263 rob
Фотосурет: Сарыөзек гарнизонының баспасөз қызметі
Отан алдындағы азаматтық борышын өтеу үшін, еліміздің әр өңірінен 2023 жылдың күзгі айында әскер қатарына шақырылған 400-ден аса жас сарбаздар Сарыөзек гарнизонында орналасқан әскери бөлімдерде салтанатты түрде ант қабылдады.
Салтанатты іс-шараны гарнизон бастығы подполковник Даулет Секенов жүргізіп, жеке құрамды айтулы мерекесімен құттықтап, әскери анттың жауапкершілігі мен оның маңыздылығы туралы баяндама оқыды.
Аталмыш мерекелік іс-шараға Сарыөзек ауданының тұрғыны, құрметті азаматы, Ауған соғысының ардагері отставкадағы майор Шерғали Нұрғалиев, Қазақстан Қарулы Күштердің ардагері аға прапорщик Биахмет Саудабаев, Кербұлақ ауданы акиматының өкілдері, гарнизонға қарасты әскери бөлімдерінің командирлері және мекеме басшылары, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, сондай-ақ, жас буынның ата-аналары мен туысқандары қатысып, жас сарбаздарды айтулы мерекелерімен құттықтап, ел қорғаудағы істеріне сәттілік тіледі.
Сондай-ақ, жас сарбаздар Отан алдындағы борыштарын адал өтеуге, көпшілік алдында ант берді. Одан кейін, жас сарбаздар, жас буындаржиыны кезінде алған машық-дағдыларын, соның ішінде қарумен және қарусыз игерген саптық амалдарын көрсетіп, көпшілік алдында салтанатты шерумен жүріп өтті.
Салтанатты рәсімде ант қабылдаған сарбаздар бұл міндеттердің салмағын анық сезінді. Себебі, олардың саптық жүрісінен, әскери мәдениеті мен темірдей тәртібінен осы жауапкершілік айрықша көрініп тұрды.
Одан өзге шабуылдаушы бригадасыныңбарлаушы бөлімшелерінің жеке құрамы саптық алаңда қоян-қолтық ұрыстың әдіс-тәсілдерін көрсетіп жиылған көпшілікті тәнті етті.
Биылғы жылдың күзінде әскерге шақырылып, сарбаз атанған жастардың басым бөлігі Павлодар, Астана, Ақтөбе, Орал, Шымкент, Алматы, Шығыс және Батыс Қазақстан өңірлерінен келген.
— Бүгін біз ел алдында әскери борышымызды өтеуге ант бердік. Отан алдындағы борышты өтеу, оған қызмет ету әр азаматтың қасиетті борышы деп санаймын. Мен әскерге өз еркіммен шақырылдым. Себебі болашақта осы әскери саланы таңдап, бір жақсы озат маманы болсам деймін, — деді ант қабылдаған жас сарбаз қатардағы жауынгер Нұрмухаммед Ұзақ.
Шара соңында бөлім командирлері ант қабылдаған жас жауынгерлердің ата-аналарымен кездесіп, олармен ашық сұхбат құрып, көкейлеріндегі сұрақтарына жауап беріп, әскери қызметтің қатаң тәртібін түсіндірді.
Ал Отан алдындағы ант қабылдаған сарбаздар алдағы уақытта әскери мерзім аралығында жүктелген аса жауапты міндеттерін атқаруға кірісетін болады.
Сарыөзек гарнизоны баспасөз қызметінің бастығы майор Абзал Сартаев
Источник: qazaq.asia