Отанды қорғау білекпен емес, жүрекпен

Отанды қорғау білекпен емес, жүрекпен

187 rob

XXI ғасырда әлемдік өркениет пен мәдени байланыстар дамыған, қоғамдық- құқықтар қалыптасып, білім мен ғылыми — техникалық прогресс орнап шарықтау кезеңінде, жер — жаһанның әр жерінен тыныштық кетіп, атылған оқ пен жарылған снарядтың дауысын есту, қираған ауыл мен қаланы көру, перзентінен айрылған ата — ананы, аяулы жарын жоғалтып жесір қалған әйелді, қорғансыз жетім қалған баланы, қайтарымы жоқ қатыгез соғысты көру қандай қиын.

Тұтанған соғысты тоқтатуға әлемдік беделді құқықтық ұйымдардың өзі қауқарсыз болып отыр. Шиеленісіп шешімін таппаған мәселелер артып, елдер арасында араздық пен қырғи қабақтықтың ызғары сезіледі. Мұндай кезеңде әрбір елдің тұтастығы мен егемендігіне үлкен қауіп төніп тұр. Қауіп — қатерге қарсы тұру үшін мемлекеттің экономикасы мықты, әскері қауқарлы, техникасы қуатты, ал халқы ауызбіршілікте болуы қажет. Соңғы жылдарда орын алып жатқан коронавирус індеті мен Ресей мен Украина арасындағы соғыстың әсері ел экономикасы мен халықымыздың тұрмыс — тіршілігіне ауыр зардабын тигізіп, алдағы уақытта болуы мүмкін тәуекелдер мен ауыртпалықтар ойландырып отырғаны анық. Мемлекет басшысының бұйрығымен уақытында шаралар қабылданып, ел экономикасы мен әскерін қайта жандандыру жұмыстары жүргізіліп жатқаны орынды. Және оған еліміздің әр азаматы жәрдемдесіп, өз ісімен үлес қосуы міндет. Әр саланың мамандары өзіне жүктелген міндетті үздік орындап, әрбір азамат Отан алдындағы парызын мүлтіксіз атқара білсе кез — келген қиындықты еңсеріп, жеңіп шығарымыз анық.

Ел тұтастығы мен егемендігіне қауіп — қатер сезіліп, ішкі тұрақтылығымызды нығайту қажет болған маңызды уақытта, жауапты сәтте Отан алдындағы борышын өтеуге, мерзімді әскери қызметке шақырылдым. Әскер қатарына еліміздің Оңтүстігі киелі Түркістаннан қарт Каспийдің жағасындағы Ақтау қаласында орналасқан еліміздің беделді органы ҚР ІІМ-нің құрамындағы Ұлттық ұланның «Батыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 6656 әскери бөліміне келдім. Облыстың әр өңірінен жиналып, бұл әскери бөлімге келгенше әскери өмір мен әскери қызметтің маңызын толықтай түсінбеген болатынбыз.

Еліміздің басқа өңіріне келіп, өзгеше ауа ‒ райын, теңіздің иісін сездік. Бір жыл қызмет ететін жердің алғаш топырағын поездан түсе сала басқан сәттегі, әскери бөлімге келіп қақпасы айқара ашылып жатқан кездегі ерекше сезімдер мен жүрек толқыныстары күнделікті өмірдегіден өзгеше болады.

Әскери бөлім аумағына кірген сәтте әскери оркестрдің сырнай — керней, барабандармен қарсы алып, үлкен құрмет көрсете ешкім күтпеген салтанатты әуенді ойнауы сол сәтте — ақ алыстан келген жас жігіттердің бойын шымырлатып, еңсесін көтере саптық ырғаққа салған болатын.

Алғаш әскери киім киіп, белді буып, тік тұрып Отанға жауынгер ұлының әскери сәлем бергендегі абыройлы асқақ сезімін сезіну бақыты бұйырды. Мұндағы жауынгерлердің әр істеген ісі тек Отанға бағышталған. Бұл жерде Отанға қалай қызмет етудің үлгісін көруге болады. Әскердегі тазалық пен мүлікке деген жауапкершілік –табиғаты мен кең даласын ластамауға, елдің бар байлығын ұқыпты сақтап, қорғап ұстауға үйретеді.

