Фото: ғаламтордан
Депутаттар жеке куәліктерді қайта ресімдеу үшін алынатын мемлекеттік баж мөлшерін арттыруды ұсынып отыр.
Алматы, NEGE. Мәжілісмендер салық кодексіне өзгерістер енгізу туралы бастама көтерді. Түзетулер құжаттарды жасату үшін төленетін мемлекеттік баж мөлшерін қайта қарауды қамтиды.
Бүгінгі таңда жеке куәлік жасату үшін 0,2 АЕК, төлқұжат үшін 8 АЕК төленеді.
Депутаттар 16 жасқа дейінгі балаларға көлемі 22 беттік төлқұжат беру үшін мемлекеттік баж салығын 4 АЕК мөлшерінде белгілеуді ұсынып отыр. Ересектер үшін 36 беттік төлқұжат 8 АЕК, 48 бет үшін 12 АЕК төленуі тиіс.
Жеке куәлікті беру үшін базалық алым өзгеріссіз қалады – 0,2 АЕК. Бірақ бір жыл ішінде екі реттен көп жоғалған жағдайда 1 АЕК БАЖ салығы төленуі тиіс деген ұсыныс айтылды.
Ұсыныстың негіздемесі жыл сайын жоғалған жеке басын куәландыратын құжаттарды қалпына келтіруге орта есеппен 350 мыңнан астам адам жүгінетінін түсіндіреді (жеке куәлік – 335 мың, төлқұжат – 15,6 мың). Жыл сайын жоғалуына байланысты жеке куәлік жасатуға 335 мың азамат өтініш береді. Соның ішінде орта есеппен 7 806 азамат бір жылдың ішінде 2 реттен артық жеке куәлік жасатады екен.
Депутаттардың айтуынша, құжатты қайта ресімдеу кезінде мемлекеттік баж салығының мөлшерін арттыру азаматтарды жеке басын куәландыратын құжаттарға мұқият болуын қалыптастырады.
Источник: qazaq.asia