан бозаң дала қойнауына үңіліп, бордай жұқарған ақсөңке сүйектерді сөйлетіп, тарих шыңырауына құлдырата жөнелсе, ал бірде сұңқылдаған аққулар қонған айдын көл жағасындағы көкмайса шалғында жосылған бір үйір жылқы дүбірін көз алдыңа әкеледі. Халқымыздың рухани қазынасының жарқырап, одан әрі шартараптана түсуі күй құдіретін жүрегіне ұялата білген күйші қауымға байланысты. Ұлттық ұлан қатарында жүріп, ұлттық өнердің насихатталуына өзіндік үлес қосып жүрген Никита Дяченко өз болашағын күй әлемімен сабақтастырады. «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5518 әскери бөлімінің материалдық-техникалық қамтамасыз ету ротасының маман-операторы қатардағы жауынгер бүгінгі біздің кейіпкер.
– Никита, домбыраны жаныңа қашаннан серік еттің?
– Менің домбыра аспабына деген әуестігім бала кезімнен оянды. Шамамен алты-жеті жасар баламын. Көлікте келе жатып, радиодан домбыра күмбірін тыңдап қалдым. Аспаптың дауысы менің бойымды әп-сәтте баурап алды. Алайда орындалып жатқан шығарманың қандай музыкалық аспаптан шыққандығын білмей дал болдым. Әкемнен бұл қазақтың домбыра аспабы екендігін сұрап білген соң, қызығушылығым одан сайын арта түсті. Алайда, ата-анамнан домбыра алып беруін өтінгенде, маған қажеттілігі жоқ екендігін түсіндірді. Бірақ, менің бұл аспапқа деген аңсарым толастамаса, кемімеді. Сол бір қос ішекті ойнап көруге деген ыждағаттылық күн сайын ұлғая бергені соншалық, домбыра тәріздес музыкалық аспап жасауға кірісіп кеттім. Үйдегі сынық үстелдің бір аяғын бөліп алып, таяқтың екі ұшына шеге қағып, шегеге жіп байладым. Осылайша, өзімнің алғашқы домбырама қол жеткіздім. Өкінішке қарай, қолдан жасаған бұл аспаптан радиодан естілген дауыс шықпады. Алайда көлік ішінде орындалған домбыра күмбірі менің құлағымнан кетпейтінді шығарды. Менің музыкалық аспапқа деген қызығушылығымның алабөтен екендігін ата-анам бұл әрекетімнен кейін ұғынғандай. Алғаш мектеп табалдырығын аттап жатқан маған әке-шешем былай шарт қойды: Егер мен алғашқы тоқсанды кілең бестікпен аяқтасам, домбыра алып беруге уәде берді. Ата-анамнан мұндай ұсынысты естігенде бойымды шаттық кернеп, қуаныштан жарыла жаздадым.
Сірә, сол сәтте өзімді әлемдегі ең бақытты адамдар қатарына жатқызған шығармын.
– Сонымен домбыра үшін сабақтағы үлгеріміңді өзгерте алдың ба?
– Әрине, сол күннен бастап үйге берілген тапсырманы тиянақтылықпен орындап, озат атану үшін барлық күш-жігерімді жұмсадым. Күнделігіме қойылған әрбір бестік баға менің домбыраға жету жолымды жақындата түскендей көрінді. Мектептен қайтқан тұста сыныптастарым сияқты ойын ойнамай, үйге қарай асығатынмын. Арқама асынған сөмкемді аша сала, сабақ қарайтын бөлмеге ұмтылу дағдыға айналып кетті. Үй тапсырмасын орындап, шаршаған тұста жіп байланған ағашты қолыма алып, бір мезет қиялға ерік беріп, өзімше дыңғырлатқандай болатынмын. Менің домбыра үшін әбігерге түскен кескін-келбетімді көрген ата-анам іштей ырза болып, күлімсіреп қарап өтетін. Қазір сол бір балалық көріністі есіме алсам өзімнің де езуіме күлкі оралады. (жымиып) Күндердің күні ұйықтап жатқан мені домбыра күмбірі оятып жіберді. Тұп-тура кеше болғандай әлі есімде сол таң. Ұйқылы-ояу жатырмын. Түсім бе? Өңім бе? Білмеймін. Әйтеуір, домбыра күмбірі құлағыма алғашында талып жетіп, кейін үдей түскені. Көзімді ашып қалып едім, домбыра күмбірі үзілген жоқ. Әлі де естіліп тұр. Төсектен лезде тұрып, төрдегі бөлмеге жүгіре жөнелдім. Мен сол сәтте қолына домбыра ұстаған әкемнің бір күйді құйқылжата орындап жатқандығына куә болдым. Әкемнің туған күн, отбасылық мерекелерде баян ойнайтындығын көріп өскен мен домбыра тілін білетіндігінен бейхабар едім. Табалдырық тұсында аңтарылып тұрған мені көрген ол маған қарай жақындап, қолындағы домбырасын ұсынды. «Бұл сенікі» деген дауысын естір-естіместен, домбыраны қапсыра құшақтап алыппын. Міне, сол уақыттан бастап мен домбырадан айырылған емеспін. Қайда жүрсем де өзіммен бірге алып жүремін.
