Мәдина Әбілқасымова азаматтарды қабылдады

Мәдина Әбілқасымова азаматтарды қабылдады

166 rob

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында қойған «еститін мемлекетті» қалыптастыру жөніндегі міндеттер шеңберінде, сондай-ақ ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің (бұдан әрі – Агенттік) қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі қызметі шеңберінде Агенттік Төрағасы Мәдина Әбілқасымова азаматтарды кезекті қабылдауын өткізді, деп хабарлайды DKNews.kz.

Қабылдау барысында депозиттен жоғалған қаражатты қайтаруға, сақтандыру төлемін жүзеге асыруға және оның мөлшерін айқындауға, банк клиенттері арасындағы операциялар кезінде КЖ/ТҚҚ талаптарын сақтауға, кепілді кредиттік қарыздарды, оның ішінде кәсіпкерлік қарыздарды қайта қаржыландыруға, Ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру бағдарламасына (бұдан әрі – Бағдарлама) қатысуға, қарыздар бойынша бланкілік қалдықтарды есептен шығаруға, сондай-ақ халықтың әлеуметтік осал топтарының (бұдан әрі – ХӘОТ) өкілдері үшін қарыздарды қайта құрылымдауға қатысты мәселелер қаралды.

М. Әбілқасымова бірде-бір өтініш назардан тыс қалмайтынын, азаматтар айтқан барлық мәселелер заңнама нормаларын сақтай отырып орындалатынын атап өтті.

2022 жылы Агенттікке азаматтардан 35,3 мыңға жуық өтініш келіп түсті, барлық өтініштердің 65%-ы банк секторына тиесілі. Микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдар қызметінің мәселелері бойынша өтініштер 20%-ды құрайды, қаралған өтініштердің жалпы санының 15%-ы өзге ұйымдарға тиесілі.

Азаматтардың банктік қарыздары мен микрокредиттері бойынша мерзімі өткен берешекті реттеудің бірыңғай тәртібін іске асыруды мониторингтеу тұрақты негізде жүзеге асырылады. 2022 жылы банктерге қарыздарды қайта құрылымдау бойынша  357,8 мың қарыз алушы жүгінді, оның ішінде жасалған банктік қарыз шарттарының талаптарына өзгерістер 261,5 мың қарыз алушыға немесе 73,1%-ына мақұлданды. Микроқаржы ұйымдарына микрокредит бойынша берешекті қайта құрылымдау туралы өтінішпен 239,1 мың қарыз алушы жүгінді. Қаралғандардың ішінен 181,3 мың өтініш берушінің өтініші қанағаттандырылды (өтініш бергендер санының 75,8%-ы).

Халықпен жедел өзара іс-қимыл жасау үшін Агенттікте call-орталық жұмыс істеуде. 2021 жылы call-орталыққа азаматтардан 5,8 мыңнан астам, 2022 жылы азаматтардан 13 мыңға жуық қоңырау келіп түсті.

Сонымен қатар М. Әбілқасымова ХӘОТ-ты қорғауға қатысты мәселелер Агенттіктің ерекше бақылауында екендігін атап өтті. Мәселен,  Бағдарламаны іске асырудың бүкіл кезеңінде 45,2 мың қарыз алушының 320,2 млрд теңге сомасындағы қарызы қайта қаржыландырылды. Бағдарламаға 2022 жылы енгізілген өзгерістерді ескере отырып, бүгінгі таңда ХӘОТ-ға жататын 9,6 мың қарыз алушыға 63 млрд теңге сомаға қолдау шаралары көрсетілді. 2023 жылғы 1 шілдеге дейін шамамен 1 мың қарыз алушыны қамту қосымша жоспарланып отыр.

Бағдарлама шеңберінде қабылданған шаралардың және мемлекеттік ипотекалық кредиттеудің жеңілдетілген бағдарламасы арқасында 90 күннен астам мерзімі өткен берешегі бар жеке тұлғалардың проблемалық қарыздарының үлесі банктердің ипотекалық портфелінде 2015 жылы 30%-дан 2022 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша 0,7%-ға дейін төмендеді.

Агенттік өкілдерінің қатысуымен апта сайынғы негізде Қарыз алушылардың шағымдарын қарау жөніндегі комиссияның (бұдан әрі – Комиссия) отырыстары өткізіледі. 2022 жылы Комиссияның 59 отырысы өткізіліп, олардың нәтижелері бойынша Бағдарламаның 1 және 2-бөлімі бойынша қарыздарды қайта қаржыландыру туралы 238 шешім және Бағдарламаның 2-1-бөлімі бойынша қосымша көмек көрсету туралы 336 ұсыным шығарылды.

Мәдина Әбілқасымова қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың Агенттіктің аса маңызды міндеттерінің бірі болып табылатынын, азаматтарды қабылдаудың жүйелі түрде жүргізілетінін атап өтті.

Источник: qazaq.asia

Яндекс.Метрика