Мәртебемді мақтан етемін!

Мәртебемді мақтан етемін!

315 rob

Биылғы қыста Отан алдындағы борышын өтеу үшін Жамбыл өңіріне келген жас толықтырулар еліміздің түрлі өңірлерінен іріктелді. Республикалық маңызы бар Астана, Алматы, Шымкент сияқты ірі қалалар және Ақмола, Түркістан, Қарағанды облыстарынан келген 400-ден астам жас сарбаз қазір Тараз қаласында алғашқы жауынгерлік мектептен өтіп жатыр. Олардың 26-сының жоғары білімі бар. Ұлттық ұланға іріктелген сарбаздар әскер туралы ақпаратты әскери бөлімнің аумағына енбей жатып ала бастайды. Пойызға мінген олар 2000 жылдан аса тарихы бар қалаға жеткенше әскердің төл баспасы «Қалқан» газеті, «Бүркіт» журналдарын оқып, арнайы әзірленген брошюралардан Ұлттық ұланның міндеттерімен танысып барды. Бозбалалардың әскермен алғашқы жақын танысулары да осы сапар үстінде басталды. Өзара әңгіме-дүкен құрып, үстел ойындарын ермек етті. Көлікке жол алыс болып па, діттеген жерге бір тәулікке жетер-жетпес уақытта алып келді.

Жас толықтыруларды әскери бөлімнің қолбасшылығы қарсы алғаннан кейін, олар бірден жуынып-шайынып, әскери формаларын алуға жіберілді. Әскери киімді алғаш киген сарбаздың сезімі ерекше болады. Өйткені жас бозбаланың өзінің жауынгер сезінуі осы сәттен басталады.

Сонымен жас жауынгердің әскердегі өмірі басталып кетті. Әскерге келгендегі алғашқы әсері туралы Түркістан облысынан келген қатардағы Әділхан Мырза былай әңгімелейді:

– Әскерге шақырту қағазын алғанда, көп ойланған жоқпын. Рас, өмірімдегі өтуі қиын бір сынақ секілді сезілгенін мойындаймын. Басында әскерге барсам ба, әлде осылай сәні бар, мәні аздау алаңсыз жүрген өмірімді жалғастыра бергенім жөн бе деген ой да келді. Осы сәтте мектептегі сынып жетекшімнің «Егер нағыз ер болсаң, еліңнің патриотымын деп сезінетін болсаң, әскери борышыңды өте!» деген сөзі есіме түсті. Сонымен әскерге барамын деген шешімге келдім. Ата-анама осы шешімімді жеткіздім, олар оң қабақ танытып, ақ жол тілеп шығарып салды. Келесі күні әскери-дәрігерлік тексеруден өтіп, денсаулығымның жарамдылығы жөнінде анықтама алып, әскерге қабылдандым.

Тақырлап алынған шаш, әскери киім – бұрын-соңды өзімді елестетпеген бейнем. Таңғы ұйқыдан ояну, жаттығу, таңғы асқа асығу және алғашқы әскери дайындық, әскер білімінің алғашқы баспалдақтарынан өту сияқты өмірімнің ерекше кезеңі басталып кетті. Ер-азаматтың бойында болуы тиіс шыдамдылық, сабырлық, қиындыққа төзе білу, қанағатшыл болу сияқты қасиеттерді игеріп келе жатқанымды сезіне бастадым. Әскерге келгелі Отаныма деген сүйіспеншілігім арта түсті, ол үшін жауапкершілік жүгін де еселеп түйсініп келемін. Қазіргі Отан қорғаушы деген мәртебемді мақтан етемін!

Міне, бұл – әскерге жаңа келген жас сарбаздың сөзі.

Оқу пункті туралы сөз болғанда, оның әкімшілігі туралы айтпай кетуге болмайды. Осы орайда, оқу пунктінің бастығы подполковник Рүстем Сайдуов, оқу пункті бастығының орынбасары – штаб бастығы майор Самат Кидиров, оқу пункті бастығының ТжӘҚЖ жөніндегі орынбасары капитан Бақытжан Утжанов, оқу пункті медицина қызметінің бастығы капитан Қазбек Мәлтай, оқу пункті бойынша әскери полиция бөлімшесінің аға жедел өкілі капитан Досымхан Оразовтың еңбегін атап өту керек.

Сарбаздар отбасылық жағдайына, мінез-құлқына, жас ерекшеліктеріне және психологиялық жай-күйіне қарай іріктеліп, атқыштар бөлінісіне және жедел мақсаттағы бөліністерге бағытталып, жұмыс жүргізіліп жатыр.

– Оқу пунктінде психолог жұмысының рөлі зор. Бірақ қазір әскери бөлімде психолог маманның лауазымы бос болуына байланысты М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің психологтары мен студенттерін шақыртып жұмыс жүргізіп жатырмыз. Олар әр сарбазбен жеке әңгіме өткізеді, әрқайсысын зерделеп, ақпарат жинайды, тұлғаның танымдық қасиеттерін анықтау үшін түрлі психологиялық тест алады. Әскерге бейімделу кезеңінде психологтың сарбазға көрсетер көмегі үлкен, – дейді тәрбиеші офицер капитан Бақытжан Утжанов.

Биыл ерекше салқындық танытқан Тараздың қытымырлау қысы бөлімге келген жас сарбаздарды ызғырықжелімен, боранымен аса қорқыта алмады. Себебі олардың қасында ер жігітке тән төзімділік пен қайсарлықты үйрете білетін, үлгі болатын командирлері бар!

Подполковник Бақыт Әліпбаев, Тараз қаласы

Источник: qazaq.asia

Яндекс.Метрика