210 rob
Фотосурет: Үкіметінің Баспасөз қызметі
Қостанайда Kia автомобильдері өндірісінің толық циклін қамтитын зауыттың құрылысы басталды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Құрылыс жұмыстарын ресми бастау рәсіміне ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр және Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов қатысты.
Осындай ірі өнеркәсіп нысанының құрылысы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Оңтүстік Корея компаниясының басшылығымен уағдаластықтары нәтижесінде басталып отыр. Еске сала кетейік, осы жылдың қаңтар айында Президент Қостанайда Kia автомобильдерінің шағын тораптық өндірісін іске қосу рәсіміне қатыса отырып, өнеркәсіп кооперациясын одан әрі кеңейту және инженерлік базаны қалыптастырудың маңызын атап өткен болатын.
Жоғары жалақы төленетін 1 500 жұмыс орнын құруға мүмкіндік беретін жаңа зауыттың өндірістік қуаты жылына 70 мың автокөлік болмақ. Жобаға шамамен $250 млн тікелей шетелдік инвестициялар салынатын болады.
Роман Скляр өз сөзінде Kia компаниясы алғаш рет Корея Республикасынан тыс жерде бірлескен кәсіпорын мен зауыт салуға тікелей инвестиция салып отырғанын атап өтті.
«Қостанайда KIA автомобилдерін шығаратын толық циклді зауыт салуды машина жасау саласы үшін шын мәнінде серпінді жоғары технологиялық жоба деп атауға болады. Бұл жоба нақты мультипликативті әсер береді, инженерлік және техникалық кадрлардың жаңа буынын даярлау деңгейін арттыруға, сондай-ақ локализациялаудың келесі кезеңіне көшуді айтарлықтай жеделдетуге мүмкіндік береді» Роман Скляр
Премьер-Министрдің бірінші орынбасарының айтуынша, осындай негізгі инвесторы бар зауыттың пайда болуы отандық өнеркәсіпті дамытудың маңызды кезеңі, экономиканың барлық салаларында Оңтүстік Кореямен болашақ бірлескен инвестициялық жобалар үшін айқын үлгі болады.
Құрылыс жұмыстары 2024 жылы аяқталады деп күтілуде, содан кейін жабдықтар орнатыла бастайды. 2025 жылдың бірінші тоқсанында зауыт пилоттық режимде іске қосылмақ, ал екінші тоқсанында өндірістің толық циклі ашылады.
«Бүгінде Kia үшін Қазақстан Республикасының экономикасын дамытуға үлес қосу мүмкіндігіне ие болу – үлкен құрмет пен мақтаныш. Қостанайдағы жаңа зауыт азаматтар, университет түлектері мен инженерлерге жоғары деңгейдегі тәжірибе жинауға мүмкіндік беретін бірегей жұмыс орындарын ұсына отырып, маңызды рөл атқаратынына сенімдімін» Kia Corporation президенті және бас директоры Хо Сун Сон бейнехабарламасында
Оңтүстік Корея компаниясы автомобиль жасаудағы жергілікті қамту деңгейін арттыру бойынша Қазақстанның өнеркәсіптік саясатына толық қолдау көрсетуге дайын екенін білдірді. Kia Қостанайда локализациялау орталығын ашу бойынша белсенді түрде жұмыс жүргізіп жатыр. Мұнда шағын және орта бизнестің қатысуымен құрамдас бөліктер өндірісі жүргізілмек.
Облыс әкімі Құмар Ақсақалов озық әлемдік тәжірибелерге жүгіне отырып, заманауи жоғары технологиялық кәсіпорынды іске қосу республиканың автомобиль жасаудағы өндіріс көлемін ұлғайтуға ықпал ететініне сенімді.
«Машина жасау саласын дамыту өңірдің дамуына мультипликативтік тұрғыдан әсер етеді. Атап айтқанда, машина жасау саласында бір жұмыс орнын құру басқа салаларда бес-алты жұмыс орнының құрылуына септігін тигізеді. Өндірістерді локализациялау деңгейін арттыру үшін жаңа зауыттың айналасында құрамдас бөлшектер жеткізушілері ретінде шағын және орта бизнес белдеуі құрылады» Құмар Ақсақалов
Корея Республикасының Қазақстандағы елшісі Тэ-ик Чжо 30 жылдан астам уақыт бойы Қазақстан мен Оңтүстік Корея өзара тиімді әріптестікті нығайтып келе жатқанын атап өтті.
«Бүгінде елдеріміз ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында айтылған экономикалық реформалардың мақсаттарына сәйкес келетін экономикалық ынтымақтастықты іс жүзінде белсенді түрде дамытуда. Бұл реформалар өңдеу саласын дамыту арқылы республика өнеркәсібін әртараптандыруға бағытталған» Тэ-ик Чжо
Источник: qazaq.asia