233 rob
Фотосурет: ҚР ҚМ
Төрт рет әлем рекордын жаңартқан алып күш иесі, есімі Гиннестің рекордтар кітабына енген рекордсмен, Қазақстанның алты дүркін рекордсмені Сергей Цырульников Ақтөбе қаласындағы Әуе қорғанысы күштерінің әскери институтында болып, күштік трюктер көрсетті, деп хабарлайды DKNews.kz.
Курсанттармен кездесуде Сергей Цырульников 970 келіге дейінгі салмақты көтеретін темір тағаларды саз балшықша иледі. Бұл ретте бұла күш иесі темір тағаны жай ғана майыстырып қоймай, қазақтың ұлы балуаны Қажымұқан Мұнайтпасовтың нөмірін қайталап, оны бірнеше рет бұрады.
Сонымен қатар Сергей Цырульников қарсылық күші 300 келіге дейінгі эспандердің тұтқаларын бір-біріне қосты. Содан соң көп күш жұмсамай, темір шегені иіп, жүрек жасады. Оны институт қызметкерлерінің біріне табыс етті.
– Мені Қажымұқан Мұңайтпасов, Балуан Шолақ сияқты қазақ балуандарының ерлігі тәнті етті. Солар арқылы жастарды күшті болып өсуге, алдарына мақсат қоюға тәрбиелеуге тырысамын, – деп түсіндірді спортшы.
Кездесуге Сергей Цырульниковтың достары – пауэрлифтингтен әлем чемпионы Сергей Лаптев және гір спортынан он үш дүркін әлем чемпионы Евгений Гончаров қатысты. Курсанттармен әңгімелесу барысында олар спорттық, рухани және жеке даму мәселелерін сөз етті.
Спортшылар спортта физикалық тұрғыдан мықты болу жеткіліксіз екенін, көп оқу, рухани даму, басқа спорт түрлерімен де айналысу маңызды екенін атап өтті. Мысалы, Сергей Цырульников пауэрлифтингтен бөлек, волейболдан да спорт шебері, ал Евгений Гончаров велосипед спортымен қосымша айналысады.
Кездесу соңында спортшылар «Ең креативті сұрақ» қойған әскери қызметшілерді естелік сыйлықтармен марапаттады. Институт қонақтары да кәдесыйсыз қалған жоқ.
Источник: qazaq.asia