Орталық сайлау комиссиясының кезекті отырысы өтті

Орталық сайлау комиссиясының кезекті отырысы өтті

189 rob

27 қаңтарда Нұрлан Әбдіровтің төрағалығымен Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарын сайлау жөніндегі науқан шеңберінде Орталық сайлау комиссиясының кезекті отырысы өтті, деп хабарлайды ҚР ОСК баспасөз қызметі.

Мынадай мәселелер қарастырылды:

  • 2023 жылғы 19 наурызға тағайындалған, партиялық тізімдер бойынша сайланатын Қазақстан Республикасы мәслихаттары депутаттарының кезектен тыс сайлауына қатысуға «Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясы», «Respublica» партиясы» қоғамдық бірлестіктерін жіберу туралы;
  • 2023 жылғы 19 наурызға тағайындалған Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісі мен мәслихаттары депутаттарының кезектен тыс сайлауында мүгедектігі бар азаматтардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету туралы;
  • 2023 жылғы 19 наурызға тағайындалған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен мәслихаттары депутаттарының сайлауына саяси партиялар мен кандидаттардың қатысуын қаржылық қамтамасыз ету туралы.

Отырысқа облыстардың, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының аумақтық сайлау комиссияларының төрағалары және әкімдердің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасарлары, әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту басқармаларының басшылары (бейнеконференция режимінде) қатысты, сондай-ақ отырысқа Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің орынбасары, Орталық сайлау комиссиясының жанындағы мүгедектігі бар адамдардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету жөніндегі жұмыс тобының мүшелері, мүгедектігі бар адамдардың сайлау құқықтарын қорғау жөніндегі қоғамдық бірлестіктердің өкілдері шақырылды.

Сондай-ақ отырысқа саяси партиялардың, бұқаралық ақпарат құралдарының және Қазақстан Халық Жинақ банкінің өкілдері қатысты.

Отырысты аша отырып, Нұрлан Әбдіров 21 қаңтарда өткен Ортсайлаукомның екінші отырысында «Байтақ» және «Respublica» саяси партияларының ұсыну кезеңінде өңірлерде өз филиалдары мен өкілдіктері ашылған және тіркелген жағдайда мәслихат депутаттарын сайлауға қатысуға мүмкіндігі бар екендігі айтылғандығы туралы атап өтті.

Әділет министрлігі ұсынған тиісті саяси партиялардың филиалдары мен өкілдіктерін есептік тіркеуге қатысты ресми ақпаратқа сәйкес, «Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясы», қоғамдық бірлестігінің 15 филиалы және «Respublica» партиясы» қоғамдық бірлестігінің 19 филиалы мен өкілдігі тіркелген.

«2023 жылғы 19 наурызға тағайындалған, партиялық тізімдер бойынша сайланатын Қазақстан Республикасы мәслихаттары депутаттарының кезектен тыс сайлауына қатысуға «Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясы», «Respublica» партиясы» қоғамдық бірлестіктерін жіберу туралы» бірінші мәселе бойынша Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Шавқат Өтемісов баяндады. Ол «Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясы» 2023 жылғы 21 қаңтардағы қаулымен үш облыста мәслихатттар депутаттарын сайлауға жіберілгенін, қазіргі уақытта партияның бірқатар басқа облыстар мен Алматы, Шымкент және Астана қалаларында (Ақтөбе, Алматы, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қостанай, Маңғыстау, Павлодар, Түркістан, Шығыс Қазақстан облыстарында, Алматы, Шымкент және Астана қалаларында) филиалдары құрылғанын хабарлады.

«Respublica» партиясы қазіргі уақытта олардың филиалдары құрылған 19 облыста мәслихаттар депутаттарын сайлауға жіберілді, (Абай, Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Батыс Қазақстан, Жамбыл облыстары, Жетісу, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Ұлытау, Шығыс-Қазақстан облыстары, Алматы, Шымкент және Астана қалалары).

