178 rob
Фотосурет: ҚР Ұлттық ұланы
Мен үшін жаңа жыл – жаңа арман, жаңа таныстықтың алғышарты іспетті.
Өйткені, мен биылғы жаңа жылымды еліміздің түкпір-түкпірінен келген сарбаздар арасында қарсы аламын. Қаруластарымның бірі — Ақтөбе облысынан келсе, бірі Алматы қаласынан шақыртылған.
Әрқайсы да, биылғы жаңа жыл былтырғыдан өзгерек болады деп жүр. Иә, әрине шынымен өзгерек болмақ. Былтыр мен жаңа жылды ата-анамның арасында қарсы алып, он екіден кейін жора-жолдастарыммен уақыт өткіздім. Жалпы, біздің әулетте жаңа жыл уағында туыс-туғанға сыйлық ұсыну бұрнағыдан келе жатқан дәстүр. Мен жанұядағы осы бір салтты сарбаздар арасында ұйымдастырғым келеді.
Асып-тасып жатқан түгіміз жоқ, барлығы көңілде деп қана ойлаймын. Жақсы сөз жарым ырыс дейді. Жаңа жылдағы жылы лебіздің өзі қатаң тәртіппен құрсаулы жауынгердің жүрегін бордай езіп жіберетіні сөзсіз. Иә, бұл менің ғана жоспарым.
Өзге өңірден келген отан қорғаушылардың не ойлағаны белгісіз. Барлығымыз да тосыннан қуантқымыз келеді. Иә, жауынгерлік қызметтегі жаңа жыл сонысымен де ерекше, бәлкім.
Ал, елімізде әрқашан тұрақтылық және мызғымас тату тәтті бірлігіміздің баянды болғанын қалаймын. Бейбіт аспанымызда атылған оқтың дауысы тек қана оқу жаттығу алаңдарынан ғана естілсін. Еліміздің жарқын келешегі үшін еңбектеніп жүрген барша қазақ еліне бейбіт өмір, тыныштық және мол жақсылық тілеймін.
Ғалымбек Абылайхан 5518 әскери бөлімінің қатардағы жауынгері
Источник: qazaq.asia