385 rob
Фотосурет: Астана қаласының әкімдігі
Астанада Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясында «Мерейлі мекен – Мұнаралы Маңғыстау» атты ән мен жыр кеші өтті, деп хабарлады елорда әкімдігінің ресми сайты.
Кеш Абыл Тарақұлы атындағы қазақ оркестрінің «Мереке думан» шығармасымен басталды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Елордалық өнерсүйер қауым М.Өскінбаев атындағы Маңғыстау облыстық филармониясының Абыл Тарақұлы атындағы қазақ оркестрінің концертін тамашалады.
Оркестрдің көркемдік жетекшісі және бас дирижеры – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Рахат Мадреев және мәдениет саласының үздігі Бауыржан Көбенғалиев.
ҚР Мәдениет саласының үздіктері, Абыл Тарақұлы атындағы қазақ оркестрі, Халықаралық, республикалық байқаулардың лауреаттары, «Жорға» би ансамблі, «Ақшағыл» этно-фольклорлық ансамблі, М.Өскінбаев атындағы облыстық филармонияның өнерпаздары, маңғыстаулық эстрада жұлдыздары, дәстүрлі әншілер өнер көрсетті.
«Бұл Маңғыстау облысының Астана қаласындағы мәдени күндері аясында өтіп жатыр.
Сондай-ақ ән кеші облыстың 50 жылдығына орай ұйымдастырылды. Концертте Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері мен мәдениет саласының үздіктері, дәстүрлі әншілер, домбырашылар тобы, жеке аспапшылар өнер көрсетті», — деді М.Өскінбаев атындағы облыстық филармония директоры Бекбол Базарбаев.
100-ге тарта өнерпаз өз өнерімен қала тұрғындары мен қонақтарының ыстық ықыласына бөленді.
«Биыл киелі түбек Маңғыстау облысына – 50 жыл. Ал Ақтауға – 60 жыл. Осы мерекемен сіздерді шын жүректен құттықтаймын!
Маңғыстау өңірінің мәдени күндері елорда тұрғындарына үлкен сый деп санаймыз.
Киелі Маңғыстау – ақындар дүниеге келген қасиетті өңір.
Оның топырағы, тауы, шатқалы, теңізі көне тарихтан сыр шертеді. Маңғыстау облысы гүлденіп, өркендей берсін!» — деді Астана қаласы мәслихатының төрағасы Ерлан Каналимов.
Источник: qazaq.asia