269 rob
Фотосурет: Жетісу облысының әкімдігі
Қазір Жетісу облысында 4900-ге жуық ерікті қоғам өміріне белсене қатысып, көмекке мұқтаж жандарға жәрдем көрсетуде, деп хабарлайды DKNews.kz.
Келесі жылдан бастап волонтерлардың облыстық слеті тұрақты өткізіліп, «Жылдың үздік еріктісі» арнайы номинациясының жеңімпазына арнайы алғыс статуэткасы табысталмақ. Облыс әкімі Бейбіт Исабаев бұл ұсынысқа бүгін өңірдегі еріктілер ұйымдарының басшыларымен өткен кездесу барысында қолдау білдірді. Өңір басшысы еріктілерге облыс тұрғындарына көрсеткен қапысыз қызметі мен қолдауы үшін алғысын білдіріп, Жетісудағы еріктілер қозғалысын одан әрі дамытуға қатысты идеялары мен ұсыныстарын тыңдады, деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
— Ең алдымен, қоғамдық маңызы бар іс-шараларға қатысып, қайырымдылық жобаларын іске асырып, көмекке мұқтаж жандарға қамқорлық жасап жүрген баршаңызға алғыс айтамын. Бүгін сіздермен кездесіп отырғаныма шын жүректен қуаныштымын. Осындай еркін форматтағы дөңгелек үстелде жиі кездесіп, бірлескен жобаларды, түрлі өзекті мәселелерді талқылап отырғанымыз дұрыс. Мен пікір алмасуға және сіздердің ұсыныстарыңызды тыңдауға дайынмын, — деді Бейбіт Исабаев.
«Мейірім» облыстық мүгедектер қоғамдық бірлестігінің басшысы Әсел Барибаева өздерінің атқарыған жұмыстары туралы баяндап: «Біздің ұйым 3 жылдан бері жұмыс істейді. Осы уақыт ішінде біз 20 жобаны іске асырдық, 2 мыңнан астам адамды қамтитын 90 іс-шара өткіздік, оның 1837-сі ерекше балалар, жетім балалар, толық емес және көп балалы отбасылардан шыққан балаларға арналды. Балалармен жұмысымызда біз арт-терапияны қолданамыз. Сондай-ақ, біз ерекше балалардың ата-аналарына психологиялық көмек көрсетеміз. Біз аптасына 7 күн 24 сағат жұмыс істейтін байланыс орталығын аштық, психологиялық және заңгерлік көмек көрсетеміз. Бізге 50-60-қа жуық ерікті көмектесуде», — деп ой бөлісті.
Өз кезегінде Ақсу ауданы Қапал ауылындағы «Жас қыран» еріктілер ұйымының өкілі Әсел Әшімова волонтерлік қызметтері індет кезінде «BIZ BIRGEMIZ!» жалпыреспубликалық акциясының аясында қарт адамдарға көмектесуден басталып, 5 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқандарын айтты. «Әр ауданда, қалада еріктілердің өз кабинеттері, кеңселері болса жақсы болар еді. Бұл біздің жұмысымызды әлдеқайда жеңілдетер еді. Сондай-ақ, мүмкіндігінше іске асырылып жатқан жобаларға мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты ұлғайту да біз үшін маңызды, бұл көмекке мұқтаж адамдарды көбірек қамтуға көмектеседі», — деді Ә. Әшімова.
Кездесуді ұйымдастырғаны үшін алғыс білдірген «LIDER.KZ» еріктілер орталығының үйлестірушісі Ирина Мордасова бұл ұйым 2017 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқандығын жеткізді: «Еліміздің 30-ға жуық қаласында филиалдарымыз бар. Біз негізінен жоғалған адамдарды іздеумен айналысамыз. Біз 3 мыңнан астам адамды табуға көмектестік. Сондай-ақ қайырымдылықпен де айналысамыз, жағдайы қолайсыз, аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларға әлеуметтік көмек көрсетеміз. «Мектепке жол» акциясын іске асыруға қатысамыз. Дәл қазір біздің балалар 600-ге жуық жаңа жылдық сыйлықтар тапсырып жүр», — деп атап өтті. Сондай-ақ іздеу жұмыстарын жеңілдету үшін ұйымға жабдықтар – дрон мен рация қажет екенін айтты.
Өз кезегінде еріктілер ұйымының өкілі, Текелі қаласындағы мектептің 11 сынып оқушысы Ділмұхамед Қадыркеш балаларға ағылшын тілін тегін оқытумен айналысатынын жеткізді. Ол өңірде жыл сайынғы облыстық еріктілер слетін өткізуді және «Жылдың үздік еріктісі» статуэткасының үлгісін бекітуді ұсынды.
