172 rob
Еркін ел екендігімізді жариялап, егемендік алғалы халқымыз қаншама саяси-тарихи сәттерді бастан кешірді. Әлемдік өркениеттен қалыспай даму үшін талай-талай белестерді бағындырдық. Европа мен Азияға бағытымыз айқын, болашағымыз жарқын ел екенін дәлелдедік.
Еліміз ертеден бірлік пен татулықтың қадірін терең бағалаған. «Бірлік болмай тірлік болмас» деген халық даналығы да бекер айтылмаған. Батыр бабалар қас қақпай қорғаған ұлан ғайыр далада «қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған» бейбіт заманға біздің жетуіміз үшін жанын берді. Ендеше оны көздің қарашығындай сақтап болашаққа аманаттау біздің қасиетті де қастерлі парызымыз.
Тәуелсіздікпен бірге Туын көтерген Қарулы Күштеріміздің қатарында 1992 жылы 10 қаңтарда іргесі қаланған Ұлттық ұлан әскерінің орны ерекше. Олай дейтініміз, басты байлығымыз адамдар мен қоғамдағы ішкі тәртіптің қырағы қалқаны болып жүрген Ұлттық ұлан мемлекетіміздің экономикалық-саяси ғана емес, рухани, мәдени дамуының, бейбіт өміріміздің кепілі. 31 жыл ішінде қаншама ел ордасы Астана қаласында ғана емес, еліміздің барлық аймақтарында болып жатқан мемлекеттік деңгейдегі ауқымды шараларды былай қойғанда, барлық халықаралық саяси жиындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жүрген Ұлттық ұланның өзіндік тарихи жолы бар. Алғашында Отанымыздың Ішкі әскер ретінде құрылғанымен 2014 жылы 21 сәуірінде Қазақстан Республикасы ІІМ Ішкі әскерлері ҚР Ұлттық ұланы болып қайта құрылды. Атына заты сай Ұлттың ұландары ел тыныштығын қорғау жолында сенімге селкеу түсірмей қызмет атқарып келеді.
Күнделікті қоғамның қауіпсіздігін, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етумен қатар, табиғи техногендік апаттар кезінде қарапайым халықтың амандығын қорғап жүрген жауынгерлеріміз қызметтік тапсырмалар атқару кезінде қашанда қырағылықты қалт жіберген емес.
Түзеу мекемесінен және айдауылдау кезінде бірнеше қылмыскердің қашуына тосқауыл болған Ербол Отарбаев, Жандос Баянбаев, Ақтөбе қаласындағы әскери бөлімге лаңкестердің шабуылы кезінде батырлық танытқан Бақтияр Қайырбеков, Сырым Сүндетов, кешегі ел тағдыры тәлкекке түскен «Қайғылы қаңтар» оқиғасы кезінде саптың алдыңғы қатарында арандатушылармен күресіп, ерлікпен қаза болған Айбат Аманов пен Мадияр Қайсаров, өзінің емес өзгелердің өмірін қауіптен қорғауда қасқайып тұрған Самандар Ташкенбаев сияқты қырағылық пен ерен ерліктің үлгісін көрсеткен ерлеріміз кейінгі өскелең ұрпаққа үлгі болып жүргені айдан анық.
Әлемдік аренадағы саяси ахуалды ескерер болсақ, қазіргі таңда Отанымыздың амандығы жолындағы қызметімізде қай жағынан болсын үнемі жауынгерлік даярлығымыздың екі есе жоғары болуын талап етеді. Арқаны кеңге салып жүрер уақыт та, заман да жоқ, еліміздің ертеңі үшін адуынды, айбарлы Махамбет бабамыз айтқандай «ереуіл атқа ер салмай, егеулі найза қолға алмай, еңку-еңку жер шалмай, ерлердің ісі бетпесі» анық, жауынгерлерімізге артылған жүктің салмақтылығы да сонда. Ұландық жауынгерлер мұны саналы түрде терең түсініп, бабалар қанымен бойымызға берілген батырлық пен ерлік дәстүрін үздіксіз жалғап келеді.
Ұлттық ұланның құрылған күні – төл мерекеміз қарсаңында барлық қарулас жауынгерлерімізді, ардақты ардагерлерімізді шын жүректен құттықтаймын.
Ұлтымыздың амандығы мен ұрпағымыздың жарқын болашағы жолындағы игі істеріңізге ізгілік, дендеріңізге саулық, отбастарыңызға амандық тілеймін! Әрқашан еңселеріңіз биік, мерейлеріңіз үстем болсын! Ұлттық ұланның құрылған күні құтты болсын!
6506 әскери бөлімінің командирі полковник Бауыржан Қабылбеков
Источник: qazaq.asia