159 Арман
Елордада Қазақстан Республикасы Президентінің атынан балаларға арналған «Жаңа жыл республика төрінде» республикалық шырша тойы өтті. Оған еліміздің барлық өңірлерінен 100-ден астам бала қатысты, деп хабарлайды DKNews.kz.
Шырша салтанатына қатысушылардың ішінде он жасар Малика Мұхамеджанова да бар. Солтүстік Қазақстан облысы Аққайын ауданы Смирново ауылындағы №2 мектеп-гимназиясының оқушысы бұл шара үшін арнайы өз қолымен 100 тірі раушан гүлінен сәнді көйлек тігіпті.
«Бүгін бәрі ертегідей. Мені бұл көрініс аса таң қалдырды. Барлығы сондай сәнді, мен де бүгінгі салтанатқа орай өзіме әдемі көйлек тіктім. Мереке үшін рахмет!» Малика Мұхамеджанова
Отбасы үлгісіндегі балаларды қолдау орталығының тәриеленушісі, Маңғыстау облысынан келген Виктор Бояркин Президенттен шақырту алғаны үшін алғысын білдірді. Үшінші сынып оқушысы каратэмен айналысады және домбырада ойнайды.
«Шырша тойына қатысқаным үшін аса қуаныштымын. Оның үстіне бізге көптеген сыйлықтар берілді. Осындай шексіз қуаныш сыйлаған Президентке және барша қатысушыларға рахмет айтамын» Виктор Бояркин
Шыршаға шақырылған балаларға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан Құттықтау хат табыс етілді.
«Айналайын балақай! Сені Жаңа жыл мерекесімен құттықтаймын! Осы тамаша мейрам өзіңді қуаныш пен шаттыққа бөлесін! Өмірің жарқын сәттерге толы болсын! Кітап оқы, спортпен шұғылдан, табиғатты аяла және жақсылық жасауға ұмтыл! Білімпаз, еңбекқор, адал азамат бол! Асқақ армандарың ақиқатқа айналсын! Саған зор денсаулық, толағай табыс тілеймін!» Қасым-Жомарт Тоқаев
Балалармен бірге шырша шамын еліміздің бас педагогі Ғани Бейсембаев жақты.
Академик Е. А. Бөкетов атындағы СҚО мектеп-гимназиясының 6-сынып оқушысы Сания Ақпанова «Самұрық отты құсының»бірегей костюмін жасап, өзінің таланты мен шығармашылығын көрсетті. Бұл жоба басшы Ақерке Қазбекқызы Балымованың белсенді қолдауымен жүзеге асырылды және қазақ мәдениетінің өнері мен символикасын біріктірудің тамаша үлгісі болып табылады.
«Бүгін өздеріңіз сынды 6 миллионнан астам бала Жаңа жыл мерекесін тойлауда және республикамыздың 20 өңірінен жүздеген бала осы Президент шыршасына қатысып, үлкен мерекелі тойды бірге өткізудеміз. Жалпы сіздер осы үш күн бойы әсем қаламыз Астананың ең көрікті жерлерін араладыңыздар. Оның ішінде тәуелсіздік символына айналған Бәйтерекке де бардыңыздар. Мемлекет сіздердің бақытты балалық шақтарыңыз үшін барлық мүмкіндіктерді жасауда. Ендігі жерде, құрметті жас достар, сіздер де сабақтарыңызды беске оқып, саналы тәрбие алып, осы елдің беделді, мықты азаматы болып өсулеріңізге барлық мақсат-мұраттарыңызды арнауға тиіссіздер» Ғани Бейсембаев
Балалар үшін елорданың үздік шығармашылық ұжымдарының 400 әртісі мерекелік көңіл-күй сыйлады, «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының солистері «Күлбикеш» спектаклінің қойылымын тарту етті. Балалар қазақстандық атақты әртістер Маржан Арапбаева, Қарақат Әбілдина, Ержан Максиммен шыршаны айналып ән айтып, би биледі.
Шара соңында барлық қонақтарға Қазақстан Республикасы Президентінің атынан жаңа жылдық сыйлықтар табыс етілді.
Источник: qazaq.asia