Медицина маманы – адамзаттың асылы

Медицина маманы – адамзаттың асылы

186 rob

Фотосурет: ҚР ҰҰ баспасөз қызметі

Ақ халатты абзал жандар адам өміріне жарық сыйлаушы бейбіт күннің батырлары десек артық емес.

Олар кез-келген уақытта бастарын қатерге тігіп, адам жанына араша түсетін ардақты жандар, зор құрметке лайық мамандық иелері.

Ал Ұлттық ұлан сапындағы әскери дәрігерлердің жауапкершілігі тіпті екі есе ауыр. Олар Гиппократ антына адал болып қана қоймай, Отан алдындағы серттеріне де жауапты болуы қажет. Осы орайда, медицина саласында 25 жылға жуық тәжірибесі бар Әскери-медицина басқармасының бастығы подполковник Талғат Сыдырмановпен сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз. Ол өзі басқарып отырған ұжыммен әрдайым ұтқыр шешім қабылдап, жүйелі жұмыс жүргізіп, Ұлттық ұлан әскери медицинасының дамуына өзіндік үлесін қосып отыр.

Талғат Берікұлы «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» және ҚР Президентінің Жарлығымен 2022 жылы «Халық алғысы» медалімен наградталған. 

– Подполковник мырза, сұхбатымызды бастамас бұрын жақында әскери-медицина басқармасының басшысы лауазымына тағайындалуыңызбен құттықтаймын! Еңбегіңіздің бағаланғаны болар…

– Құттықтауыңызға рахмет. Кез-келген қызметтің, лауазымның өз жауапкершілігі бар, ал Ұлттық ұланның жауапты басқармасының басшысы болып тағайындалу – мен үшін мәртебе, сонымен қатар жауапкершілік. Ұлттық ұланның басшылық құрамы осындай жауапты лауазымды маған сеніп тапсырды, алдағы уақытта ұжыммен жемісті жұмыс атқарамыз деген үміттемін.

– Талғат Берікұлы, әскери-медицина басқармасы туралы айтып өтсеңіз, жалпы қашаннан бастап қызмет атқаруда, міндеттеріңіз…

– ІІМ Ішкі әскерлерінің Әскери-медициналық құрылымының құрылу тарихы 1992 жылы әскери-медициналық бөлім құрылған кезден басталады. Негізін қалаушы және тұңғыш басшысы медицина қызметінің полковнигі Сәбит Аймағанбетов болды. Ал 1995 жылдан 2007 жылға дейінгі аралықта медицина қызметінің полковнигі Дмитрий Лавров басқарды. Сол кездегі Ішкі әскер (қазіргі Ұлттық ұланның) дамып, өркендеп-нығаюына атсалысқан басшылардың еңбегі зор.

Ал 2007 жылғы қарашадан бастап 2022 жылдың желтоқсан айына дейін ҚР Ұлттық ұланының әскери-медициналық басқармасын медицина қызметінің полковнигі Серік Омарбаев басқарды. Серік Сапанұлымен бірлесе отырып, бүкіләлемді жаулаған індет кезінде барлық қиындыққа жол бермей, бар күш-жігерімізді салып, бірлесіп қызмет атқардық.

Жалпы әскери-медицина басқармасы емдеу-профилактикалық бөлім, санитарлы-эпидемиологиялық орталық, жалпы ветеринарлық қызмет бөлімдері бағытында жұмыс жасайды. Әр бөлімнің өз міндеттері мен мақсаттары айқын. Мәселен, емдеу-профилактикалық бөлімінің басты міндеті – Ұлттық ұланның медициналық бөлімшелері ұсынатын медициналық есеп пен статистикалық деректердің дұрыстығын талдап, тексеруді жүзеге асырады. Сонымен қатар, медициналық қамтамасыз ету мәселелері бойынша әскердің медициналық бөлімшелеріне практикалық көмек көрсетуге, әскердегі жеке құрам арасында әр түрлі аурулардың туындау және таралу себептерін анықтауды зерттеуге және олардың алдын алуға бағытталған. Бөлімнің басшысы лауазымы кадр тапшылығына байланысты бос тұр.

