Әлеуметтік кепілдіктер: Жаңа резервтік қызмет туралы заң не ұсынады

Әлеуметтік кепілдіктер: Жаңа резервтік қызмет туралы заң не ұсынады

246 rob

Фотосурет: ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі

Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында қорғаныс ведомствосының басшысы генерал-полковник Руслан Жақсылықов Қорғаныс министрлігі дайындаған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне резервтегі қызмет мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы» заң жобасы туралы егжей-тегжейлі түсіндірме берді, деп хабарлайды DKNews.kz.

Қорғаныс министрі атап өткендей, резервтегі қызмет мәселелері бойынша заң жобасын әзірлеу Қарулы күштерді жасақтау жүйесін одан әрі жетілдіру қажеттілігіне байланысты туындап отыр.

НҚА жобасын іске асыру үшін кодекстер мен заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі. Еңбек кодексіне жұмыс беруші мен резервтегі әскери арасындағы еңбек қатынасын реттеу бойынша түзету жасалады.

Брондалған әскери міндеттілердің резервте қызмет өткеруін шектейтін «Жұмылдыру дайындығы және жұмылдыру туралы», «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Заңдарға резервтегі әскери адам мәртебесін, оның құқығы мен міндетін белгілеу, резервтегі әскеридің міндетін орындау кезеңін айқындау, резервте қызмет өткеру бойынша нормалар енгізіледі.

Бұдан бөлек мемлекеттік қызметшілердің резервте әскери қызмет өткеруіне мүмкіндік беру ұсынылып отыр. Осы мақсатпен  «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы», «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңдарына мемлекеттік қызметшінің резервте қызмет ету мүмкіндігі бойынша өзгеріс енгізіледі.

Отырыста Қорғаныс министрі резервте қызмет өткеру ерекшеліктерін атап өтті. Заң жобасын іске асыру азаматтарға резервте әскери қызмет етуге мүмкіндік береді. Ол үшін келісімшарт үш жылға жасалады. Даярлық бір жылда екі айдан аспайды. Жауынгерлік жиындар 30 күнде іске асырылады. Резервтегілерге арналған сабақтар ай сайын екі-үш күн болады

Әскери резервті ұстау республикалық бюджет есебінен жүзеге асырылатын болады. Заң жобасына сәйкес жиындарды өткізу кезеңінде жұмысқа орналастырылмаған азаматтарға ай сайын ең төменгі жалақы, ал жұмыс істейтіндерге орташа айлық жалақы төленетін болады.

Заңды қабылдаудың әлеуметтік тұрғыдан маңыздылығы әскери резервтегі адам қызмет еткен кезде жұмыс орны сақталады.

Генерал-полковник Руслан Жақсылықов резервтегі қызметті енгізудің әлеуметтік тұрғыдан тиімділігін атап өтті. Біріншіден, резервке қызметке кірген азаматтың кірісі артып, әлеуметтік төлемдерге тәуелділігі төмендейді. Екіншіден, халықтың мемлекет пен оның Қарулы күштеріне деген сенімі артады. Үшіншіден, әскери резервтегілер патриоттық әскери дәстүрлерге негізделген мектептен өтеді.

Бұл қызметті енгізу бейбіт уақытта әскер санын арттырмай, қойған міндетті орындауға дайын азаматтар санын даярлауға мүмкіндік береді.

Источник: qazaq.asia

Яндекс.Метрика