Мағжан сенген жастармыз

Мағжан сенген жастармыз

236 rob

Фотосурет: ҚР ҰҰ баспасөз қызметі

Ұлттық ұланның Ән-би ансамблі 1992 жылы Алматы қаласында өз қызметін бастаған болатын.

Елорда Астана атанған шақта Ансамбль құрамы да жас қалаға ауысып, сол уақыттан бері бас шаһарда міндеттерін атқарып келе жатыр. Ансамбль қатарындағы өнер адамдары – солист-әншілер, мың бұралған бишілер тобы, Ерлер хоры қазіргі уақытта Ұлттық ұланның дәрежесін биікке көтеріп, әр түрлі ақпараттық-насихат топтарында ел-елді аралап, халықтың жүрегінен орын тауып жүр. Солардың қатарында Ән-би Ансамблінің офицер-солисі кіші сержант Ерасыл Тоқанұлы Бозаевтың өнер жолындағы жетістіктері мен өмірбаянымен танысатын боламыз. Қашан көрсең де жүзінен жылулық пен кішіпейілдік байқалып тұратын Ерасылмен болған шағын сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.

— Ерасыл, алдымен өнерге, ансамбль қатарына қалай келдіңіз, сол туралы айтып өтсеңіз…

— Менің өнерге келуім құқықтық тәртіп әскерімен тығыз байланысты.

Тіпті, өнерді таңдауыма да себепкер болған Ішкі әскер (қазіргі Ұлттық ұлан) десем артық айтқаным емес. Бірақ бұл өнерден тіпті құралақан болдым деген сөз емес. Мен әскерге дейін де мәдени шараларда ән айтатынмын. Әскери өмірде де қоғамдық шараларды ұйымдастыру сол тәжірибемнің жалғасы іспетті болды.

2012 жылы мен Шығыс Қазақстан облысынан Астана қаласындағы 5570 әскери бөліміне азаматтық борышымды өтеуге шақырылдым. Әскердегі біржылдық қызметім көзді ашып-жұмғанша жылдам өтті. Себебі мен әскери бөлімде өткізілетін әр түрлі қоғамдық-мәдени шаралардың басы-қасында жүретінмін. Түрлі концерттер, сарбаздар арасында өтетін көңілді
тапқырлар клубы, мерекелік шаралардың барлығы менің қатысуымсыз өтпейтін. Өнерге деген жақындығымды байқаған әскери бөлім басшылығы мені 2013 жылы Қарулы Күштер арасында ұйымдастырылған «Жасұлан» патриоттық конкурсына қосты. Сол жерде жүлделі орынға ие болдым. Сол кезде сарбаздың жеңімпаз атануы – ансамбль тарихында алғаш рет болды. Осы тұста айта кететін жәйт, барлығыңызға таныс ансамбль солисі Денис Яковлев менің қарулас досым болды. Ол сол кезде Астана қаласында орналасқан 3660 әскери бөлімінде борышын өткерді. Бір күнде, бір бұйрықпен екеуміз әскери өмірге бірге қадам басқан болатынбыз. Сол себепті онымен қазіргі уақытта әріптес ретінде ғана емес, қарулас дос ретінде де қарым-қатынастамыз. Дениспен бірге Отан алдындағы азамттық борышты өтеу жолында қоғамдық жұмыстарды бірге атқарып, белсенділік танытқан болатынбыз.

Сонымен, бір жыл қас-қағым сәтте өтіп кетті, ата-анамызға оралатын уақыт таяғанда маған тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар басқармасының сол кездегі бастығы марқұм полковник Мұхаметқали Құсайнұлы Сатов пен ансамбль жетекшісі полковник Рахметжан Шамұратовтан ұсыныс түсті. «Сенің өнерге деген құлшынысыңды байқап, Ішкі әскердің (қазіргі Ұлттық ұлан) Ән-би ансамбліне келісімшарт қызметі бойынша жалғастыруға қызметке қалуға ұсыныс жасаймын!» деді. Ата-анаммен, өзімнің жүрек қалауыммен әскери қызметімді
жалғастыруға бел буып, сол кездегі Ішкі әскер Қолбасшысы генерал-майор Руслан Жақсылықовтың қабылдауында болып, қызметімді жалғастырып кеттім. Міне, қазіргі уақытта Ұлттық ұланның Ән-би Ансамблінде қызмет атқарып жүргеніме 10 жылдан астам уақыт өтіп кетіпті. Осылайша, менің өнерге қол сермеп, қалықтауыма Ішкі әскердің жаны жайсаң жандар әсер етті.

– Ұлттық ұлан Ән-би Ансамблінде қызмет атқарғаныңызға он жылдан астам уақыт өткен екен, қандай жетістіктерге жеттіңіз, қандай музыкалық конкурстарға қатыстыңыз?

