263 rob
«Махаббат, қызық, мал мен бақ. Көрінуші еді дос ортақ» осылайша Хәкім Абай адам өміріндегі ең қызықты жастық шақты сағынышпен суреттейді. Баршамызға белгілі жастық кезімізде үйренетін, дос табатын, болашақтың іргетасын қалайтын кез. Әскер қатарына жастар баратыны белгілі. Он сегізден жаңа асқан жас сарбаздарды әңгімеге тартып, Отан қорғау туралы ойларын білгіміз келді. Бұл ойымызды жүзеге асыру 5451 әскери бөліміне сапармен барғанда мүмкін болды.
Қатардағы жауынгер Мадияр Абитанов Павлодар облысынан шақырылған. Отан қорғау үшін өз еркімен сұранып әскер қатарына қосылды. «Әскер саған не берді?» деген сауалымызға былай деп жауап берді.
– Ұлттық ұлан қатарына қосылғаныма өкінбеймін. Керісінше, мақтан тұтамын. Мұнда біз ұжым болып ұйысуды, бірлесуді үйрендік. Ата-ана,
дос-жаран, жақындардың қадірін жетік түсіне алдық. Бос уақыт деген жоқ. Сондықтан уақыттың қадірін түсіне бастадым. Уақытты тек пайдалы дүниелерге жұмсауды әскер қатарында үйрендік. Бос уақытта Әскери Жарғылар мен өз міндеттерімізді, заңдық-нормативтік актілерді жаттауға тырысамыз. Өйткені, қызметіміз халықпен тығыз байланысты. Біз қалада қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша қызмет атқарамыз. Әр ісіміз салмақты заң талаптарына сай, заңмен өлшеулі болғаны жөн. Осында жүріп әскери салаға қызығушылығым ашылды. Өз мамандығым дәнекерлеуші. Зауытта да жұмыс жасағанмын. Әскерден кейін заңгер мамандығы бойынша жоғары оқу орнына түсіп, аяқтағаннан кейін, өмірімді әскери не болмаса құқық қорғау саласымен байланыстырамын. Өмірге деген көзқарасымды өзгерткен, соған әсер еткен әскерге алғысым мол. Әсіресе, офицерлер мен бөлімше командирлері, келісімшарт бойынша сержанттарға берген білімдері үшін алғыс айтқым келеді.
Екінші сарбаз қатардағы Ернат Борықбай да қаруласының сөзін іліп әкетті. Ернат Ринатұлы әскерге Алматы облысынан шақырылған.
– Мен Алматы облысы, қазіргі Жетісу облысы Қапал-Арасан ауылынан Ұлттық ұланға шақырылдым. Әскерге келгенімді мақтан тұтамын. Ауылда мектепті аяқтағаннан кейін, Отан қорғау үшін өз еркіммен әскерге сұранған болатынмын. Мұнда достық пен бауырмашылдық, тәртіп пен жауапкершілік секілді игі қасиеттерді үйрендім. Барлығымыз бір атаның баласындай достасып кеттік. Қазақстанның түкпір-түкпірінен сарбаздар шақырылған. Енді болашақта әр облыста достарымыз болады. Керемет емес пе?! Міне, маған әскер не берді деген сұрақтың жауабы. Маған көптеген достар сыйлады. Біз бірге уақыт өткіземіз. Қызметке бірге аттанамыз. Қарағанды қаласындағы мәдени-бұқаралық шараларда қоғамдық тәртіпті күзетеміз. «Шахтер» стадионындағы футбол ойындары, қала күндеріндегі орталық алаң, тіпті Астана қаласы Әлемдік діндер лидерлерінің Съезі, Ұлытау облысындағы Құрылтайға барып қызмет еттік. Бұл ауылдан шыққан мен секілді қарапайым бала үшін үлкен жаңалық. Тіпті театр, ірі концерттерді осы әскер қатарына сарбаз болып келгенімнің арқасында көрдім. Міне, әскер маған осындай ұмытылмас сәттерді сыйлады. Ең бастысы біз Отанымызды қорғап жүрміз. Одан асқан бақыт жоқ, – деп Ернат ағынан жарылды.
Үшінші сарбаз қатардағы Серікбол Болатхан жасы ересек жауынгер саналады. Ол әскерге дейін журналист болып жұмыс жасапты. Азаматтық өмірдегі әскер туралы түсінік пен қазіргі түсінігі екі бөлек дүние екенін жасырмай айтады.
– Әскерге дейін Түркістан қаласындағы Ахмет Яссауи атындағы Қазақ-түрік Университетінде журналистика мамандығы бойынша білім алып шықтым. Кейін туған қалам Павлодарға келгенде Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы Павлодар университетінде магистратураға түстім. Бірінші курстан кейін оқуымнан академиялық демалыс алып, әскерге келдім. Өз таңдауыма еш өкінбеймін. Өйткені, өз шығармашылығымдағы қажетті дүниелерді осы әскери ортада таптым десем болады. Павлодар қаласындағы «Ертіс» телеарнасында жұмыс жасадым. Сол жерде жүргенде де әскер туралы көп еститінмін. Жастардың көбісі әскерден жалтарғысы келетінін де көріп, еститінмін. Өзім әскерге келгенде ойым өзгерді. Бір жыл уақыт адамның өз өмірін кері ойлануға, қосымша білім жинауға кетіретінін түсіндім. Бастысы адамның бойында әскери қызметкерлерге тән ержүректілік, қырағылық, шыдамдылық, Отанға деген адалдық іспетті мінез қалыптасады. Адам нақты, әрі дұрыс ойлануға үйренеді. Әскердегі достықтың орны тіпті бір бөлек тақырып. Осы жерде жүріп қаламымды шындап келемін. Бірнеше өлең жаздым. Шығармаларды да жинақтап келемін. Ер жігіт үшін өзін сынайтын, дамытатын таптырмас ортаң. Біздің міндет – Отанды қорғау. Осы тақырып аясында да біраз құнды дүниелерді қаперіме алып келемін. Болашақта әскери басылымдарға мақалаларымды жолдайтын боламын, – дейді жас қалам иесі.
Серікбол өз күшімен жоғары оқуға түскен, өз талантымен талайды тәнті еткен, үміт күттірер қарымды қалам иесі. Әскер қатарында жүріп, өз болмысын жоғалтпаған. Керісінше, өз болмысына ер азаматқа тән батылдықты қоса алды.
Бір сөзбен айтқанда, әскер қатарындағы жастар өздерінің барлық жақсы қырларын ашып, жан-жақты даму жолында жүр. Ел ертеңі жастарымыздың қолдары қуатқа, көңілдері шуаққа, ниеттері бірлікке, жүректері ерлікке толы болғай!
Майор Дарын СЕЙІТОВ
Источник: qazaq.asia