310 rob
Фотосурет: primeminister.kz
Елордада Оқу-ағарту министрлігінің кеңейтілген алқа отырысы өтті, деп хабарлайды DKNews.kz.
Ғани Бейсембаев биыл білім беру ұйымдарында қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, тәрбиешілердің мәртебесін арттыруға, апатты және үшауысымды мектептерді жоюға ерекше назар аударылатынын, орта білім беру стандарты мен үлгілік оқу бағдарламаларын өзгерту, ағылшын тілін оқыту сағаттарын ұлғайту бойынша жұмыстар жалғасатынын атап өтті. Еліміздің барлық өңірінде 1-4 сынып оқушылары тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі. Министр колледж студенттері үшін де жақсы жаңалықпен бөлісті. Басқа өңірден келген студенттерге жолақысы растайтын құжаттарсыз төленетін болды. Былтыр мұғалімдердің жалақысы тағы 25 пайызға өсті. Сондай-ақ мұғалімдердің 63%-ы аттестация қорытындысы бойынша қосымша ақы алады. Министрлік 2022 жылы дарынды балаларды дамыту мен қолдауға ерекше көңіл бөлді. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша халықаралық олимпиада жеңімпаздары тарихта алғаш рет ақшалай сыйлықтарға ие болды.
Ғани Бейсембаев еліміздің аймақтарындағы бала құқықтары жөніндегі уәкілдермен кездесті. Кездесуде буллингпен күрес, білім беру мекемелерін бейнебақылау камералары және дабыл белгілерімен қамту, ерекше білім беру қажеттілігі бар балалардың техникалық және кәсіптік білім алуына жағдай жасау, ПМПК ашу, тәрбие жұмысында ұлттық құндылықтарды қалыптастыруға басымдық беру және тағы басқа ұсыныстар көтерілді. Сондай-ақ балалардың қауіпсіздігіне жауапты өзге де ведомстволармен ынтымақтастық орнатып, тығыз байланыста болу үшін ортақ алаң құру бастамасы көтерілді. Оқу-ағарту министрі балалардың мүддесін қорғау жұмысына қоғам болып жұмылып, бірлесе жұмыс істеуге шақырды.
Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Айдарбек Сапаровпен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясындағы мектептердің құрылысы мәселесі талқыланды. Жобада облыс орталығы Петропавлда 4 жаңа мектеп салу көзделген. Екі мектептің құрылысы биыл, тағы екеуі келесі жылы басталады. Оқу-ағарту министрі құрылыстың уақытылы басталып, дер кезінде аяқталуына баса назар аударуды тапсырды.
Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев өңірлердің білім басқармалары басшыларымен кеңес өткізді. Жиын барысында мемлекеттік аттестаттау, білім беру объектілерін лицензиялау, педагогтерді жұмысқа қабылдау ережелері және тағы басқа мәселелер талқыланды. Сондай-ақ, кеңеске қатысушылар емтихандар, олимпиадалар, ҰБТ тапсыру кезінде академиялық адалдықты арттыру мәселелерін талқылады. Кеңес қорытындысы бойынша Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев білім басқармаларының басшыларына бірқатар тапсырмалар берді. Атап айтқанда, жұртшылық пен педагогтер арасында түсіндіру жұмыстарын күшейтуге, педагогтер мен тәрбиешілердің мәртебесін арттыруға, оқушылардың сапалы білім алуына қолайлы және қауіпсіз жағдай жасауға қатысты болды.
Источник: qazaq.asia