Ал санитарлы-эпидемиологиялық орталық – эпидемияға қарсы іс-шараларға, жұқпалы ауруларды талдауға, олардың пайда болу және таралу себептері мен жағдайларын анықтауға, оларды оқшаулау мен жою жөніндегі іс-шараларды ұйымдастырып, бақылауға міндетті. Бөлім бастығы қызметін медицина қызметінің подполковнигі Мұрат Шәкіров атқарып отыр. Ол өз еңбегіне адал, білікті маман, 21 жылдық тәжірибесі бар маман. Мұрат Аймағанбетұлы Ұлттық ұлан сапында 2009 жылдың ақпан айынан бастап қызмет етеді.

Жалпы ветеринариялық қызметі әскери бөлімдердің ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуді жоспарлауға, жануарларды аурудан қорғап және оларды емдеуге міндетті. Ұлттық ұланның кинология мамандары осы қызметпен тікелей байланыста қызмет атқарады. Майор Дәурен Құдабаев бөлім бастығы қызметін атқаруда. Ол Ұлттық ұланда 2015 жылдың ақпаны айынан бастап қызмет етіп келеді. Өз ісіне аса ұқыптылықпен қарайды және ол спорттық іс-шараларға белсенді қатысады.

Міне, осындай бағытта әскери-медициналық басқармасы қызметін атқарып келе жатыр.

  

– Қазіргі уақытта медицина күн санап дамуда, біздің әскер медицинасында қандай жаңашылдықтар, жаңалықтарыңыз бар?

— Ұлттық ұланның әскери-медицинасында да айтарлықтай жаңалықтар баршылық. «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында жұмыс атқаруда біз де көш ілгері қалып жатқан жоқпыз. Бүгінгі таңда әскери медицина бөлімшелерінің компьютерлерін Дамумед электронды жобасына қосу жұмыстарын бастап кеттік. Бүгінгі таңда елу компьютер осы қызметпен жұмыс жасауда, алдағы уақытта әскери бөлімдердегі барлық әскери медицина компьютерлерін түгелдей осы қызмет түріне қоспақмышыз. Дамумед бағдарламасы өздеріңізге белгілі, электронды мобильді қосымша, яғни медициналық қызметке жүгінген әрбір науқастың парақшасын көруге Ұлттық ұланның әскери дәрігерлері де қол жеткізе алады.

Тағы да айтып өтер жаңалығымыз – «Батыс» өңірлігіне қарасты 6655 әскери бөлімінде Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығымен келісе отырып, қосымша лазарет ашуға ниеттеніп жатырмыз. Ақтөбе қаласында орналасқан әскери бөлімде 20 орынға арналған медициналық пункт бар, енді алдағы уақытта оның санын елуге көбейтіп, лазарет ашуды жоспарлап отырмыз. Құрамында он бір дәрігер және жиырмаға жуық медициналық қызметшілер өздерінің міндеттерін атқаруда.

Сонымен қатар, әскерде алғаш рет Заречный кентінде 20 орынға арналған модульді медициналық пункт салынып жатыр, жоспар бойынша желтоқсан айында аяқталуы тиіс. Әскери емхана барлық медициналық құрылғылармен жабдықталған деп айта алмаймын, бірақ алдағы уақытта сұрақтар шешіледі деген үміттемін, дегенмен қажетті жиһаздармен қамтылған. Заречный кентіндегі әскери бөлім қаладан шалғайда орналасқандықтан және қазіргі медициналық пункттің санитарлық нормаға сәйкес болмауына орай осы елдімекеннен модульді пункт ашуды көздеген болатынбыз.

