372 rob
Фотосурет: ҚР ҰҰ баспасөз қызметі
Әскери салада қызмет жасау – абыройлы қызметтердің бірі.
Ел үшін, Отан үшін жан аямай шынайы беріліп қызмет істеу бақыты әскери сала мамандарына бұйырған. Сондай бақытты жандардың бірі де бірегейі, әскери династияға айналып келе жатқан ағайынды Оспан Алмат пен Оспан Асхаттың жанұялары. Бүгінде олар Қазақстан Республикасы Ұлттық Ұланы сапында әскери қызмет атқаруда. Ағайындылардың үлкені лейтенант Оспан Алмат Ерғалиұлы Ақтау қаласы 5546 әскери бөлімінде қаржы қызметінің офицері қызметін атқарып жатыр. Сол Алмат мырзамен әскери өмірі мен қызметі жөнінде әңгімелескен едік.
Алмат мырза, қайырлы күн! Сіз алдымен туып өскен өңіріңіз, отбасыңыз туралы әңгімелеп бере аласыз ба?
Қайырлы күн! Мен Оспан Алмат Ерғалиұлы 1991 жылы 19 желтоқсанда Қызылорда облысы Қызылорда қаласында қарапайым отбасында туып өстім. Әкем Ерғали Оспанұлы жүк көлігінің жүргізушісі. Анам Жүнісова Гүлмира Сейтенқызы мектеп-интернат асханасының аспазы. Үйдің үлкені мен. Менен кейін 1994 жылғы Асхат деген інім мен 2002 жылғы Жұлдызай деген қарындасым бар. Әкем мен анам бізді бір-біріне бауырмал, қамқор етіп тәрбиеледі. Бүгінде әрқайсымыз Қазақстанның әр түкпірінде жүрсек те бір-бірімізді іздеп жүреміз. Бір-біріміздің қуанышымызға әрдайым ортақтасып тұрамыз.
Сіздің әскери салаға келуіңізге ініңіз Асхат себепші болды дейді. Жалпы әскери қызметке қалай келдіңіз? Әскерге дейін қандай қызмет атқардыңыз?
Менің де інімнің де бала кезден арманымыз әскери қызметкер болу еді. Мен 2007 жылы Қызылордадағы №-253 орта мектепті бітіргеннен кейін Қызылорда қаласы «Болашақ» колледжіне қаржы мамандығына оқуға түстім. Ол жерді 2010 жылы бітіріп, Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетіне қаржы мамандығына жоғарғы оқу орнына түсіп, ол жерді 2013 жылы аяқтадым. Кейін 2019 жылы Шымкет қаласында «Аймақтық Экономикалық Әлеуметтік» университетінде құқықтану бағыты бойынша екінші жоғары мамандығымды алдым. Сол аралықта інім 2011 жылы мектеп бітірген соң арман қуып Петропавл қаласындағы Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының әскери академиясына оқуға түсіп, 2015 жылы командирдің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстарды жүргізу бағыты бойынша оқып бітіріп шықты. Сол уақыттарда мен де әскери салаға қызығып, 2015 жылы Қызылорда облысы бойынша Қорғаныс департаментіне қарасты Әскери техникалық мектепте атқыш мамандығын оқып алдым. Сол аралықта 2013 жылдан 2020 жылға дейін Қызылорда қаласы әкімдігі аппаратында қаржы бағытында жетекші маман болып қызмет атқардым. Ал інім әскери академияны бітірген соң әскери қызметті Ақтау қаласы 6656 әскери бөліміне 1 жедел мақсаттағы рота командирінің ТжӘҚЖ жөніндегі орынбасары қызметінен бастады. Сөйтіп 2015 пен 2021 жылдар аралығында жедел мақсаттағы батальонның екі мен үшінші жедел мақсаттағы роталарының командирінің орынбасары, кейін Жауынгерлік қамтамасыз ету ротасының командирі қызметін атқарды. Рота командирі болып жүріп капитан әскери шеніне қол жеткізді. Сол кезеңдерде менің де әскери салаға қызығушылығым артып, құжаттарымды жинап бірден әскери қызметкер болуды шештім. 2020 жылы алдымен ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетіне кейін ҚР Ұлттық ұланына өтініш білдіріп, Ұлттық ұлан сапында бос вакант табылып, менде інім Асхат қызмет етіп жүрген Ақтау қаласында орналасқан 6656 әскери бөліміне келіп қызметке кірісіп кеттім. Менің әскери салаға келуіме біріншіден бала күнгі арманым, екіншіден ата-анамның разылығы, үшіншіден інімнің қызығушылығымды оятып, әскери қызметке үндеп шақыруы себеп болды. Сол үшін мен ата-анама, ініме бүгінде зор алғысымды білдіремін.
