241 Арман
Фотосурет: © Sputnik / Владислав Воднев
2022 жылдың қараша айының қорытындысы бойынша қоғамдық тамақтану ұйымдарының қызметі бір айда 2,7% және бір жылда 23,4% қымбаттады.
Баға ең көп өскен өңір Жетісу облысы, мұнда қоғамдық тамақтану қызметі 13,9% өсті. Одан кейін Шымкент пен Алматы облысы: бір айда тиісінше 9,9% және 7,3%. Жеті өңірде баға өзгерген жоқ.
Жылдық динамикада да баға ең көп өскен өңір Жетісу облысы: бірден 44,7%. Сондай-ақ Шымкентте (40,3%) және елордада (38,5%) айтарлықтай өсті. Бағаның ең аз өсуі Павлодар облысында байқалды: бір жылда 6,2%.
Қоғамдық тамақтану нысандарының ішінде асхана қызметі бір жылда 26,6%, фастфуд ұйымдары қызметі — 17,1%, мейрамханалар, дәмханалар және ұқсас мекемелердің қызметі 20,6% қымбаттады. Оның ішінде мейрамханадағы түскі ас бағасы 19%, асханадағы түскі ас 26,6% өсті.
Мейрамханалар мен дәмханалар қызметі бағасының ең көп жылдық өсуі Жетісу облысында (44,4%), ең азы — Алматы қаласында (5,2%) тіркелді.
Жылдам қызмет көрсететін ұйымдар қызметі ең көп өскен Атырау облысы (38%), ең аз — Павлодар облысында (4,5%) байқалды.
Асхана қызметі ең көп қымбаттаған Жетісу облысында (52%), ең аз — Павлодар облысында (7%).
Сонымен бірге, 2022 жылдың үшінші тоқсанының қорытындысы бойынша мейрамханалар мен қоғамдық тамақтану нысандарын жалға алу құны бір жылда 5% қымбаттады. Маңғыстау облысында баға бірден 27,2%, Қарағанды облысында — 20,3%, Шымкентте — 8,4% өсті. Тағы бес облыста баға бір жыл бұрынғы деңгейде сақталды, ал Атырау облысында бағаның шамалы төмендеуі де байқалды — 0,6%.
Мейрамхананы жалға алу бағасы бір жылда 8,9%, асхананы жалға алу — 0,9%, дәмхананы жалға алу — 3,4% қымбаттады.
Источник: qazaq.asia