Нұрлан Әбдіров «Байтақ» және «Respublica» саяси партияларының назарын ұсыну кезеңінде басқа өңірлерде өз филиалдары мен өкілдіктерін ашқан және тіркеген жағдайда, тиісті өңірлерде мәслихат депутаттарын сайлауға қатысуға рұқсат беру туралы мәселе қосымша қаралатынына аударды.

Отырыстың екінші мәселесіне тоқтала отырып, Нұрлан Әбдіров азаматтардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету сайлау науқандарын ұйымдастыру мен өткізу кезіндегі Орталық сайлау комиссиясы қызметінің негізгі басымдықтарының бірі болып табылатынын атап өтті. ОСК жанында тұрақты жұмыс жасайтын мүгедектігі бар адамдардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету жөніндегі жұмыс тобының мүшелері сайлауда мүгедектігі бар азаматтардың қажеттіліктерін ескере отырып, сайлау органдары дайындайтын ақпараттық-анықтамалық материалдарды, сайлау құжаттарын әзірлеуге және талқылауға белсенді қатысады.

Конституциялық заңға Парламент Мәжілісіне сайлау кезінде саяси партиялардың тізімдеріндегі әйелдер мен жастарға үшінші санат өкілдері мүгедектігі бар адамдар үшін квота белгілеу туралы норма қосылды. Бұл талап соңғы заңнамадағы өзгерістерді ескере отырып, ағымдағы науқанда бірінші рет қолданылады.

Яғни, партиялық тізімдегі әйелдер, жастар, мүгедектігі бар адамдар саны жиынтығы бойынша кемінде 30 пайызын құрауы тиіс.

Сонымен бірге, бұл норма депутаттық мандаттарды бөлу кезінде де қолданылады: үш санат өкілдерінің – әйелдердің, жастардың, мүгедектігі бар адамдардың саны жиынтығы сайлау қорытындылары бойынша партия алған депутаттық мандаттардың жалпы санының кемінде 30 пайызын құрауға тиіс.

Ортсайлауком отырысында жергілікті атқарушы органдарға сайлау учаскелерінде мүгедектігі бар адамдарға жағдайлар жасау жөнінде қажетті шаралар қабылдау, сайлау комиссияларына мүгедектігі бар сайлаушылардың дауыс беруі үшін жағдайларды қамтамасыз ету жөніндегі жұмысқа жәрдемдесу, мүгедектігі бар адамдардың қоғамдық бірлестіктері өкілдерінің қатысуымен мүгедектігі бар адамдардың дауыс беруі үшін учаскелердің қолжетімділігіне тексеру жүргізу, сондай-ақ мүгедектігі бар сайлаушылардың дауыс беруі үшін учаскелерде ерекше жағдайларды қамтамасыз етудің қосымша шараларын ұсынды.

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп дауыс беру кезінде ерекше жағдайлар қажет болатын мүгедектігі бар сайлаушылар туралы мәліметтерді өзектендіру; Қолжетімділіктің интерактивті картасында сайлау учаскелері туралы мәліметтерді жаңарту ұсынылды.

Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың, аудандардың, қалалардың аумақтық сайлау комиссияларына мүгедектігі бар адамдардың дауыс беруі үшін жағдайларды қамтамасыз ету жөнінде қажетті шаралар қабылдау тапсырылды.

Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісі мен мәслихаттары депутаттарының кезектен тыс сайлауында мүгедектігі бар азаматтардың сайлау құқықтарын қамтамасыз етудің кейбір мәселелері туралы Ортсайлауком мүшесі Анастасия Щегорцова баяндама жасады.

Ол Орталық сайлау комиссиясы мүгедектігі бар азаматтардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету жөніндегі шаралар кешенін іске асырып жатқанын хабарлады.

Мәселен, 2021 жылдан бастап Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы отырыстарының трансляциясы, сондай-ақ біздің барлық ақпараттық бейне материалдарымыз сурдоаудармамен қамтамасыз етіледі.

