Қорғаныс министрлігінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің қорытындылары шығарылды

Қорғаныс министрлігінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің қорытындылары шығарылды

188 rob

Фотосурет: ҚР ҚМ

Абай гарнизонында Қорғаныс министрінің тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары генерал-лейтенант Сұлтан Камалетдиновтың басшылығымен ведомствоның сыбайлас жемқорлыққа қарсы комиссиясының көшпелі отырысы өтті, деп хабарлайды DKNews.kz.  

Отырысқа Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаментінің, әскери прокуратураның өкілдері, гарнизондардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы комиссияларының төрағалары мен мүшелері, қорғаныс істері жөніндегі департаменттердің және тылдық қызмет басқармаларының бастықтары, әскери бөлімдер мен мекемелердің командирлері қатысты.

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Абай облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет полковнигі Рүстем Тоқбергенов пен Абай гарнизонының әскери прокуроры әділет полковнигі Данияр Бөпежанов заңнамадағы өзгерістерге шолу жасап, әскери қызметшілерді статистикалық мәліметтермен және сыбайлас жемқорлық тәуекелдері талдауымен таныстырды.  

Абай, Аягөз, Өскемен және Павлодар гарнизондарының сыбайлас жемқорлыққа қарсы комиссиялары төрағаларының, сондай-ақ бөлім командирлерінің есебі тыңдалды.

Жанар-жағармай материалдарымен қамтамасыз етуге және тауарлық-материалдық құндылықтардың есебін жүргізуге жауапты тыл қызметтерінің қызметіне ерекше назар аударылды.

Гарнизондардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы комиссияларының төрағаларына тұрғын үймен қамтамасыз ету және аудандық пайдалану бөлімдерінің қызметі мәселелерін күн тәртібіне енгізу тапсырылды. Отырыстарға жұртшылық өкілдері мен Қарулы күштердің ардагерлерін шақыру туралы ұсыныс айтылды.

– Барлық лауазымды тұлғалар құқық бұзушылықтың алдын алу жөніндегі жоспарларды нақты және қатаң орындауы тиіс. Сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы комиссия басшыларының отырыстарға қатыспауы мен бұл жұмыстарға салғырт қарауына жол берілмейді. Барлық деңгейдегі командирлер мен бастықтарға сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін тудыруы мүмкін кез келген фактіге ерекше назар аударуды тапсырамын, – деп атап өтті генерал-лейтенант Сұлтан Камалетдинов.

Ол сондай-ақ Ақмола, Жетісу гарнизондары сыбайлас жемқорлыққа қарсы комиссияларының қызметіне оң баға берді. Ал Қызылорда, Үшарал гарнизондарындағы консультативтік органның жұмысын қанағаттанарлықсыз деп атап өтті.

Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі міндеттерді сапалы орындағаны үшін генерал-лейтенант Сұлтан Камалетдинов Әуе қорғанысы күштерінің бас қолбасшысы авиация генерал-майоры Дәурен Қосановқа, Ақмола өңірлік гарнизоны әскери полиция басқармасының бастығы полковник Нұрбол Алтынбековке және 18404 әскери бөлімінің командирі подполковник Алмас Төлегеновке Қорғаныс министрінің атынан грамоталар табыс етті. 

Отырыс қорытындысы бойынша сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмауға, лауазымды тұлғалардың жауапкершілігін күшейтуге, жергілікті жерлердегі комиссиялар қызметінің нәтижелілігін арттыруға және олардың жұмысына жариялылық беруге бағытталған хаттамалық тапсырмалар берілді.

Источник: qazaq.asia

Яндекс.Метрика