– Өнер – шексіз, бір орында шектеліп қалуға болмайды. Сондықтан Ансамбльдің тікелей атқарылатын қызметтерінен басқа әр түрлі конкурстарға қатысып, тәжірибемді шыңдап келемін. Кез келген адамның ширап, дамуы үшін күнделікті тәжірибе қажет-ақ. Сондықтан қандай да бір ұйымдастырылған конкурс, байқауларға бағымды сынап, қатысуға тырысамын. Солардың бірқатарын айтып өтейін. Қала күнінің 10 жылдығына орай ұйымдастырылған Астана қаласы әкімінің Кубогына арналған музыкалық конкурста Гран-при иесі атандым, Ақтөбе қаласында 2020 жылы бүкіләлемдік пандемия кезінде Р. Бағланова апайымыздың 100 жылдығына орай ұйымдастырылған республикалық «Ақмаңдайлым» онлайн-музыкалық конкурсында I орын жеңімпазы болсам, 2021 жылы «Түркістан дауысы» республикалық-конкурсының дипломанты атандым. 2022 жылы Қызылорда қаласында дәстүрлі түрде өтетін әнші Батырхан Шөкеновтың 60 жылдығына орай өткізілген «Отан-Ана» III республикалық конкурсында I орынға ие болдым. Ең басты жетістігімнің бірі ретінде айтып өтейін, 2022 жылы шығармашылығымның 10 жылдығына орай «Мағжан сенген жастармыз!» атты альбомым жарық көрді.

Сонымен қатар, 2021 жылы Ұлттық ұлан Ән-би Ансамблінің ұжымымен бірге Уфа қаласындағы фолькориадаға қатыстық. Ал былтыр өздеріңізге белгілі «Қазақстан Республикасына қызмет етемін!» акциясы бойынша Қазақстанның бірталай жерлерін араладық.

Әскери адам болғаннан кейін лауазымның да маңызы бар ғой, осы жылы Ансамбльде жаңа офицерлік лауазымға тағайындалдым. Енді, Алланың қалауымен келесі жылы алғашқы офицерлік «лейтенант» шеніне ие боламын деген үмітім бар.

Жалпы, Қазақстан бойынша кең көлемде өтетін шаралардың барлығына қатысып отырамыз. Ұлттық ұлан Ән-би Ансамблінің ойып тұрып орын алатын өзіндік орны бар деп ойлаймын.

– «Мағжан сенген жастармыз» атты альбомыңыз жарыққа шықты дедіңіз, құтты болсын! Сол туралы кеңірек айтып өтсеңіз…

 – Ақын М. Жұмабаев атамыз «Мен жастарға сенемін!» деп, қазақтың рухты, жігерлі жігіттеріне өлең арнап кетсе, менің сол өлеңге жауап ретінде жазылған әнім осыдан үш жыл бұрын жарық көрген болатын. Сол патриоттық тақырыптағы әннің атымен, 2022 жылы шығармашылығымның 10 жылдығына орай альбом жинақтадым. Онда ән-қоржынымдағы жиырмаға жуық өлеңдерім енгізілген. Әндерімнің көбісі менің жақын жолдастарым Нұрлыбек Амановтың және актер, киноактер Олжас Жақыпбектің әндеріне жазылған туындылар, белгілі ақын Саят Әбеновтың де шығармалары бар. Бірнеше аспапта ойнайтын Нұрлыбек Амановтың есімі барлығына таныс, оның еңбегі өлшеусіз. Осы жинақтағы өлеңдерімнің аранжировкасын да жасаған өзі.

Осы ән-жинағымды былтыр туған жеріме Мақаншы ауылына апарып, туған  атамның 100 жылдығына орай жеке концертімді беріп, 500 дана  альбомымды тегін тараттым. Ондағы мақсатым – жастар арасында өнерді насихаттап, рухты, жігерлі туындыларды тыңдасын деген ниет болды. Онымен қоса, алғашқы жеке шығармашылық концертімді туған елден бастап, үлкендердің батасын алайын деген ниет болды.

– Сіз өзіңіз композиторлықпен айналысасыз ба, ән жазасыз ба?

– Мен ән жазумен енді ғана айналысып жүрмін, бірақ толықтай қолға алдым деу ертерек. «Қарапайым қыз» деп аталатын өлеңді жазғанмын. Досым Нұрлыбектің әнді өңдеуге көмегі көп болды, сөзі Тоба Өтепбайдыкі. Жаңа бағытта өзімді сынап көрейін дедім, жаман болмаған сияқты. «Жігітке жеті өнер де аз» дегендей, өзімді барлық жағынан сынап-шыңдап жүргім келеді.

