481 rob
«Астана Опера» Рождество ізгі мейрамын атап өтеді: 7 қаңтарда К.Байсейітова атындағы Камералық зал сахнасына «Рождество сыңғыры» концертінің жарқын бағдарламасымен елордалық театрдың тамаша опера солистері шығады, деп хабарлайды DKNews.kz.
Орындаушылар бұл кеште жылы да жайлы атмосфера жасап, тыңдаушыларға мерекелік көңіл күй сыйлауды алдарына мақсат етіп қойды.
Біз бұл концертке зор толғаныспен дайындалудамыз. Рождество – бұл бүкіл әлемде түрлі дінді ұстанатын жандар атап өтетін ұлық мереке. Сондықтан бұл кеште өз сезімдерімізді сүйікті көрермендерімізбен бөліскіміз, адамдарды біріктіргіміз келеді, түрлі конфессия өкілдері бізге келіп, сиқырлы өнер әлеміне, музыка әлеміне енгенін қалаймыз Елена Сахно, концерт ұйымдастырушысы
«Астана Опера» солисі Маргарита Дворецкая былай деп пікірін қосты: – Жаңа жылда барлықтарына ашық аспан, береке, жылылық пен шаттық тілегім келеді. Музыка халықтар арасындағы достықтың алтын көпірі болсын. Адам баласы музыка арқылы ішкі дүниесінің жақсы жақтарын ашып, мейірімді бола бастайды және ғажап әлемді таниды.
Концертке Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Маргарита Дворецкая, Жамиля Джаркимбаева, сондай-ақ Мәдина Исламова, Малика Минизини, Артур Габдиев, Нарұл Тойкенов, Азат Мәлік және тағы басқалары қатысады. Концертмейстерлер – Елена Сахно, Қырғызстанның еңбек сіңірген қайраткері Гүлшан Конушева мен Зәру Жазықбаева. Елордалық театр жұлдыздарының орындауында көне романстар, діни музыка, әлемдік опера классикасынан атақты ариялар мен дуэттер, оның ішінде Н.Римский-Корсаковтың «Ақшақар» операсынан Ақшақардың ариясы, П.Чайковскийдің «Пиковая дама» операсынан Лиза мен Полинаның «Кеш болды» дуэті, Ф.Шуберт пен Дж.Каччинидің нұсқаларында «Аве Мария» және басқалары шырқалады.
Сондай-ақ 15 қаңтарда елорда тұрғындары мен қонақтарының назарына Frei aber einsam («Еркін, бірақ жалғыз») деген атаумен Иоганнес Брамс музыкасының концерті ұсынылады. К.Байсейітова атындағы Камералық зал сахнасына танымал қазақстандық әртістер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері – «Астана Операның» жетекші солисі Айгүл Ниязова мен театрдың симфониялық оркестрінің бірінші скрипкасы Бағдат Әбілханов, сондай-ақ дарынды аспапшылар – альтшы Олеся Морозова, пианистер Андрей Морозов пен Екатерина Лапухина шығады.
Орындаушылардың шебер интерпретациясында көпшілікке И.Брамстың камералық шығармалары: Скрипка мен фортепианоға арналған №3 соната, Альт пен фортепианоға арналған №2 соната, ми-бемоль мажор, Дауыс, альт, альт пен фортепианоға арналған екі ән және F-A-E сонатасынан скерцо, до минор ұсынылады.
Источник: qazaq.asia