Кездесу барысында айтылғандай, облыс еріктілерінің қозғалысы белсенді өсіп- дамып келеді. Жобалардың негізгі бағыты – аз қамтылған отбасыларға, ерекше қажеттілігі бар адамдарға және қарттарға қолдау көрсету. Бұл іске 2023 жылы құрылған, жастарды, волонтерлік ұйымдарды біріктіріп, олардың бастамаларын қолдау бағытында белсенді жұмыс істейтін «Мейірім Жетісу» облыстық волонтерлер фронт-офисі елеулі үлес қосуда. Жыл басынан бері облыста еріктілердің қатысуымен мәдениет, білім, экология, денсаулық сақтау салаларында 5200-ден астам акция өткізілді. Жүздеген көп балалы, аз қамтылған отбасыларға және жалғызбасты қарттарға көмек көрсетілді, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оған қарсы күрес бағытында жұмыстар жүргізілуде.
Мысалы, еліміздегі көптеген игі істердің ұйытқысы болған «Харекет» қайырымдылық қоры республика бойынша мұқтаж 924 отбасының тұрғын үй мәселесін шешкен. Қазіргі уақытта Стас Ерохин басқаратын қордың облыстық филиалы Талдықорған, Текелі қалалары мен Ақсу, Көксу және Панфилов аудандарындағы мұқтаж 112 отбасына үй беріп, республикада көш бастап тұр. Ал «Алтын Адам» Жетісу шеберлер орталығы және Динара Бакирова басқаратын «Kaz.Eco.Patrul» инклюзивті білім беру, аутизмі, Даун синдромы, басқа да ауыр сырқаттары бар балалар мен олардың ата-аналарын тегін оқытып, шығармашылық қабілеттерін, қолданбалы өнердегі бейімін дамытуға, сондай-ақ экология мәселелерін шешуге жәрдемдеседі. «Дармарка» еріктілер ұйымы аз қамтылған, көп балалы отбасыларды қолдау саласында үлкен жұмыс жүргізуде. Ал Вероника Гузенко бастаған «Зооклубтың» еріктілері жан-жануарларға деген жанашырлық көзқарасты қалыптастыру үшін профилактикалық және ағартушылық жұмыстарды жүзеге асырып, жануарларға қатыгездік жасауға жол бермей, оларға арналған орталықтар ашумен айналысады.
Атап өтсек, облыста 4816 ерікті тіркелген, 55 ерікті ұйым, 287 бастамашыл топ жұмыс істейді. Биыл волонтерлік ұйымдарға 8 бағыт бойынша әр жобаға 300 мың теңгеден грант бөлінді. 2024 жылы гранттар беру жалғасады. Сондай-ақ, 5 желтоқсанда Халықаралық волонтерлер күніне орай «Жетісу облысының волонтерлері» форумы және «Үздік волонтер-2023» конкурсы ұйымдастырылды, оның барысында 10 номинация бойынша әр жеңімпазға ақшалай сыйақы берілді.
Кездесуді қорытындылай келе, Бейбіт Исабаев волонтерлар тарапынан айтылған ұсыныстарды қолдайтынын айтты. Атап айтқанда, келесі жылы волонтерлік салаға мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстың көлемін екі есеге ұлғайту жоспарлануда, ал кездесуге қатысатын аудан-қала әкімдеріне жергілікті жерлердегі волонтерлердің тиісті оргтехникамен қолайлы жұмыс істеуі үшін үй-жайлармен қамтамасыз ету тапсырылды. Сондай-ақ өңір басшысы жыл сайын облыстық волонтерлер форумын немесе слетін өткізуді 5 желтоқсанда атап өтілетін Халықаралық волонтерлер күніне орайластыруды ұсынды. Еріктілерді арнайы статуэткамен марапаттау бастамасы да қолдау тапты. Облыстық қоғамдық даму басқармасының басшылығына тиісті тапсырмалар берілді. Сондай-ақ өңір басшысы қоғамдық еріктілер ұйымы үшін дрон сатып алуға көмек көрсетілетінін атап өтті.
— Волонтерлік жұмыс – өте қиын еңбек, дегенмен біреуге жақсылық жасау адамға шабыт береді, алғыс алған сайын адам ізгілікке құлшына түседі. Бүкіл әлемде 5 желтоқсан Халықаралық еріктілер күні болып аталып өтетіні бекер емес. Бұл айналасына бей-жай қарамайтын, мейірімділікпен, жанқиярлықпен көмектесетін жандардың мерекесі. Біз бір-бірімізді қолдап, бір-бірімізге жәрдемші болғанда ғана мықты боламыз. Сіздерге атқарған жұмыстарыңыз үшін тағы да шын жүректен алғысымды білдіремін. Жаңа жылдарыңыз құтты болсын!», — деп сөзін қорытындылады Б.Исабаев.
Кездесу марапаттау рәсімімен түйінделді. Үш номинация бойынша жеңімпаздар арнайы дипломдармен марапатталды. «Мейірім» облыстық мүгедектер қоғамдық бірлестігінің басшысы Әсел Бәрібаева Жыл волонтері болып танылды. LIDER.KZ еріктілер орталығы «Үздік еріктілер ұйымы» атанды. Ал «Мейірімді жүрек» номинациясымен «Харекет» қайырымдылық қоры облыстық филиалының басшысы Стас Ермұхин марапатталды. Сондай-ақ, өңірдің бірқатар волонтерлік ұйымдарының басшылары мен өкілдері облыс әкімінің Құрмет грамоталарымен және Алғыс хаттарымен марапатталды.
Источник: qazaq.asia