212 rob
Фотосурет: ҚР Ұлттық ұланының баспасөз қызметі
24 қараша күні Ұлттық ұланның 5573 әскери бөлімінде «Жас бүркіт» әскери-патриоттық қозғалысының 20 жылдығына арналған салтанатты шара өтті, деп хабарлайды DKNews.kz.
Оған Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның бас қолбасшысы генерал-лейтенант Еркін Ботақанов, әскер ардагерлері, Астана гарнизонының жеке құрамы және өзара әрекеттес органның өкілдері арнайы қатысты.
Бастауын 2003 жылы сол кездегі Ішкі әскерлердің әскери бөлімдерінен алған «Жас бүркіт» әскери-патриоттық қозғалысы 20 жылдық белесті артта қалдырды. Осыған байланысты Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары генерал-майор Қайрат Үмбетов баяндама жасады.
Ұлттық ұланның бас қолбасшысы генерал-лейтенант Еркін Ботақанов алғашқы болып «Жас бүркіт» әскери-патриоттық қозғалысы 20 жылдығымен құттықтады.
Биылғы 5 мамырда өткен Бүкілармиялық кеңесте Мемлекет басшысы, Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас Қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өскелең ұрпақтың әскери-патриоттық рухын көтеруге аса мән беру қажеттілігін ерекше атап өтті. Бұл тапсырманы Ұлттық ұлан әскері белсенді орындап келеді. 20 жылдың ішінде «Жас бүркіт» әскери-патриоттық сыныптары еліміздің барлық өңірлерінде ашылып, қазіргі кезде ауқымды жұмыс атқарып келеді. Бүгінгідей атаулы күнде «Жас бүркіт» әскери-патриоттық қозғалысының нәтижелі жұмыстарын мақтанышпен айта аламыз. Бүгінгі жастар – ертеңгі Отан қорғаушылар. Еліміз мәңгі болсын десек, жастарымыз нағыз патриот, еңбекқор, өз Отанына шексіз берілген азамат болуы тиіс. Егеменді елдің болашағы өскелең ұрпақтың қолында Генерал-лейтенант Еркін Ботақанов
Құттықтау сөзден кейін «Жас бүркіт» әскери-патриоттық қозғалысының ең кішкентай мүшесі «Жас бүркіт» әскери-патриоттық қозғалысына көрсетіп жүрген қамқорлығы үшін Ұлттық ұланның Бас қолбасшысына клубтың атрибутын табыстады.
Жас өрендерді ҚР Парламенті Мәжілісі атынан депутат Максим Рожин, Ұлттық ұлан Ардагерлер кеңесінің төрағасы генерал-майор Қалиақпар Тоқышев, ҚР Оқу-ағарту министрлігі Республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының директоры Раиса Шер, ҚР Қорғаныс министрлігі тәрбие және идеологиялық жұмыстар департаментінің бастығы полковник Тілеухан Басқожаев және 6506 әскери бөлімінің «Жас бүркіт» әскери-патриоттық клубының алғашқы жетекшісі отставкадағы подполковник Арман Ахашов арнайы құттықтады.
Көрермендер алдында 5573 және 6636 әскери бөлімдерінің «Жас бүркіт» әскери-патриоттық қозғалысының тәрбиеленушілері клубта үйренген әдіс-тәсілдерін, өз өнерлерін көрсетті. Мерекелік жиында «Жас бүркіт» клубының қатарына қосылған жасөспірімдерді салтанатты түрде қабылдау рәсімі өтті.
Сондай-ақ іс-шара Ұлттық ұлан Ән-би Ансамблінің бишілер тобының, ҚР Қарулы Күштерінің Ұлттық әскери патриоттық орталығының Орталық ансамблінің «Жас сарбаз» балалар студиясының өнерпаздарының қатысуымен өткен салтанатты концертке ұласты.
Источник: qazaq.asia