– Ерасыл, басқа Қарулы Күштер ансамбльдерінің солистерімен қандай қарым-
қатынастасыз?

– Шекара қызметі болсын, басқа да әскер құрылымдарының ансамбльдерімен мейлінше жақсы қарым-қатынас орнатуға тырысамыз. Олар Ұлттық ұлан Бас қолбасшысына қызметтік хат жіберу арқылы бізге сұраныс жібереді. Әр түрлі Мемлекеттік шараларды, республикалық, қалалық концерттерді бірге өткіземіз. Олардың барлығымен тығыз қарым-қатынастамыз. 

– Қай тілдерде ән айтасыз?

–  Әнді қай тілде айтсаң да, жүректен шығу керек. Әннің мазмұнын түсініп, жүрекпен айтылса, қай тілде айтап тұрғаның маңызды емес. Десе де мен түрік, қазақ және орыс тілдерінде айта беремін, ағылшын тілінде де әндерім бар, бірақ толық өңделмеген.

– Отан қорғау жолында қызмет атқарғандықтан жеке шығармашылығыңызда тек қана «патриоттық әндер айтылу керек» деген шектеулер жоқ па?

– Біздің жеке шығармашылығымызға Ұлттық ұлан, ансамбль басшылығы тарапынан, ешқандай «тоқта» деген белгі жоқ. Керісінше, өнерді барынша насихаттап, дамыту қажет. Әндерімнің тақырыптары алуан түрлі, бірі – Отан туралы, бірі – махаббат, енді бірі – ана туралы, әке махаббаты туралы айта береміз. Ешбір шектеусіз, еркін тақырыпта, ең бастысы – жүректен шыққан ән тыңдарманның жүрегінен орын табады.

– Қандай аспаптарда ойнай аласыз?

– Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра дегендей, міндетті түрде домбыраны тартамын. Гитарамен де ән айта беремін. Нотаны танығаннан кейін барлық аспаптардың тілін тани бересің. Ансамбльде алғашында 6-7 ғана адам болды, кадрлық жетіспеушілік уақытында өзіміз дайындалып хордың бастамасын бастап,  хордың құрамында да болдық. Одан кейін хордың құрамы жасақталғаннан кейін, жеке әнші, жеке солист атанып, тарап кеттік.

– Шығармашылығыңызбен таныстық, енді әскердегі Ерасыл туралы білсек…

– Әскер – кез келген әскери
қызметшіден алдымен жауапты болуды, тиянақтылықты, жылдамдықты талап етеді. Біздің де таңымыз жеке құрамды таңғы тексеруден басталады. Өздеріңізбен бірге біз де жылына бір рет өтетін қорытынды тексерісті тапсырамыз, міндетті түрде ату-жаттығу дайындығы бойынша сынақтан өтеміз. Жалпы әскери қызметшілер қандай қызмет атқарса, біз де солардың қатарындамыз.

«Шығармашылық жандар» қатарынан болсақ та, әскердің кез келген бұйрықтары мен талаптарын орындаймыз және Әскери антқа адалмыз, бір сөзбен айтқанда, Отан үшін адал қызмет етуге дайынбыз!

– Енді өзіңіз туралы, отбасыңыз жөнінде айтып өтсеңіз…

–  Мен қазіргі Абай облысы Үржар ауданы  Мақаншы ауылының тумасымын. Бала күнімнен домбыра үйірмесіне қатысқанмын. 1-9 сынып аралығында спортқа бейім болдым. Жастар арасында дзюдо күресінен спорт шебері деген атағым да бар. Жол көлігінде қозғалыс басқармасын ұйымдастыру бойынша мамандық иесі атандым, бірақ ол салада қызмет атқарған емеспін. Әскер қатарына келіп, өз жолымды тапқан жанмын. Жоғарыда айтып өттім, әскерге келгенде менде музыкалық білім болған жоқ, осы Ұлттық ұлан қатарындағы генералдар мен офицерлердің менің талантымды бағалауының нәтижесінде, сол кісілердің қолдауының арқасында Семей қаласындағы Шәкәрім атындағы университетті аяқтап, кәсіби музыкант атандым.