Ініңіз Асхат екеуіңіз бір әскери бөлімде қызмет еттіңіздер ме? Сіздің бүгінгі қызметіңізге дейін қандай істер атқардыңыз?
Ия ініміз екеуміз 6656 әскери бөлімінде бір жылдай бірге қызмет атқардық. Мен алғаш әскери бөлімге келгенде 2020 жылдың қарашасында Іздестіру және Барлау тобының барлаушысы ретінде қатардағы жауынгер шенімен әскери қызметті бастадым. Одан кейін әскери бөлім штаб басқармасына ауысып, ефрейтор шенімен Қаржы қызметі бастығының аға көмекшісі аға маман болып қызмет атқардым. Ал інім 2021 қарашасында Атырау қаласы 5546 әскери бөліміне РХБ қорғау қызмет бастығы лауазымына өсіп, ол жерде 2022 жылдың тамызына дейін қызмет атқарды. Ал одан кейін Қызылорда қаласына сол қызметі бойынша ауысып, қазіргі уақытқа дейін қызмет атқарып жатыр. Жақында жоғары офицерлік майор шенін алғалы жатыр. Ал мен қаржы қызметі бастығы көмекшісінен әскери бөлім Қаржы қызметінің офицері қызметіне тағайындалып, офицерлік лейтенант шенін алдым. Осы жылы 18 тамыздағы ҚР Ұлттық ұланы Батыс Өңірлік қолбасшылығының бұйрығымен Атырау қаласы 5546 әскери бөліміне Қаржы қызметінің бастығы лауазымына тағайындалдым. Қазіргі таңда Атырау қаласында өзімнің өзімнің қызыметімді әскери бөлімнің қаржы бөлімшесінің бастығы лауазымында жалғастырып келемін.
Жаңа қызмет лауазымыңыз құтты болсын. Ақтау қаласы сізге несімен қымбат? Әскери қызметке келген осы үш жыл несімен есте қалды?
Құттықтауыңызға рахмет! Ақтау қаласы маған бар бақытты сыйлаған киелі де қастерлі қала. Неге дейсіз ғой?! Айтайын. Мен 2016 жылы қазанда Қызылорда облысының тумасы Оспан Назерке Оразбекқызымен отау құрдым. Ол кісі мектепте информатика пәнінен сабақ беріп және бастауыш сыныбына сынып жетекшісі болып жұмыс істейді. Жарымыз екеуміз 6 жыл балалы бола алмай жүрдік. Ал сол балалы болу бақытын маған осы киелі Маңғыстау жерінің топырағы бұйыртты. 2022 жылы тұңғышым Асылхан дүниеге келді. Артынша жарымыз екеуміз алғашқы баспанамызға қол жеткіздік. Одан кейін міне биыл қос бірдей бақыт, егіз ұлдарым – Керей-хан мен Жәнібек-хан дүниеге келді. Сонымен үш бірдей ұлдың әкесі болып шыға келдім. Ақтау қаласы менің есімде осындай үлкен бақытты, армандағы қызметті, әскери орта мен жақсы әріптестерді бұйыртты. Мен осының бәріне разымын. Және осы үшін Ақтау қаласына, 6656 әскери бөліміне, әскери бөлім басшылығы мен офицерлеріне алғыс айтамын. Ақтау менің жүрегімде әрдайым алғашқылардың бірі болып сақталып қала бермек.
Алмат мырза, қуанышыңыз арта берсін. Ұлдарыңыз ел қорғар азамат болып өссін. Енді ініңіз бен қарындасыңыздың отбасылық өмірі жайлы әңгімелеп бере аласыз ба?
