184 rob
Әскери бөлімдерде сарбаздармен және олардың ата-аналарымен кездесулер барысында ведомство өкілдері Қарулы күштер қатарында қызмет еткен азаматтарға білім беру жеңілдіктері туралы толық ақпарат берді, деп хабарлайды DKNews.kz.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жастардың әскери қызметке деген ынтасын арттыру туралы тапсырмасын орындау мақсатында Қорғаныс министрлігі қырық жоғары оқу орнымен келісім жасасты. Аталмыш құжат осы санаттағы азаматтарды ҰБТ-сыз ақылы да, тегін де оқуға қабылдауды көздейді.
Біз бұл бағдарламаны әскери қызметін бар ынтасымен атқарып, Отан қорғаушы атағына лайық болған азаматтарға арнайы әзірледік. Әскердің тәрбиесін көргендер – алған қойған мақсатқа ұмтылатынына сенімдімін. Сіздер тәртіп пен жауапкершілікті жақсы білесіздер. Бүгін таңда сіздерге өз қалауларыңмен мамандық таңдауға және жоғары білім алуға тамаша мүмкіндік беріледі Бас инспектор – Қорғаныс министрінің көмекшісі Айгүл Төлембаева
Қорғаныс министрлігінің Әскери білім және ғылым департаменті бастығының орынбасары капитан Людмила Перякина сарбаздарды жоғары оқу орындарына түсу шарттарымен жан-жақты таныстырып өтті.
Қазіргі уақытта жоғары оқу орындарымен келісім бойынша оқу орны есебінен білім алуға 3 мыңнан астам орын бөлініп отыр. Жоғары оқу орнына әскери қызмет өткерген, орта мектепті бітіргені туралы аттестаты не техникалық, кәсіптік, орта білімнен кейінгі немесе жоғары білімін растайтын құжаты бар адамдар түсе алады Людмила Перякина
Жауынгерлік даярлықта, жүктелген міндеттерді орындауда жоғары нәтижелерге қол жеткізген, үлгілі әскери тәртібімен көзге түскен әскери қызметшілер оқу орнының квотасы есебінен жоғары оқу орнына түсу үшін әскери бөлім қолбасшылығының ұсынымын алады.
Кездесуге қатысушыларға Қорғаныс министрлігінің әскери оқу орындарына түсудің артықшылықтары түсіндірілді. Оқу кезеңінде курсанттар мемлекеттің толық қамтылуында болып, оқуды аяқтаған соң оларды жұмысқа орналасуға кепілдік беріледі.
Бас инспектор – Қорғаныс министрінің көмекшісі Айгүл Төлембаева атап өткендей, мерзімді қызметтегі сарбаздар үшін жеңілдіктер мұнымен шектелмейді. Несиелері бойынша төлемдерді «тоқтату» және белгіленген қызмет мерзімін өткерген әскери қызметшілерді бес жыл мерзімге табыс салығынан босату кіретін шаралар пакеті де әзірлену үстінде.
Кездесу соңында ата-аналар мен қонақтар әскери қызметтің шарттарымен танысып, казармаға, спорт залға, асханаға және оқу сыныптарына барды. Қонаев гарнизонының десанттық-шабуылдау құрамасында командирдің тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары подполковник Нұрлыбек Әбдірайымов келгендерге интернетке қол жетімді компьютерлермен жабдықталған, әскери қызметшілердің дайындалуына бөлінген уақытта оқулықтарымен жұмыс істейтін арнайы сыныпты көрсетті.
Мерзімді әскери қызмет өткерген жастарға арналған жеңілдіктерді сарбаздың анасы Мамлакат Төлегенова жоғары бағалады. Ата-аналар қоғамының атынан ол Қорғаныс министрлігіне осындай мүмкіндіктер мен олардың келешегіне жасалып жатқан шаралар үшін алғысын білдірді.
Источник: qazaq.asia