206 rob
Фотосурет: ҚР ҰҰ баспасөз қызметі
Ағымдағы жылдың 28 қарашасында Орал қасында орналасқан Ұлттық ұланның 5517 әскери бөліміне қаладағы барлық білім беру мекемелерінен, Сырым ауданынан және Облыстық есту қабілеті бұзылған балаларға арналған арнайы мектеп-интернатынан жалпы саны 550-ден астам оқушылар мен студенттер келіп, әскерилердің бір күндік өмірімен танысты.
Әскери бөлім аумағында ұйымдастырылған шара аясында қонақтар әскери өмірді көріп, әскери киім үлгілерімен, әскери техника және қару жарақ түрлерімен танысты.
Әскери бөлімге келген қонақтарды тәрбие бөлімшесінің бастығы майор Нұртілек Ғалымжанов қарсы алып, Ұлттық ұлан әскери қызметшілерінің атқаратын негізгі міндеттерін, жауынгерлік тапсырмаларын жеткізді. Сондай-ақ, әскери бөлім жеке құрамы атқаратын жауынгерлік қызметтердің ерекшеліктері туралы айтып оның құрылу тарихына тоқталды.
Келген қонақтарға әскери бөлімнің жеке құрамы арнайы дайындаған көрме нысандарын ұсынды.Саптық алаңда оқушылар мен студенттерге арнап қару-жарақ пен әскери техника үлгілерінің көрмесі өткізілді. Әскери қызметшілер қонақтарға заманауи атыс қаруының мүмкіндіктері, әскери техникалар мен қорғаныс құралдарының техникалық сипаттамалары туралы айтып берді. Әскери бөлімге келген оқушылар мен студенттер әскери бөлім аумағына экскурсия жасап, спорт қалашығы, асхана және сарбаздардың тұратын казармаларымен танысты. Сонымен қатар саптық алағда сарбаздар келген қонақтарға саптық дайындықтың қарумен және қарусыз орындалу тәртібін, ұрыс кезінде қолданбалы тактикалық тәсілдерін, бұзақыларды ұстау, қоян-қолтық ұрыс, іздеуде жүрген қылмыскерлерді қызметтік иттің көмегімен құрықтау секілді қойылымдар көрсетті.
Әскери бөлімге келген қонақтар әр-бір қойылым барысында саптық алаңда әскери іс-қимылдарды орындап жатқан жауынгерлерге қол соғып қошеметтеп, өздерінің ризашылықтарын білдірді.
— Бүгін әскери бөлім аумағында жастар арасында әскери қызметке деген идеологиялық жұмысты жандандыру мен патриотизмге тәрбиелеу мақсатында Орал қаласының жоғарғы сынып оқушылары мен студенттеріне арналған «Ашық есік» күнін өткізіп отырмыз. Мұндағы мақсат жастарды әскери өмірдің қыр-сырымен таныстырып, Отанды сүю, оны қорғауға деген құлшыныстарын арттыру деді, – 5517 әскери бөлімінің тәрбие бөлімшесінің аға офицері майор Алмагүл Жұмабекова.
Қонақтар бөлімнің аумағымен танысып болғаннан кейін, әскери бөлімнің клубында әскери жоғарғы оқу орындарға тарту мақсатында Ұлттық ұланның академиясы туралы бейнероликтер көрсетіліп, тәрбие бөлімшесінің офицерлері әскери оқу орны туралы тереңірек түсіндіріп үгіт насихат жұмысын өткізді. Сонымен қатар, бөлімнің әскери қызметшілер әскери оқу орындарына түсуге қызығушылық танытқан оқушылар мен студенттердің сұрақтарына жауап берді. Осы тұста айта кетейік, іс-шара соңында 15 жоғарғы сынып оқушысы әскери оқу орнына түсуге ниет білдіріп оқуға түсу үшін қажетті құжаттар тізімін сұратты.
Солардың бірі Круглоозерный жалпы білім беру мектебінің 11-сынып оқушысы Досжан Жауынбаев.
— Бүгін өңірімізде орналасқан Ұлттық ұланның 5517 әскери бөліміне келіп бөлімнің, сарбаздардың өмірімен таныстық. Бұл менің әскери бөлімге алғаш келуім. Осы уақытқа дейін әскер туралы теледидардан көріп, естіп жүрміз. Алайда соның барлығын өз көзіңмен көріп, жауынгерлік қаруларды қолыңмен ұстап көрген мүлдем басқаша сезім екен. Сонымен қатар, әскерилер бүгін бізге түрлі қойылымдар көрсетті. Солардың ішінде өзіме ерекше ұнағаны қызметтік иттің пәрмендерді бұлжытпай орындағаны мені қатты таңғалдырды. Жалпы бүгінгі күннен алған әсерім ерекше, әскерилердің бір күндік өмірімен таныстым. Мұндағы тәртіп, тазалық барлығы маған қатты ұнады. Болашақта өзімнің өмір жолымды әскери өмірмен байланыстырсам деймін деді, — Досжан Жауынбаев.
Іс-шараға келген студенттер мен оқушылар әскери қызметкерлерге осындай ұйымдастырылған шара үшін шексіз алғыстарын білдіріп, әскерилердің ел қорғау ісіне толағай табыстар тіледі.
Капитан Әубәкір Ертуған
Источник: qazaq.asia