117 Арман
Жоғары оқу орнына дейінгі білім беру кафедрасында шетелдегі қазақ диаспорасы өкілдері мен Ауғанстан Ислам Республикасынан келген шәкірттерге еліміздің мемлекеттік тілін, мәдениеті мен тарихын, ұлттық салт-дәстүрлерімізді тереңірек сіңіру – оқу үдерісіндегі негізгі мақсатымыз.
Осыған орай, жуырда «Шамшырақ» клубының ұйымдастыруымен ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналған онкүндік өтті. Онкүндік аясында А.Байтұрсынұлының өмірі мен шығармалары, қоғамдық қызметі туралы жан-жақты терең мағлұмат берілді. Білімгерлер Ахаң туралы түсірілген деректі және көркем фильмдерді көріп, мұражай-үйіне барды. Жастар ұлт ұстазының шығармаларын оқып, өлеңдерін жаттады. Алған білім мен ақпараттар негізінде эссе, мақала, әңгіме мен өлең жазуға, сурет салуға шығармашылық байқау жарияланды.
Байқауға кафедрадағы барлық топтар атсалысып, 50-ден аса жұмыс түсті. Таяуда шараның қорытынды жиыны өтті. Оған А.Байтұрсынұлы мұражай-үйінің ғылыми қызметкері Ақерке Ибрагимова қатысып, білім алушы жастарға мазмұнды дәріс оқыды. Шығармашылық байқаудың жеңімпаздарын марапаттау рәсіміне қатысты. Жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультеті деканының орынбасары Қанат Келдебеков жиынды ашып, Ахмет атамыздың қайраткерлік, азаматтық тұлғасын дәріптеуде оза шапқан жеңімпаздарды құттықтады.
Эссе байқауы бойынша Моңғолиядан келген шәкірттер арасынан 1- орынды Саяхат Дәуітханұлы жеңіп алды. 2-орынды Дамыс Космонавт, Арайлым Серікбол иеленсе, 3-орынға Амантай Көгершін, Бейбіт Әбдіжәміл, Еламан Бақытбек ие болды.
Мұндай игі істер алдағы жылы да жалғасады.
Жанна ӘДІЛХАНОВА, ЖОО-ға дейінгі дайындық кафедрасының аға оқытушысы
Источник: qazaq.asia