«Өмірді сақта» бағдарламасы: армиядағы өліммен күресу және сауаттылықты арттыру

«Өмірді сақта»  бағдарламасы: армиядағы өліммен күресу және сауаттылықты арттыру

281 rob

Фотосурет: Абай өңірлік гарнизоны баспасөз қызметі

Былтыр Қорғаныс министрлігі 2022-2025 жылдарға арналған «Өмірді сақта» бағдарламасын бекіткен болатын. Бұны – әскердегі суицид, әлімжеттік, өлімге әкелетін оқиғалардың алдын алуға және онымен күресетін кешенді жоспар мен мемлекет деңгейіндегі ауқымды бағдарлама деп айтуға болады. Қазір аталмыш бағдарлама аясында түрлі шаралар өткізіліп, ауқымды істер қолға алынуда, деп хабарлайды DKNews.kz. 

Айталық, Абай өңірлік гарнизоны Әскери полиция басқармасының қызметкерлері «Өмірді сақта» бағдарламасын іске асыру аясында гарнизондағы мерзімді қызметін өтеуге келген әскери қызметкерлермен келелі кездесу өткізді.

Құқық бұзушылықтың алдын алу шарасы аясындағы басқосуға Абай облысының дін мәселелерін зерттеу орталығының маманы, психиатриялық денсаулық сақтау орталығының қызметкері, мешіт имамы және шіркеу қызметкері шақырылды. 

Осы ретте, Абай облысы психиатриялық денсаулық сақтау орталығының маманы, дәрігер-суицидолог Екатерина Гаврелла және дәрігер психолог Жұлдыз Алтынгазина сөз алып, еліміздегі ең өзекті мәселелердің бірі өз-өзіне қол жұмсау мәселесін тілге тиек етті. Оның себептері мен салдары туралы мәлімет берді.

— Өз-өзіне қол жұмсау жауапкершіліктен қашу салдарынан болып жатады. Көп жағдайда іс әрекеттері өздері ойлағандай болмай шығады. Кейін оның оңай шешу жолы өз-өзіне қол жұмсау деп ойлайды. Психиатриялық диагноздың өзі болашаққа балта шапқанмен бірдей. Келешекте көп нәрсеге қол жеткізе алмайсыздар. Сондықтан болашақты ойлаған абзал, — дейді дәрігер психолог Жұлдыз Алтынгазина.

Әрине, осындай шаралардың жастар үшін берері мол. Қазір қоғамда қандайда бір діннің тереңіне бойламай, жат ағымның жетегіне кету жиіледі. Жастар арасында діндарлық белең алуда. Санасы қатаймаған жастар әлеуметтік желі арқылы теріс пиғылдылардың ырығына бағынып жатыр. Сондықтан саналы ұрпақ тәрбиелеу жалпы ортақ міндет дейді қатысушылар.

— Қазіргі уақытта ислам дінін жамылған жат ағымдар жетерлік. Ислам діні экстремизм мен терроризмге шақыратын дін емес. Керсінше жақсылыққа, ибалылыққа, имандылыққа, Отанды сүюге, құрметтеуге шақыратын дін. Бірақ қазіргі уақытта осы ислам дінін дұрыс түсінбей басқа бағытқа кетіп, жаман жағынан көрсетіп жатқан өзіміздің қазақтың балалары. Себебі, олар дінді дұрыс түсінбей әлеуметтік желіні пайдаланып, уағыздарын тыңдап, жат ағымдардың жетегінде жүр. Біз соған тосқауыл қойып, жастар арасында осы сынды теріс пиғылдардың алдын алуымыз керек. Еліміз береке бірлікте болса ешқандай жау алмайды, — дейді Абай облысының дін мәселелерін зерттеу орталығының бас теолог маманы Махсат Ботаханов.

Кездесуде қазіргі таңдағы деструктивті діни ағымдар жайын және этносаралық келісімді сақтау мәселелері жөнінде Семей қаласының қос мұнаралы мешітінің наиб имамы Серікбол Арғынов пен Абай облысының орталық шіркеуінің дін қызметкері Евгений Яганов түсіндірді. Ұлтаралық және дінаралық бірлестікті нығайтып, болашақ ұрпаққа аманат ету басты мақсат екені айтылды. 

— Бүгінгі сабағымыздың мақсаты сарбаздардың көкейіне толықтай жетті деп санаймыз. Арнайы мамандар сарбаздармен мұндай жиындарды жиі өткізуіміз керек. Олар әскери ортаға толықтай қалыптасулары керек. Мамандардың қатысуымен өткен сабақ барысында жас сарбаздар тақырып бойынша қызығушылықтарын білдіріп, белсене қатысып отырды, — дейді Абай өңірлік гарнизоны әскери полиция басқармасы алдын алу бөлімінің офицері капитан Сымбат Амангелді.

Шара соңында сарбаздар талқыланған мәселе бойынша өздерін қызықтыратын сұрақтарын қойып, жауаптарын алды. 

Источник: qazaq.asia

Яндекс.Метрика