Тағы бір айта кететін жайт, Ұлттық ұланның әскери-медициналық басқармасы Қорғаныс министрлігімен әрдайым тығыз қарым-қатынаста. Биыл Ұлттық ұлан қатарында алғашқы рет запастағы офицерлерді мерзімді екіжылдық қызметке шақыру туралы өтінім жасадық. Кеңінен айтар болсақ, келесі жылдың көктем айында Қорғаныс департаменті арқылы екі жылдық мерзімге медициналық қызметтегі запастағы офицерлерді әскери қызметке шақырамыз және олар Ұлттық ұлан сапында екі жыл мерзімді әскери қызметін өтеуге міндетті. Яғни әскери кафедраны аяқтаған лейтенант шеніндегі офицерлер екі жыл әскерде қызмет атқарып, Ұлттық ұлан қатарында әскери-медицина бөлімінде қызмет ететін болады.

– Жоспарларыңыздың жүзеге асуына тілектеспіз, енді әскери медицина саласында шешімін таппай тұрған қандай мәселелер бар?

– Әрине, әлі шешімін таппаған мәселелер бар. Соның бірін атап айтар болсақ – кадр тапшылығы. Бұл мәселе барлық әскери бөлімдерде байқалады. Бірақ, шешілмейтін түйін болмайды демекші, мұның да бір шешімі болады деп ойлаймыз.

– Подполковник мырза, әскери медициналық қызметкерлер біліктіліктерін көтеру жолында қандай жұмыстар атқарылып жатыр?

– Әскери қызметшілерді қызметке қабылдау кезінде әрине еңбек өтілімі жоғары қызметкерлерді алуға тырысамыз. Біздің медицина қызметкерлері арасында Санкт-Петербург қаласындағы Әскери-медицина Академиясының түлектері қызмет етуде. Әскери медицина дәрігерлері еңбек өтілімдері бар, Қазақстанның әр қалаларындағы Медициналық Академиялардан білім алған жоғары білімді офицерлер. Бірақ, дегенмен олардың кәсіби біліктіліктерін жоғарылату мақсатында Астана қаласындағы Медициналық мекемелерде өткізілетін әр түрлі шараларға қатысып отырады.

Сонымен қатар, жыл сайын Санкт-Петербург қаласындағы С. Киров атындағы Әскери-медицина Академиясына бір әскери қызметшіні магистратураға жолдамамен жіберіп отырамыз. Екі дәрігер-маман аталмыш оқу орнынан резидентураны аяқтап келді. Қазіргі таңда ??? әскери бөлімінің медициналық қызметкері аға лейтенант Райымбек Байымбетов терапевт-дәрігер мамандығына оқу біліктілігін жоғарылату мақсатында білім алуда, ал биыл С. Киров атындағы Әскери-медицина университетінің 2016 жылғы алғашқы түлегінің бірі 6654 әскери бөлімінің медицина майоры Ермек Абирді жеті жылдан кейін жолдама арқылы өзі оқып, білім алған жоғары оқу орнына білімін шыңдауға жіберілді. Биылғы жылы 6655 әскери бөлімінің медицина бастығы подполковник Мақсат Пастьян Санкт-Петербург қаласына магистратураға оқуға түсті. Магистратурада екі жыл оқиды. Жалпы С. Киров атындағы Әскери-медицина Академиясының базасы өте жоғары, сондықтан  Ұлттық ұланның офицерлері теориялық және практикалық білімдерін толықтырып, білімдерін шыңдап келетініне күмәніміз жоқ. Осы тұста айта кетер тағы бір жайт, алдымыздағы жылы Қорғаныс министрлігінде әcкери дәрігерлерге арналған резиндатура мен магистратура ашылу жоспарда, соған орай біз де өз тарапымыздан әскери дәрігерлеріміздің білім алуына мүмкіндік жасап, өтінім жасауды көздеп отырмыз. Ол уақыттың еншісінде.

Сонымен қатар, былтыр Ақтөбе қаласындағы Т. Бигелдинов атындағы Әскери-авиациялық училищесінің Әскери-медициналық факультетіне екі офицер-дәрігер мен фармацевт-дәрігер оқуға түсіп, қазіргі уақытта сол жақта білім алуда. Бұл практиканы алдағы уақытта әрі қарай жалғастырып, медициналық қызметкерлерді оқуға жіберуді көздеп отырмыз. Олар әрі қарай қызметін осы Ұлттық ұлан сапында да жалғастыратын болады. 