Інім Асхат 2021 жылы Қызылорда қаласының тумасы менің жарыммен аттас Кәріспек Назерке Әбдікәрімқызы деген азаматшамен отау құрды. Ол кісі де менің жарым секілді мектепте мұғалім. Биология пәнінен сабақ береді. Олар 2022 жылғы Әлихан және 2023 жылғы Мейірхан атты екі ұл өсіріп, тәрбиелеп жатыр. Осы тұста менің жарым Назерке мен інімнің жары Назеркенің ерен еңбектерін айтып өтпеске болмас. Бұл екі ару да әскери адамдардың жарлары. Ал әскери адамның жары болу оңай емес. Әрдайым үйде бола бермейсің. Іскерлік сапарда көп жүресің. Ерте кетіп кеш келесің. Әскери тәртіппен жүресің. Ал біздің жарларымыз болса осы қызметімізге түсіністікпен қарап, жағдайымызды жасап, бала тәрбиелеп отыр. Ол кісілердің ерен еңбегі мен ыстық махаббаттары үшін мен үлкен алғыс айтқым келеді. Аллатағала біздерді сол бақытымыздан айырмағай.
Ал қарындасым Жұлдызай Ерғалиқызы Қызылорда қалалық Жоғарғы Медициналық колледжінде фельдшер мамандығын бітіріп, қазіргі таңда Алматы қаласындағы ауруханада қызмет етіп жатыр. 2022 жылы Қызылорда қаласының тумасына тұрмысқа шықты. Жары да медицина саласының маманы. Әзірге балалы бола қойған жоқ. Кім білсін, бәлкім, алдағы уақытта қарындасымды не күйеубаламызды әскери саладан көріп қалуымыз ғажап емес. Отбасымызда қай-қайсымыз болмасын әр сала бойынша елге абыройлы қызмет жасап жатырмыз. Соған құдайға тәуба деймін. Әкем 20 жылдан бері жүргізуші, анам аспаз, інім екеуміз әскери салада, жарларымыз білім саласында, қарындасым мен күйеубала медицина саласында еңбек етіп, Отанға қызмет етудеміз. Осының бәріне отбасыдан көрген тәрбие себеп болса керек. Әкемнің де анамның да «Елге қызмет етсең, ешсіз қалмайсың» – деген өнегелі, өсиетті сөзімен өстік. Бұл біздің жанұямыздың қағидасына айналса керек. Алдағы уақытта ұл-қыздарымызды да осы қағидамен тәрбиелеп өсірсек керек.
Ұлдарыңызды келешекте қай саладан көргіңіз келеді?
Ұлдарымды мен сөзсіз Отансүйгіш, білімді, елге қызмет етер нағыз ер азаматтар ретінде тәрбиелеймін. Қандай салада қызмет ететінін болашақ көрсете жатар. Дегенмен олардың да әке жолын қуып, Отан қорғайтын әскери адам болғандарын қалайтын едім. Жалпы әскери іс деген тек қолға қару алып, ел қорғау емес. Кез-келген сала маманы болып жүр де сол бағытпен әскери саланың әлеуетін көтер. Мейлі сен бағдарламашы не дәрігер бол, не аспаз я әнші бол. Мейлі тігінші бол. Бірақ сен әскери адам бол. Әлемде кез-келген өнертабыстың жетістігі ең алдымен әскерилер үшін жасалатынын естен шығармау керек. Өйткені әскер – ел тұтастығы мен тәуелсіздігінің кепілі.
Алмат мырза, сіз алдағы күннен не күтесіз?!
Көп нәрсе күтемін. Алдағы күннен өзімнің, отбасымның, балаларымның, еліміздің жарқын болашағын елестетемін. Алға қойған мақсат-мұрат көп. Қызмет бабында өсуден бөлек, жанұям мен туған-туыс, ел алдында да абыройымыздың өскенін қалаймын. Бастысы елімізде тыныштық болсын. Елдегі әр жанұя бақытты күн кеше берсін. Ал біз сол еліміздің өркендеп өсуі үшін қызмет ете берейік.
Сізге бүгінгі сұхбатыңыз үшін алғыс білдіремін. Қызмет бабында көтеріле беріңіз. Отбасыңыз аман болсын. Сізді алда келе жатқан кәсіби мерекеңіз – қаржы қызметкерлері күнімен шын жүректен құттықтаймын, қызметіңізге тек табыс тілеймін.
Сізге де көп рахмет, айтқаныңыз келсін!
Әңгімелескен, қатардағы Нұрлан Өмірзақов
Источник: qazaq.asia