Ұлттық ұланда 2022 жылдың қорытындысы шығарылды

Ұлттық ұланда 2022 жылдың қорытындысы шығарылды

252 rob

Бүгін ҚР Ұлттық ұланының елордалық бригадасында құқықтық тәртіп әскерлерінің басшылық құрамының үш күндік оқу-әдістемелік жиыны аяқталды. Іс-шара аясында ҚР Ішкі істер министрі полиция генерал-полковнигі Марат Ахметжанов төрағалығымен Әскери кеңестің кезекті отырысы өтті, деп хабарлайды DKNews.kz.

Кеңейтілген құрамда өткен отырысқа ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары — Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы генерал-майор Еркін Ботақанов, сондай-ақ Бас қолбасшылықтың генералдары мен офицерлері, өңірлік қолбасшылықтардың қолбасшылары мен Академия бастығы, әскери бөлімдердің командирлері және олардың тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыс жөніндегі орынбасарлары, Әскери полиция бастықтары және өзара қарым-қатынас органдардың өкілдері қатысты.

Іс-шара барысында әскерлердің қызметтік-жауынгерлік қызметінің өткен жылғы қорытындылары шығарылып, ҚР Қарулы Күштері Президентінің-Жоғарғы Бас қолбасшысының жаңа талаптары аясында Ұлттық ұлан әскерін одан әрі жетілдіру және дамыту мәселелері қаралды.

Қатысушылар алдында сөз сөйлеген құқық қорғау ведомствосының басшысы Марат Ахметжанов бөлімдер мен бөлімшелердің қызметтік-жауынгерлік қызметін ұйымдастыруды одан әрі жетілдіру, кадрларды нығайту, әскери тәртіп пен құқықтық тәртіпті сақтау бойынша бірқатар міндеттерді қойды.

— Жедел жағдай шиеленіскен кезде полиция департаменттерінің басқа құқық қорғау органдарымен өзара іс-қимылын үйлестіруді, тұрақты жауынгерлік әзірлікті қамтамасыз ету қажет. Жеке құрамды жедел даярлауды жетілдіру және әскерлерді оқытудың тиімді нысандары мен әдістерін тәжірибеге енгізу жөніндегі жұмысты жалғастыру керек. Дағдарыс жағдайлары туындаған кезде күштер мен құралдардың жедел қолдануға дайындығын қамтамасыз етуді қолға алуды ұсынамын, — деп атап өтті полиция генерал-полковнигі Марат Ахметжанов.

Сонымен қатар, Министр жоғары жауынгерлік дайындықты қамтамасыз етуге, әскери қызметшілердің моральдық-психологиялық жай-күйіне, жеке құрамның ұйымдастырылуы мен әскери тәртібіне, сондай-ақ әскери ортада суицидтік көріністер мен сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жөніндегі шараларға ерекше назар аударды.

Отырыс барысында өңірлік қолбасшылықтар мен әскери бөлімдердің бірқатар лауазымды адамдары тыңдалды, олардың бөлімшелеріне сеніп тапсырылған елеулі кемшіліктер анықталды.

ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы генерал-майор Еркін Ботақанов өз сөзінде 2021 жылмен салыстырғанда Ұлттық ұланның қызметі айтарлықтай өскенін атап өтті. Бұл ретте әскер бөлімшелері өзара іс-қимыл жасайтын органдармен бірлесіп кәсіпқойлық танытып, қазіргі уақытта қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қорғау бойынша қойылған міндеттерді орындауды жалғастыруда. Жалпы, Ұлттық ұланға заңмен жүктелген барлық қызметтік-жауынгерлік міндеттер толық көлемде орындалғанын атап өтті.

Әскери кеңестің отырысы барысында жеке құрамды оқыту және тәрбиелеу, бөлімшелерді жауынгерлік оқыту мен үйлестіру, төтенше және дағдарыс жағдайларындағы кәсіби іс-қимылдар мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Әскери кеңес жұмысының соңында 2022 жылғы Жауынгерлік сайыс жеңімпаздарын салтанатты марапаттау рәсімі өтті. Жауынгерлік сайыстың нәтижелері бойынша әскерлерде 21 үздік рота мен 113 үздік взвод алға шықты, сонымен қатар 4,5 мыңнан астам әскери қызметші жауынгерлік даярлықтың үздіктері атанды. Жауынгерлік жарыста ең жоғары нәтижелерді 5518, 5514, 6698, 6679, 5547, 6655, 3502, Ұлттық ұлан Академиясы және әскери бөлімдердің арнайы мақсаттағы бөлімшелері 5518, 6637 әскери бөлімдерінің әскери қызметшілері көрсетті.

Источник: qazaq.asia

Яндекс.Метрика