– Домбырада ойнауды әкеңнен үйренген боларсың?
– Менің әкем музыкамен әуесқой түрде айналысты. Әмбе, күйден бұрын домбырамен дәстүрлі әндерді орындайтын. Ұлттық аспапқа деген құлшынысымның жоғары екендігін аңғарған ол мені жергілікті музыкалық мектепке жетелеп алып барды. Міне, мен күй ойнауды осы бір өнер ордасынан меңгердім. Өнер ордасында қазақ музыкасының ұлттық тілін рухани феномен дәрежесіне көтерген Құрманғазы, Дәулеткерей, Қазанғап, Тәттімбет, Абыл, Сүгір атты күй саңлақтарының шығармаларымен таныс болдым. Құймақұлақтылығымнан ба білмеймін, әйтеуір, күй сабағында ұс таздың музыкалық туындыны бір көрсетіп жібергеннен кейін лезде іліп ала жөнелетінмін. Музыкалық мектепте елу шақты күй үйреніп, облыстық, республикалық байқауларда топ жардым. Атап айтсақ, 2016 жылы Астана қаласында өткен «Нұрлы жастар» республикалық ән-күй фестивалінде бірінші орынды жеңіп алдым. Мен бұл жетістіктермен тоқтаған жоқпын. Қаскелең қалалық ардагерлер хорының дирежеры ұстазым Нұрхан Нұрғалиқызының жетекшілігінде күй әлемінің қыр-сырын жетік меңгеруде барымды салдым. Жетекші күй өнері қазақ халқының тарихының бір бөлшегі екендігін ерекше атап өтетін. Күй өнері мен салт-дәстүрді қоғамдық өмірді реттеп отыратын құнды да қасиетті мұра екендігін әрдайым алға тартатын. Расымен де қазақ халқы күй өнерін ерекше кие тұтып, күйшісін айрықша қастерлейді. Өйткені ел рухының асқақтығын, ойының кемелдігін, пейілінің кеңдігін күй арқылы сезінген. Біздің үйдің төрінде де күй құдіретінің қайнар көзі домбыра ілініп тұрады.
– Сенің сүйікті күйің қайсы?
– Менің алғашқы үйренген күйім — «Ерке сылқым». Сондықтан бұл күйдің мен үшін орыны бөлек. Музыкалық шығарманың желдірме желісі бірде баяулап, бірде төгіліп орындалады. Керімсал күйді толқи тыңдасаң жүрек түкпірінің қылын шертетін құдды көзге көрінбейтін сиқырға толы құпиясы бардай. Жалпы, әр тыңдарман бұл күйден өз қалауын тауып сезінеді. Мен үшін бұл туындыда махаббат оқиғасы қамтылған. Күйдің орындалу барысында екпіндей түсуі домбыраның сағағына бірден бармай, әуелгі әуенге қайта келуі бозбала мен бойжеткен арасындағы пәкізе сезімнің бүршік жарғандығын баян еткендей. Күй болмысының жаңашыл интонацияларға шығып, жоғары сарында төкпелетіп орындалуы буырқанған телегей теңіздің асау да долы толқынындай сезім шарпуын алдыңа әкеледі. Осыдан кейін шығарма желісі бастапқы ноталарға қайта оралады. Бірақ сол бастапқы әуезден әуелдегідей емес, тезірек төменгі пернелерге түсуі қос ғашық арасындағы махабаттың шарықтау шегін айқындайтындай. Үстіңгі пернедегі нотаға бұрынғыдан бөлектеу тоқтауы – кербез қыздың сыңғырлы күлкісі рәуіштес маған. Негізі әр тыңдарман шығармадан өз қалауын тауып сезінеді. Мысалға менің анама «Көңіл толқыны» ұнайды. Жүрек тебірентетін сарындар мен сүйкімді және мәнерлі әуен динамикалық желіске толы музыкамен сомдалып, философиялық терең толғаныспен кескінделеді. Музыкалық композицияның күрделі жүйесі көлеңкелі өмірдің кесапатты көрінісіндей әсер қалдырады. Кейде екеуара отырғанда осы бір туындыны орындап беруімді сұрайды. Жалпы, күйдің жүрек қылын шертіп өтетін тұсы әрбір тыңдарманға әртүрлі естеліктер қалдырады.
