205 Awrora
Фотосурет: ҚР Ұлттық ұланы «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі
Екі жүзден астам ұлттық ұлан сарбазы ант қабылдады, деп хабарлайды DKNews.kz.
«Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5518 әскери бөлімінде екі жүзден астам жас сарбаз ант қабылдады.
Өскемен қаласындағы әскери бөлімде Отан алдындағы борышын атқаруға келгендер Алматы, Ақмола, Павлодар және Қызылорда облысынан шақыртылған.
«Бүгін біз үшін өте қуанышты күн. Жеке өз басыма әскери бөлім ұнады, өйткені мерзімді әскери қызметін өткерушілер үшін барлық жағдай жасалған. Әскери бөлім табалдырығын аттаған күннен бастап командирлер білмегенімізді үйретіп, әрдайым көмек көрсетуде. Мен ендігі уақытта Отанға деген борышымды адал атқаруға барымды саламын» Қатардағы жауынгер Бауыржан Есхат
Салтанатты шараға Ұлттық Ұлан өңірлік қолбасшылығының әскерилер мен ардагерлер қатысты. Олар жастарға ізгі тілектерін жолдады.
Сап түзеген сарбаздардың семсер сүйіп серт берген мерейлі сәтіне ата-аналар қауымы да куәгер болды.
«Бүгін біз баламыздың қуанышын көруге арнайы келдік. Мұнда менің баламның жағдайы жақсы екен. Әрине, оған еш күмән болмады. Кеше ғана ауылдан шығарып салған бозбала еді. Бүгін сапта сымдай тартылып, есейіп қалғандай көрінеді. Отан үшін берген уәдесін адал орындап, туған жеріне абыроймен оралады деп бек сенемін» Сарбаздың анасы Таңнұр Әлтауыт
Бүгінгі кеште әр сарбаз өзіне жүктелген міндетті үлкен жауапкершілікпен сезінгені анық.
Өйткені, салтанатты рәсім әскерилер үшін ерекше жоралғы саналып, сарбаз бойындағы патриотизмді арттырып, Ұлттық ұлан қатарында адал қызмет атқару тәрізді қасиеттерге тәрбиелейді.
Источник: qazaq.asia