313 Awrora
Кербұлақ ауданында жиырма шақты отбасы тұратын Шаған ауылында жаңа медициналық пункт салынып, іске қосылды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Бұған дейін ауылдағы бастауыш мектептің бір бөлмесін паналаған медпункт енді өз алдына бөлек ғимаратқа көшті.
Блокты-модульді конструкциядан жылдам тұрғызылған ғимарат медициналық көмек қызметіне лайықталып салынған. Мұнда ем-дом жасайтын және шаруашылық қажеттіліктерге арналған алты бөлме бар. Медпунктте үш адам еңбек етеді.
Ауыл фельдшері Ұлбосын Қуанышбаева жаңа нысанға орныққандарына дән риза:
— Өзі шағын мектептің бір бөлмесінде тығылысып отырдық, әрине, қолайсыз болды. Сонда да ауылдағы 100-ге жуық тұрғынға көрсетілетін медициналық көмекті үзген жоқпыз. Енді жаңа ғимаратқа көштік, мұнда барлық жағдай жасалған. Бұл медициналық қызмет көрсету сапасына да өзінің оң ықпалын тигізетін болады, — деді фельдшер.
Ғимараттың ашылу салтанатына аудан әкімі Қанат Есболатов арнайы барып, ауыл тұрғындарымен тілдесті. Нысанның лентасын қиып, батасын берген ауылдық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Рысжан Байдәулетов:
— Шаған ауылы үшін бұл ерекше қуаныш. Бас ауырып, балтыр сыздаса, жүгінетіміз осы медпункт. Оның өз алдына бөлек ғимаратқа көшіп, жаңа жерге орнығып жатқанына ризамыз. Барлық құралдарын түгендеп, отыратын орындарын жайластырып, бар жағдайды жасап қойыпсыздар. Ауыл тұрғындарының атынан рахмет айтамын, — деді ол.
Атап өтсек, медициналық пункттің құрылысын «Qaz Damu Construction» ЖШС өткен жылдың тамыз айының соңында салып бастаған болатын. 3-4 ай көлемінде құрылыс жұмыстарын толық аяқтап, ғимарат іске қосылды. Жобаның құны – 35 млн. 840 мың теңге.
Источник: qazaq.asia