– Яғни, әрбір тыңдаушы күй әлеміне өзінше бойлайтын болар?
– Күй өнерінің құдіреттілігі оның терең тарихында. Тыңдаушы тарих қойнауына бір уақ шомып кетіп, күй болмысының бір оқиғаны баяндап тұрғандығын, оқиғаның бастапқы бөлімімен шарықтау шегі арасындағы мелизмнің әрбір сатысын сезіну қажет. Немесе кейбір туынды зұлымдық пен мейірім арасындағы шексіз шайқастың көрінісін көз алдыңа келтіреді. Өнердің неғұрлым көне түрі саналатын күй өнері шығармашылығы әрбір халықтың рухани мәдениеті тарихында оның адамгершілік және эстетикалық тағылымында айтарлықтай орын алады. Өйткені, күй шығармасы поэзия, яки проза болсын, музыканың табиғи тұтастығын бір композицияға жиынтықтай алатын мүмкіндікке ие. Ұлттық музыка өлкесіне қарышты қадам жасағандықтан болар күй шығару өнерін игергенім бар. Тұла бойымнан мұндай қабілеттің пайда болғаны алғашында мені түршіктіріп жіберетін. Тырнақалды туындыма «Тұлпар» деп ат қойдым. Жүрекжарды шығарманың шығу тарихына мына оқиға түрткі болды. Әкем мені аймақта ұйымдастырылған ат жарыстарынан еш қалдырған емес. Көмбеден суырыла шығып, сайысқа түскен аттарды шаң қаптырып кететін қазанаттардың шабысын көргенде делебем қозатын. Сол сәтте менің көңіл пернемде бір тылсым күш оянып, мені домбыраға қарай жетелей түсті. Міне, осы бір тылсым күш бастапқыда жанымды түршіктірді. Өйткені, құдды менің саусақтарымды біреу басқарып отырғандай, домбыра шанағынан күй саулай жөнелетін. Мен тек ағыл-тегіл орындалып жатқан күйді ұмытып қалмас үшін, жадыма сақтай беретінмін. Осылайша, тұлпардың шабысындай ырғақты, ойнақы күй шығардым. Әуезді әуен ырғағында домбыра шанағынан төгілген күй шартарапқа әуелегендей әсер қалдырады маған. Келесі туындым «Сұңқардың самғауы» деп аталады. Анам екеуіміз Алатау бөктерін саяхаттап жүргендегі көрініс тағы бір күйдің өмірге келуіне себепші болды. Аспанда қанатын еркімен жайып, ауаны «сызып» ұшып жүрген алып құс назарыма ілінді. Көкте қанатын жайып, қалықтап жүрген жыртқыш құстың төмендегі жемтігіне қарай құлдырай самғауына анаммен бірге куә болдық. Небары бір-екі секундық көрініс менің жадымда сақталып қалды. Жерге қарай жұлдыздай аққан құстың өзін басқару икемділігінен айырылмай, олжасын іліп әкеткеніне тәнті болдым. Күйдің бастапқы бөлімі баяу басталады. Бұл сәтте құс қанатын керіп, көкте қалықтап, иен даладағы аң-құсты торуылдап жүргендігін аңғаруға болады. Бәсең ырғақты, созыңқы әуен шорт үзіліп, төкпелей жөнеледі. Бұл жыртқыш құстың төмендегі жемтігіне қарай құлдилап төмен сорғалауын паш етеді.