Әскердегі бұйрықтың нақты және уақытылы орындалуы – елге қызмет етіп жүрген әрбір сала маманының өз ісіне деген жауапкершілігі мен өзіне жүктелген міндетті абыройлы орындалуын меңзейді. Әскери күзет – еліңнің тыныштығы мен бейбіт өмірін қас қақпай, көз ілмей қорғауды, отбасыңның әрбір мүшесінен бастап ұлы Отанымыздың әр азаматының құқығын, өмірін қорғауды меңзейді. Әскери сап – батыр бабалардың, жауынгер ұрпағының жорықтық салтанатын, Отан қорғап қаза болған қаһармандарға деген құрметін білдіреді. Әскерде жүріп ішкен су мен жеген астың да қасиет-киесі бар. Әрбір жауынгердің бір ырғақпен жұтқан ауасының өзі Отан үшін. Мұнда сарбаздардың саптық шерумен жүргендегі аяқтың гүрсілі жүрек соғысының дүрсілімен бірдей. Саптық жүріспен айтылған ән мен соғылған барабанның үні соғыстағы атылған оқ пен жарылған снарядтың үнінен басым шығады. Бұл жердегі әскери өмірдің мәні ‒ соғыстың үнін өшіріп, бейбіт күннің әуезді әнін әр уақытта шарықтатып шырқау үшін.

Әскери бөлімнің еңселі офицерлері мен сержанттарын алғаш көргенде, олардың нық мірдің оғындай бұйрықтарын естігенде ‒ міне нағыз әскери адамдар қарсы алдымызда тұр дестік. Олардың сұсты жүзі мен қатты жаңғыра шыққан даусынан жау сескеніп, тау теңселердей болды. Алайда сол қатаңдықтың астында жасырына бір жайдарлылық, тыныштық пен еркіндіктің ашық шырайлы жас сәбидің риясыз күлкісіндей қуанышы жатқанын сезуге болады. Олар «Отан — Ана, оны қорғау әрбіріміздің парызымыз» ‒ дегеннің айқын үлгісі. Ол жандар өз балаларынан гөрі бізге, жас сарбаздарға, көп көңіл бөліп, жанымызда ұзағырақ уақыт өткізіп жүр. Олар өзінің емес өзгенің баласының тәрбиесімен айналысып, Отан қорғайтын жауынгер дайындап жүрген абырой мен зор құрметке лайық жандар.

Мерзімді әскери қызметте жүрген әр сарбаздың ойында ел тыныштығына деген іңкәрлік, ата-ана, ағайын-туыс, аға-бауыр, іні-қарындасқа, дос-құрбыға, сүйген жар мен болашақ ұрпағының амандығына деген шексіз-шетсіз махаббат бар. Отанға берген адал анты бар. Бұл жерде әрбір ананың Отан анаға берген ұландары ел үмітін ақтап, мемлекеттің асқақ рухы мен көк туын биікке көтеруді ғана ойлайды. Отанға қызмет ету білімнен емес, мінезден болса, ‒ Отанды қорғау білекпен емес жүрекпен! Әскер қатарындағы әр жауынгердің бойында өршіл рух пен ыстық қайратты жүрек бар. Қайтпас қайсар мінез бен жеңіске деген ұмтылыс бар. Зұлматқа толы мына дүрбелең заманда ˗ «Тыныштығыңды күзететін ұландарың бар — Отан Ана, өмірдегі ең абыройлы іс саған жасалған қызмет қана» ‒ бұл жауынгер ұлдарыңның әрқайсысының жүрегінен шығатын сөз. Оған менің жауынгер жолдастарымның әскери өмір мен Отан қорғауға деген құлшынысы айқын дәлел. Оған қаралы қаңтарда жас өмірін Отан тыныштығы үшін құрбан еткен Ұлттық ұлан жауынгерлерінің ерлігі дәлел. Мұның бәрі енді ғана әскер қатарына келіп, қызмет атқаруға кіріскен бүгінгі әр сарбаздың көзбен көріп, жүрекпен сезінген алғашқы әсері ғана. Алда абыройлы міндет, ұзақ қызмет бар. Сол қызмет пен парызға әр жауынгер жолдастың адал болғанын тілеймін.

Қатардағы Нұрлан Өмірзақов, 6656 әскери бөлімі

Источник: qazaq.asia

Яндекс.Метрика