Осы орайда айта кету керек, биыл алғаш рет орта медициналық қызметшісі 5510 әскери бөлімінің әскери қызметшісі аға сержант Эльдар Хасеиновті Шанхай қаласындағы Әскери-медициналық Университетіне оқуға жібердік. Ол да екі жыл кәсіби білікті маман атанып, білім алып келеді.  Оқу ағылшын тілінде жүргізіледі, ол өзінің біліктілігін көтерумен қатар, ағылшын тілін жетік меңгеріп келетін болады.

– Талғат Берікұлы, сарбаздардың әлсіз тұстары қандай? Яғни, қазіргі жастардың психологиялық ахуалы қандай деңгейде?

– Қазіргі жас сарбаздардың барлығы дерлік әлсіз деп айтуға болмас, әрине. Бірақ, арасында әлжуаз, иммунитеттері төмен, психологиялық тұрғыдан өте әлсіз сарбаздар, өкінішке орай, кездесіп жатады. Олар көбінесе қала балаларында көптеп кездеседі.

Сарбаздар арасында көп таралған аурудың бірі – лудомания. Кейбір ата-аналар ойынға құмар балаларын әскер тәрбиелейді деп жіберіп жатады. Бірақ, бұл қате ұғым, біз бір жыл ішінде ата-анасының берген тәрбиесін қайта өзгерте алмаймыз. Тағы бір қазіргі заманның індеті – смартфон. Жастар тек қана телефон әлемінде, оларды басқа ештеңе қызықтырмайды. Осы тұста, ата-аналарға баланы спортқа баулып, жүгірумен, әр түрлі спорт түрлерімен машықтандыру қажет деген кеңес айтқым келеді.

Қала балаларына қарағанда ауылдың балалары шыдамды, кез-келген қиындыққа піскен, қайратты болып келеді. Менің ойымша, олар еңбекке ерте араласып, ауылдың барлық «ауыр жұмыстарын» жасай алатын болып өседі, сондықтан олар әскерде кез келген қызметте өздерін көрсете алады. Сонымен қатар, олар психологиялық тұрғыдан мығым, моральдық жағынан тұрақты болып келеді.

– Подполковник мырза, әскери дәрігердің азаматтық дәрігерлерден қандай айырмашылығы бар? Қиындық тұстары…

– Әскери дәрігерлер Гиппократ антына ғана емес, сонымен қатар Отан алдында да адал болуға серт береді. Өзіңіз ойлай беріңіз, қандай жауапкершілік, ауыртпашылық және міндет. Сондықтан әскерилер үшін жүк екі есе ауыр. Азаматтық дәрігерлер бүгін бітпеген істі ертеңге қалдыруға мүмкіндік болса, әскери дәрігерлер мұндай іс-әрекетке бара алмайды. Бүгінгі істі ертеңге қалдыруға жол бермейміз. Әскери ұжым болғаннан кейін қатаң әскери тәртіп болу қажет. Азаматтық дәрігерлердің басты міндеті – адамды емдеу, ал әскери дәрігерлер әскери қызметшіні емдеумен қатар, Әскери Жарғы, арнайы дайындық, жауынгерлік дайындық, Жарғы бойынша білімдерін үнемі жетілдіріп тұру қажет, сонымен қатар, тұрақты емес жұмыс уақыты, әр түрлі оқу-жаттығулар мен сынақтар, тексерістерден өту. Бірақ илеген пұшпағымыз бір, ол адамды емдеу, сырқатына шипа тауып, толықтай айығып кетуіне жағдай жасау.