– Қазір ше? Әскерде жүріп «туған жерге деген сағыныш» деген сынды күйлер шығарған боларсың?
– Жоқ, қазіргі уақытта күй шығарып жүргенім жоқ. Күй әлемі күйшіден аса зор тебіреніс пен жалғыздықты талап етеді. Қазіргі кезде әскери бөлімде аталып өтетін мерекелік-іс шараларда домбырамен күй ойнап беріп, өнерімді көрсетудемін. Қазақта «семсер болсаң, сертіңе сай кесе біл» деген жанды сөз бар. Сондықтан сапта жүрген соң антыма адал, сертіме берік болуым шарт. Сол үшін Отан қорғауда тастай берік алынбас қамалға айналу жолында жүрекжұтқан батырлардай шынығудамыз. Дегенмен, қашықта жүрген соң сағыныш сезімі болады, әрине. Алайда, әскери бөлімде әрдайым ата-анамен етене қарым-қатынас жасап, тығыз хабар алмасуға мүмкіндік жасалған. Сондықтан ауыл-аймаққа уайымдап, көңілге кірбің келтірген сауалдар туындаған жағдайда бейнебайланыс арқылы да жүздесудің сәті түсіп отырады. Осы орайда, сарбаздардың ет-жақын, туыс-туғандарымен үнемі байланыста болуына ықпал еткен әскери бөлім командиріне ризашылығымды білдіргім келеді. Жалпы, сағынышымды басатын күн де алыс емес. Бұйырса, Отан алдындағы борышымды абыройлы аяқтап, небары отыз күннен кейін үйіме ораламын.
– Қарулас достарыңыздың арасында өзіңдей өнерлі жандар бар ма?
– Иә. Біздің ротада сарбаздардың біразы жанына спортты серік еткен жігіттер құрайды. Бірақ мерзімді әскери қызметке Алматы қаласынан шақыртылған өнерлі жан бар. Қаруластың жауынгерлік қызметтен тыс уақытта орындаған әні құлақ құрышын қандырып, көңіл пернелерін қозғамай өтпейді. Жалпы, әскери бөлім топ жарған таланттардан кенде емес деп айтуға толықтай ауызым барады. Алайда әрбір дарын иесі Отан алдындағы азаматтық парызын өтеуді жоғары қояды. Өйткені бұл – әрбір жігіттің азаматтық парызы.
– Домбырадан өзге қандай аспаптарда ойнай аласың?
– Мен өнерлілер тоғысқан жанұяда өмірге келдім. Менің анам өлең шығарады. Бүгінге дейін біраз өлеңдері әр түрлі баспаларда жарияланып, бірқатар жыр жинақтары жарық көрген. Ал әпкем болса пианино үйірмесіне қатысады. Зауқы соққанда маған да үйретеді. Жоғары да айтқандай әкем де той-томалақта баянмен ән айтып, кез келген орта көркін қыздыратын. Сондықтан ауық-ауық баянның да кейбір музыка қайырымдарын үйренгенім бар. Дегенмен домбырадан кейінгі сүйікті аспабым ол – гитара.
– Таяу күнде мерзімді әскери қызметіңді аяқтайды екенсің. Алға қойған жоспарыңмен бөліссең.
– Ертеңгі уақытта күйшілік өнерді әрімен қарай дамыту барысында ілкімді істерге көшемін. Өзім шығарған күйлердің авторлық құқығын бекітіп, ұлттық музыка саласының қолданысына енгізгім келеді. Осылайша, қазақ рухының асқақтығын, ойының кемелдігін, пейілінің кеңдігін құлашына сыйдырған күй әлеміне теңізге тамған тамшыдай өз үлесімді қосқым келеді. Ұлт мәдениетінің арғы-бергі тарихын зерттеп, жауһар күйлерімізді бүгінгі жас толқынның кәдесіне жарату және оның әлемдік деңгейде насихаттау мақсатында қарышты қадамдар жасау қажет. Себебі күй өнері көне замандардан бүгінге дейін халқымызбен бірге жасасып келе жатқан ең киелі де қастерлі өнегелі өнер.
– Әңгімеңе көп рахмет!
Сержант Рүстем Мұхамет-Рақым, Өскемен қаласы
Источник: qazaq.asia