2022 жылғы президенттік сайлауда алғаш рет Брайль қарпін пайдалана отырып, трафарет жасалды.

Жергілікті атқарушы органдар мүгедектігі бар сайлаушылардың дауыс беруіне жағдайлар жасау жөніндегі жұмыс шеңберінде сурдоаудармашыларды, оның ішінде онлайн — режимде тартады, дауыс беру күні инватакси қызметтерін және жеке көмекшілердің қызметтерін қамтамасыз етеді.

Сондай-ақ ОСК жергілікті атқарушы органдарға мүгедектігі бар адамдардың қоғамдық бірлестіктерінің өкілдерін сайлау инфрақұрылымының қолжетімділігін тексеруге белсенді тартуды ұсынады.

2023 жылғы 19 наурызға тағайындалған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен мәслихаттары депутаттарын сайлауға саяси партиялар мен кандидаттардың қатысуын қаржылық қамтамасыз етудің қорытынды мәселесі бойынша Ортсайлауком мүшесі Сәбила Мұстафина баяндады.

Сәбила Мұстафина отырысқа қатысушыларға бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша сайланатын ҚР Мәжілісі мен мәслихаттарының депутаттығына кандидаттарға, сондай-ақ партиялық тізімге енгізілген әрбір адам үшін саяси партияларға кандидаттар тіркелгенге дейін және олардың заңнама талаптарына сәйкестігін тексергеннен кейін сайлау жарнасының қанша сомасын енгізу қажеттігін түсіндірді. Заңнамаға сәйкес ағымдағы науқанда Парламент Мәжілісі депутаттығына барлық кандидаттар үшін сайлау жарнасының сомасы – 15 ЕТЖ (1 млн. 50 мың. мәслихат депутаттығына кандидаттар үшін – 5 ЕТЖ (350 мың теңге).

Егер сайлау қорытындылары бойынша кандидат мәслихат депутаты болып сайланған немесе дауыс беру қорытындылары бойынша кандидат немесе саяси партия сайлаушылардың кемінде 5 пайызын жинаған жағдайларда, сондай-ақ кандидат немесе партиялық тізімге енгізілген жалғыз кандидат қайтыс болған жағдайда енгізілген жарна кандидатқа немесе саяси партияға қайтарылады. Барлық басқа жағдайларда енгізілген жарна қайтаруға жатпайды және республикалық бюджеттің кірісіне есептеледі.

Сондай-ақ ОСК мүшесі өз баяндамасында кандидаттар мен саяси партиялардың сайлау қорларының шекті мөлшері мен көздерін айтты.

Осылайша, ол сайлау қорлары кандидаттардың жеке қаражатынан, саяси партиялардың қаражатынан және республика азаматтары мен ұйымдарының ерікті қайырмалдықтарынан құрылатынын хабарлады.

Бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша сайланатын Парламент Мәжілісі депутаттығына кандидаттың сайлау қорының мөлшері 700 ЕТЖ (49 млн.теңге) аспауға тиіс.

Парламент Мәжілісінің депутаттығына кандидаттардың партиялық тізімін ұсынған саяси партияның сайлау қорының мөлшері 15 000 ЕТЖ (1 млрд 50 млн теңге), облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың мәслихаттарының депутаттығына — 3000 ЕТЖ (210 млн теңге) аспауға тиіс.

Бірмандаттық округтер бойынша сайланатын облыстар, республикалық маңызы бар қалалар және астана мәслихаттарының депутаттығына кандидаттың сайлау қоры 300 ЕТЖ (21 млн теңге), аудандар мен қалалар мәслихаттарының депутаттығына — 150 ЕТЖ (10,5 млн теңге) аспауға тиіс.

Заңнаманың жаңалықтарына сәйкес әрбір жеке және заңды тұлғадан ерікті қайырымдылықтардың тиісті шекті мөлшері белгіленгенін атап өткен жөн.

Источник: qazaq.asia

Яндекс.Метрика