Әлемнің 25 мемлекетінен келген оқушылар Халықаралық Жәутіков олимпиадасына қатысады

Әлемнің 25 мемлекетінен келген оқушылар Халықаралық Жәутіков олимпиадасына қатысады

307 rob

ҚР Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен, 1 ақпан күні Алматыда ХІХ Халықаралық Жәутіков олимпиадасы басталады. Оған 1200-ден астам оқушы қатысады, деп хабарлайды DKNews.kz.

Алыс және жақын шетелдерден, соның ішінде Әзірбайжан, Өзбекстан, Ресей, Грузия, Румыния, Сербия, Украина, Үндістан, Түркия, Ұлыбритания және т.б. елдерден келген 281 команда бірден үш пән – математика, физика және информатика бойынша білімдерін сынайды. Зияткерлік сайыста еліміздің намысын 250-ге жуық оқушыдан жасақталған 35 команда қорғайтын болады.

Айта кетейік, Халықаралық Жәутіков олимпиадасына физика-математика бағытындағы мамандандырылған мектептердің оқушылары қатысады. Олимпиада қорытындысы бойынша жеке рейтинг, сондай-ақ мамандандырылған мектептердің мықты командаларының рейтингі жасалатын болады.

Халықаралық қазылар алқасының құрамына ТМД-ның ең мықты техникалық университеттерінің өкілдері кіреді. Жеңімпаздар алтын, күміс және қола медальдармен марапатталады.

Олимпиада 1-10 ақпан аралығында Алматыдағы Республикалық физика-математика мектебінің базасында өтеді. Сайыс қорытындысы 10 ақпанға жоспарланған.

Источник: qazaq.asia

Яндекс.Метрика