Фото: inform.kz
Петропавлда сауықтыру кешеніндегі өртті екі рет сөндіруге тура келді. Өткен түнде басталған өрт толық сөнбей қалып, екінші күні таңертең мамандар тағы да сол нысанда жұмыс істеді. Қаза тапқандар, зардап шеккендер жоқ, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Петропавл, NEGE. Солтүстік Қазақстан облысы төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Петропавлдағы «Парковая» сауықтыру кешенінде өрт шыққандығы туралы хабар 14 қаңтарда сағат 23:45-те түскен. Өрт сөндірушілер жеткенде нысан отқа оранған. Мамандар жалынмен үш жақтан күресіп, сағат 2:00 шамасында сөндірді. Оқиға орнында 41 адам, 11 техника жұмыс істеді.
«Өрттің салдарынан от жағу бөлмесі, демалыс бөлмесі, кір жуатын бөлме жанып кетті және кешеннің шатыры толықтай зақымданды. Өрт жалмаған аумақ – 160 шаршы метр. Қаза тапқандар мен зардап шеккендер болған жоқ», — делінген хабарламада.
Алайда, 15 қаңтар күні таңертең қайтадан өрт шыққан. Белгілі болғанындай, өрт түнде толық сөндірілмей, қуыста бықсып қалып қойған.
«Қайта өрт шықпауы үшін оқиға орнында барлаушылар қалдырылды. Олар таңертең жылу ұстағыш материалдардың бықсып жатқанын байқап қалған. Күрделі құрылыстан ол жерге мамандар түнде жете алмаған. Сағат 11:00 шамасында жағдай тұрақтанды. Кешенде өрт сөндірушілер әлі де жұмыс істеп, бақылауда ұстап отыр», — дейді баспасөз қызметінің мамандары.
Алдын ала болжам бойынша, пешті қолдану барысында өрт қауіпсіздігі ережелері сақталмаған.
Источник: qazaq.asia