ҚР ИИДМ-де психологиялық тренинг өткізілді

ҚР ИИДМ-де психологиялық тренинг өткізілді

144 rob

«Эмоционалды интеллект». Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінде дәл осындай атаумен психологиялық тренинг ұйымдастырылып, онда мемлекеттік қызметшілердің коммуникативтік дағдыларын жетілдіру жолдары мен жұмыс өнімділігін арттырудың тетіктері пысықталды, деп хабарлайды DKNews.kz.

Аталған іс-шараны жүргізуге шақырылған психолог, доцент, психотерапия саласының маманы Қайрат Нұрмағанбетовтың айтуынша, коммуникативті қарым-қатынасты жолға қоймай кез келген адаммен ортақ тіл табысу қиынға соғады. Ал оның салдары жеке өмір мен қызметтен көрініс тауып, бұл тұтастай адамның дамуына кері әсерін тигізеді.

«Эмоционалды интеллект – адам психологиясындағы барлық қарым-қатынас түрінің негізі, оны дамытудың алғышарты саналады. Мысалы, белгілі бір зиянды заттарға тәуелді адамдарды алып қарайық. Олар жаман әдеттен тыйылғысы келгенімен, кейде айтарлықтай нәтижеге қол жеткізуі қиындай түседі. Неге десеңіз, адам біріншіден өз-өзімен дұрыс байланыс жасап, өзін жетік тани білу тиіс. Егер де кез келген жан эмоционалды интеллектінің базалық қасиеттерін меңгере алса, онда өзінің бойындағы коммуникативті дағдыларды дамытып, айналадағы адамдармен тіл табысуы жеңілдей түседі. Жасыратыны жоқ, қазір ата-аналар жас ұрпақты білімді әрі озық ойлы етіп тәрбиелеу үшін олардың ақыл-ойының дамуына, яғни IQ-ға басымдық беріп келеді. Ал эмоционалды интеллект мәселесі кейінге қалдырылып, дұрыс мән берілмей жатады. Алайда озық ойлы жастың барлығы бірдей табысты бола бермейді. Неліктен? Себебі эмоционалды дамуына лайықты көңіл бөлінбеген. Бұл ересек азаматтарға да қатысты» Қайрат Нұрмағанбетов

Психологиялық тренингке ИИДМ-нің қызметкерлерінен бөлек Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, сондай-ақ Әділет министрлігі мен ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің өкілдері де қатысты. Тренинг барысында қатысушылар тақырыпқа орай өз ойларымен бөлісіп, пікір алмасты.

Источник: qazaq.asia

Яндекс.Метрика