273 Awrora
ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға арналған жиын ұйымдастырылып, оның барысында тиісті заңға енгізілген өзгерістер мен заңға қайшы әрекеттердің жолын кесудің тетіктері айтылды, деп хабарлайды DKNews.kz.
ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Превенция қызметінің аса маңызды істер жөніндегі офицері Жазира Жылқышиеваның айтуынша, 3-ші қаңтарда Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және мемлекеттік қорғауға жататын адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойған болатын.
«2016 жылдан бастап күшіне енген «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заң осы бағыттағы құқықтық іс-қимылды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін негіз құжат саналады. Былтыр 2 ақпанда қабылданған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасы еліміздегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағытталған басты стратегиялық құжат екенін атап өткім келеді. Оны дайындауға барлық министрліктің өкілдері қатысып, осы тұжырымдаманың аясында тиісті жұмыстарды іске асыруға байланысты іс-қимыл жоспары қабылданды. Ол 61 тармақтан тұрады. Осы іс-қимыл жоспарының алғашқы 15 тармағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға бағытталғанын атап өткім келеді» Жазира Жылқышиева
Осылайша 2016 жылдан бастап алдын алу сипатындағы жұмыстарға көбірек көңіл бөліне бастапты. Сондай-ақ сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талдау мониторингі, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, НҚА-гі жобаларға сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптама жүргізу сынды тетіктер енгізілгені мәлім болды.
Аталған іс-шараға ИИДМ-не қарасты барлық комитет пен департаменттердің, сондай-ақ ведомствоға бағынышты квазимемлекеттік ұйымдардың өкілдері қатысты. Қатысушылардың ыңғайлығы үшін Zoom форматы арқылы жиын бейнебайланыс режімінде де ұйымдастырылғанын айта кетейік.
Источник: qazaq.asia