272 Awrora
Маңғыстауда кәсіпкерлікке кедергі келтірген мемлекеттік және квазимемлекеттік сектордың 12 лауазымды тұлғасы сотталды. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаменті басшысының м.у.а. Шамурайт Шаменов айтты, деп хабарлайды DKNews.kz.
«Мемлекеттік органдардағы сыбайлас жемқорлық, әкімшілік кедергілер, заңнамалық олқылықтар бизнеске кедергі келтіретін негізгі факторлар. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаменті соңғы 2 жылда кәсіпкерлікті қорғау саласында пара алу және беру, жымқыру, алаяқтық фактілері бойынша 16 қылмыстық іс қаралды. Мемлекеттік және квазимемлекеттік сектордың 12 лауазымды тұлғасы сотталды, сондай-ақ, 11 кәсіпкерлік субъектісінің құқығы қорғалды. Әкімшілік кедергілердің қандай кезеңдерде пайда болатынын түсіну үшін біз кәсіпкерлердің қатысуымен эксперимент жүргіземіз, бизнестің барлық өкілдерімен ынтымақтастыққа дайынбыз» Шамурайт Шаменов
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтардың кәсіпкерлік рухын тежейтін барлық жасанды кедергілер мен шектеулерді жою туралы айтқан болатын. Осыған орай, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет 2023 жылды «Бизнесті қорғау жылы» деп жариялады және бұл бағыт басым бағыттардың бірі ретінде айқындалды.
«Көбінесе шенеуніктер қолданыстағы нормалар мен ережелерді сақтамай, белгілі бір шешімдер қабылдауды, лицензиялар мен рұқсат құжаттарын беруді кешіктіреді, бұл олардың тарапынан сыбайлас жемқорлық көріністерінің пайда болуына негіз болады. Кәсіпкерлердің құқықтары жиі бұзылатын салаларға мониторинг пен талдау жүргізуге негізделетін жүйелік проблемаларды жоюды мақсат етіп отырмыз» Шамурайт Шаменов
Айта кетейік, мемлекеттік органдардың тарапынан әкімшілік кедергілер мен заңнамалық олқылықтарға тап болған жағдайда, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке хабарлауға болады.
Источник: qazaq.asia