188 Awrora
Фотосурет: freepik
Мүгедектігі бар адамдар Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы 538 мыңнан астам қызмет алды, деп хабарлайды DKNews.kz.
2023 жылдың басынан бастап Әлеуметтік қызметтер порталы (Портал) арқылы шамамен 428,1 мың мүгедектігі бар адам оңалтудың техникалық құралдарын (ОТҚ), 7,5 мың – ымдау тілі қызметін, 25,5 мың – жеке көмекшінің, 77,2 мың – санаторлық-курорттық емдеу қызметін алды.
Портал мүгедектігі бар адамдарға оңалтудың техникалық құралдары мен қызметтерін өндірушіні және жеткізушіні өз бетінше таңдауға мүмкіндік береді. Көмек түріне тапсырыс беру көрсетілетін қызметті алушының электрондық цифрлық қолтаңбасымен растау арқылы жүзеге асырылады. Тапсырыс берілген оңалтудың техникалық құралдарын жеткізу немесе өз бетінше әкету арқылы алуға болады.
Мүгедектігі бар адамдарды оңалту құралдарымен қамтамасыз ету протездік-ортопедиялық, сурдотехникалық, тифлотехникалық және гигиеналық құралдар, сондай-ақ кресло-арбалар беруді қамтиды.
Бүгінгі күні Порталда 869 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін орталық (бөлімшелер), 531 ОТҚ жеткізуші, 28 мыңнан астам жеке көмекші, 714 ымдау тілі және 106 санаторлық-курорттық емдеу қызметтерін ұсынушы тіркелген.
«Әлеуметтік қызметтер порталы» автоматтандырылған ақпараттық жүйесін енгізу Мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі ұлттық жоспар шеңберінде қарастырылған.
Бұған дейін хабарланғандай, ҚР Әлеуметтік кодексін іске асыру шеңберінде жергілікті атқарушы органдар жанынан құрылған Портал бойынша комиссияларға жаңа өкілеттіктер беру көзделеді. Олар мүгедектігі бар адамдардың сапасыз тауар немесе қызмет туралы өтінішін 5 күн ішінде қабылдау және қарау, анықталған кемшіліктерді түзету мерзімдерін көрсете отырып, өнім берушіге хат жолдау және оның орындалуын бақылау; өнім берушіні Порталдан шығару және жосықсыз өнім берушілер тізіміне енгізу туралы шешім қабылдау.
Порталды пайдалану бойынша консультацияларды қолдау байланыс орталығынан, яғни 1414 бірыңғай нөмірі арқылы хабарласуға болады.
Источник: qazaq.asia