– Талғат Берікұлы, енді өзіңіз, отбасыңыз туралы айтып өтсеңіз…

– Мен Қарағанды қаласында туып-өстім, сол жақта Қазақ-Түрік лицейін тәмамдап, аталмыш қаладағы Медицина Академиясына оқуға түстім. Ол оқу орнын үздік аяқтап, психиатр-дәрігер маманды атандым. Алғашқы еңбек жолын қалалық психиатриялық ауруханада қызмет етуден бастадым. Ұлттық ұлан сапында 2008 жылдан бері қызмет атқарамын. Еңбек жолын 6505 әскери бөлімінде дәрігер-психиатр лауазымынан бастап, 6800 және 5510, 5517 әскери бөлімдерінде медицина қызметінің бастығы лауазымында қызмет атқарып, өзіме тәжірибе жинақтадым. Ал әскери-медицина басқармасында қызметімді аға офицер лауазымынан бастап, осы күнге дейін қызмет етіп келемін.

Ата-анамның екеуі де инженер болған кісілер. Әкем Берік Оразтайұлы өкінішке қарай бұл өмірден өтіп кетті, ал 67 жасар анам Тамара Балтабайқызы біздің қызығымызды бөлісіп жүрген аяулы жан. Отбасымыздың тұңғышы  бауырымның өз отбасы бар, жеке кәсіпкер, ал қарындасым тұрмыста. Мен медицина саласына келіп, сол жолды таңдауыма себеп болған кісі — анамның бауыры. Ол медицина саласында қызмет атқарып келе жатқанына біршама жыл өтті.

2007 жылы Қарағанды қалалық емханасында дәрігер-психиатр болып қызмет атқарып жүрген кезім болатын. Қарағанды қаласындағы сол кездегі Ішкі әскер, қазіргі Ұлттық ұланның әскери бөлімі медицина қызметінің офицері подполковник Батыржан Захарин сарбаздарды кеңес алуға алып келген болатын. Әңгімелесе келе, ол кісі маған «Ұлттық ұлан қатарына қабылданғыңыз келмейді ме?» деген ұсыныс тастады. Мен де көп ойланбастан, Астана қаласына ол кездегі Ішкі әскер, қазіргі Ұлттық ұланның әскери-медицина басқармасының бастығы полковник Д.С. Лавровпен қызметке қабылданбас бұрын әңгімелесуге келдім. Ол кісі де рұқсатын берді. Міне, сол кезден бері Ұлттық ұланның қатарында міндетімді атқарудамын.

Жарым Жайнагүл Тілеукенқызы медициналық қызметкер. Ол осы Астана қаласында Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің госпиталінде аға медқызметкер болып жұмыс жасайды. Екі ер баланы тәрбиелеп отырмыз, тұңғышымның есімі – Арсен 2007 жылы туылған және Рауан атты 8 жаста баламыз бар. Екеуі де Астана қаласындағы №2 мектеп-гимназиясында оқиды. Балаларыммен бірге балық аулауға барғанды ұнатамыз. Төрт жасынан бастап, балық аулауға ертіп жүремін, бірге сөйлесіп, демалып, болашаққа жоспар құрамыз. Үлкен балам Ақтөбе қаласындағы Т. Бигелдинов атындағы Әскери-авиациялық училищесіне оқуға түсуді армандайды. Рауан футбол ойнағанды қатты ұнатады, ал Арсен робототехникамен айналысады. Баланың иммунитетінің жоғары болып, денінің сау болуы үшін спортпен айналысуына көп көңіл бөлу қажет. Себебі, спорт – денсаулық кепілі. Мен жеке құрамға да үнемі спортпен шұғылдану қажет деп айтып отырамын.

Байқасаңыз, Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығында ұйымдастырылатын спорттық шараларда біздің басқарма алдыңғы қатардан орын алып жатады. Бұл да біздің спортқа деген сүйіспеншілігіміз. Сол себепті жаныңыз бен тәніңіз сымбатты, сау болсын десеңіздер – үнемі спортпен шұғылдану қажет.

– Сұхбатыңызға рахмет, подполковник мырза! Алдағы қызметіңізге табыс пен жеміс тілейміз!

Лейтенант Құралай Жұмақызы

Источник: qazaq.asia

Яндекс.Метрика