258 rob
2022 жылғы тамызда бекітілген «Өмірді сақта» ведомствоаралық бағдарламасының басым тұстары – құқық бұзушылықтың алдын алу, билікті асыра пайдалану фактілерін ескерту, жарақаттануды азайту, одан өзге әскери қызметтің қауіпсіздігін қамтамасыз ету болып табылады, деп хабарлайды DKNews.kz.
Аталған бағдарлама Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықовтың бастамасымен қолға алынды. Оны әзірлеуге Мемлекеттік күзет қызметінің, ҰҚК Шекара қызметінің, Ұлттық ұланның, Төтенше жағдайлар министрлігінің өкілдері, ғалымдар, қоғам қайраткерлері мен психологтар қатысты.
Қабылданған құжат әскердегі өлім-жітімнің алдын алу жұмыстарында жаңа тәсілдерді қалыптастырады. Бағдарлама алдын алудың тиімді шараларын әзірлеуге, әскерлерде жүргізіліп жатқан жұмысты қоғамның оң қабылдауы мен қолдау көрсетуіне бағытталып отыр.
«Өмірді сақта» бағдарламасын іске асыру шеңберінде әскери полиция қызметкерлері әскери қызметшілерге қолданыстағы заңнама нормаларын түсіндіру бойынша тақырыптық акциялар мен онкүндіктер ұйымдастырады. Мерзімді қызметтегі сарбаздарды құқық қорғау органдарының күнделікті қызметімен таныстыру мақсатында ашық есік күндерін өткізеді.
«Жас сарбаз» айлығы барысында әскерге жаңа келгендердің әскери қызметке бейімделу мәселелеріне ерекше назар аударылады. «Сарбаз карточкесі» профилактикалық акциясын өткізу кезінде мерзімді қызметтегі әскери қызметшілердің ақшалай үлесімен уақытылы қамтамасыз етілуі де тексеріледі. Сарбаздардың ата-аналарынан алаяқтық жолмен ақша бопсалайтын «интернет-алаяқтарының» әрекеттерінің жолын кесу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
2025 жылға дейін жобаланған «Өмірді сақта» бағдарламасын іске асыру жұмыстары жалғаса бермек.
Источник: qazaq.asia