Отбасым туралы айтып өтер болсам, ата-анамның өнерге ешқандай қатысы жоқ. Анам Бозаева Күләш Канадиқызы орыс тілі мен әдебиетінің мұғалімі, әкем Бозаев Тоқан Нөкежанұлы жеңіл атлетикадан еңбегі сіңген спорт шебері. Негізі әкем мені спорттан көргісі келді, бірақ менің таңдауым басқа болды. Әкем қазіргі уақытта Қазақстан бойынша тоғызқұмалақты дамытуға үлесін қосып жүр. Ол Мақаншы ауылындағы Найманбай мектебінде тоғызқұмалақтан сабақ береді, ал анам зейнеткерлік демалыста. Отбасымда жалпы бес баламыз. Мен үш қыздан кейін туылғанмын, ал менен кейінгі бауырыммен он бес жас аралығында айырмашылық бар. Мен он алты жыл үйдің еркесі атанып жүргенмін. Қазақ ұрпағының ізін жалғайтын ер баланың болғанын аңсайды ғой, мен де солай көптен күткен қуаныштарының бірі болғанмын. Менің есімімнің қойылуы да ерекше. Мен дүниеге келген жылы, яғни 1991 жылы Мақаншы ауылында Қабанбай батырдың 550 жылдығына орай үлкен ұлан-асыр үлкен той болған, соған орайластырып қойған. Қабанбайдың шын есімі – Ерасыл екенін білесіздер ғой, сол Ерасылдай атқа мінер батыр болсын деп ырымдаған екен. Қазір ел басқармасақ та, Отан алдындағы міндетімізді атқарып жүрген жайымыз бар. Бауырларым туралы айтар болсам, екі әпкем осы Астана қаласында тұрады, біреуі Аягөзде тұрады. Біреуі дәрігер, біреуі құрылыс саласында, ал үшінші әпкем полиглот, сегіз тілді меңгерген, мектепті үздік аяқтап, Алтын белгі иегері атанған. Ал өзімнен кейінгі кенже бауырым Жандос Астана қаласындағы Политехникалық колледждің IT маманы бойынша білім алуда. Оның өнерге жақындығы бар, «Ютуб» әлеуметтік желісінде белсенді, өзінің каналы бар, түрлі жанрда, тақырыпта бейнероликтер жасайды.

Өзімнің отбасылық жағдайыма келетін болсақ, 2015 жылы шаңырақ көтердім. Жұбайым Ақмарал Заманқызы Сұлтанова 1992 жылы дүниеге келген. Осы Астана қаласының тумасы, өнерге ешқандай қатысы жоқ. Үш балапаным бар, тұңғыш қызым Айша жеті жаста, ал екінші қызым Малика төртте, ұлым Батырхан екі жарым жаста. Осы тұста айта кететін бір жайт – мен өнердегі ағамыз Батырхан Шөкеновтың шығармашылығын қатты ұнатамын, сол кісінің әндерін тыңдаймын, сол себепті ұлымның есімін де сол кісінің құрметіне орай Батырхан деп қойған едім. Болашақта сол кісідей Қазақстанның өнерлі әншілерінің бірі болса деген арман, үміт бар.

– Қатал әкесіз бе? Үнемі іссапарларда жүресіз, жарыңыздың оған көзқарасы қандай?

– Мен өзімді әзірше қатал әкемін деп айта алмаймын, себебі балаларым әлі кішкентай, оның үстіне қыз баланы қазақ халқы еркелетіп өсірген ғой, ал ұлым болса әлі кішкентай. Бірақ ер балаға әкенің қаталдығы керек-ақ. Сондықтан оны уақыт көрсетер. Ал жұбайым өнерді түсінеді, бағалайды. Жалпы менің ойымша берекелі отбасында түсіністік пен сыйластық болмаса, оны отбасы деп айтудың керегі жоқ. Сенімсіздік, ұрыс-керісушілік болған отбасында береке болмайды. Сондықтан жарым менің өнеріме, қызметіме түсіністікпен қарап, отбасымда балаларымның тәрбиесімен айналысып, менің жағдайымды жасап отырады.

– Өмірдегі, өнердегі принциптеріңіз қандай?

– Менің өмірлік девизім: бәсекелестерден әрқашан бір қадам алда болу. Егер ондай болмаған жағдайда, ол істі жасамау.

– Болашаққа қандай жоспарларыңыз бар?

– Болашаққа жоспар көп, үлкен шығармашылық есеп беру концертін берсем деген ойым бар. Сонымен қатар, жаңа альбом жинақтап жатырмын. Бірақ әлі көп ізденіс қажет, бұл жинақтың ерекшелігі – еркін жанрдағы әндер топтастырылған, алғашқы альбомымда көбінесе патриоттық әндер болса, бұл ән-жинақта басқашалау болады. Оның да тұсауын кесетін сәт те туар, сондықтан жоспар көп, еңбектеніп, көп іздену қажет.

– Сұхбатыңызға рахмет, Ерасыл Тоқпанұлы! Сізге шығармашылық табыс пен отбасыңызға амандық тілеймін!

Лейтенант Құралай Жұмақызы

Источник: qazaq.asia

Яндекс.Метрика