219 Awrora
Фотосурет: Ұлттық ұлан
24 қараша күні Ұлттық ұланның 5573 әскери бөлімінде «Жас бүркіт» әскери-патриоттық қозғалысының 20 жылдығына арналған салтанатты шара өтті.
Оған Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның бас қолбасшысы генерал-лейтенант Еркін Ботақанов және өзара әрекеттес органның өкілдері арнайы қатысты.
Бастауын 2003 жылы сол кездердегі Ішкі әскерлердің әскери бөлімдерінен алған «Жас бүркіт» әскери-патриоттық қозғалысы 20 жылдық белесті артта қалдырды. Осыған байланысты Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығы мерейлі кезеңде атқарылған жұмыстарға тоқталып, айрықша атап өтті. Алдымен сахнаға Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының және «Жас бүркіт» әскери-патриоттық қозғалысының Туы шығарылды, Мемлекеттік Әнұран шырқалды. Содан кейін мінберге көтерілген Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары генерал-майор Қайрат Үмбетов баяндама жасады.
– Әскерімізде «Жас бүркіт» қозғалысы шеңберінде әскерге дейінгі жастармен кездесу, ашық есік күндерін өткізу, аймақтық билік өкілдерінің, ардагерлердің, белгілі тұлғалардың қатысуымен тәрбиеге байланысты өзекті тақырыптарда іс-шаралар ұйымдастырылып келеді.
Ұлттық ұландықтардың мақсаты – елімізде білімді, өнерлі, елін, жерін, салт-дәстүрін сыйлайтын жастардың қалыптасуына атсалысу.
2003-2023 жылдар аралығында мектеп бітірген «Жас бүркіт» мүшелерінің болашақтарын әскери саламен байланыстырғандары да көп. Бүгінде Ұлттық ұланда және басқа күштік құрылымдарда 100-ден аса «Жас бүркіттен» шыққан өрендер өз қызметтерін абыроймен атқаруда. Солардың бірнешеуі бүгінгі салтанатты шарамызға қонақ ретінде келіп, ортамызда отыр, – деді генерал-майор Қайрат Үмбетов.
Баяндама соңында Қайрат Жарылқасынұлы Бас қолбасшының мерекелік бұйрығын жеткізді.
Қызметтік-жауынгерлік іс-қимылдағы жоғары көрсеткіштері, әскери борышын үлгілі атқарғаны, әскери-патриоттық жұмыстарға белсенді қатысқаны және «Жас бүркіт» әскери-
патриоттық қозғалысының құрылғанына 20 жыл толуына орай «Орталық» өңірлік қолбасшылығы 5510 әскери бөлімі жасағының 1 тобы 1 бөлімшесінің офицері аға лейтенант Бекмұрод Ілиясов, «Батыс» өңірлік қолбасшылығы 5546 әскери бөлімінің жедел мақсаттағы батальоны 2 ротасының командирі аға лейтенант Қуанышбек Қалиев, 6654 әскери бөлімі әскер қызметі және әскери қызметтің қауіпсіздігі қызметінің аға сарбазы (аға атқыш) сержант Зумрад Тельман, «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының 6506 әскери бөлімі 4 жедел мақсаттағы батальонының 12 ротасы 2 взводының сержанты (жауынгерлік даярлық жөніндегі нұсқаушы) кіші сержант Артем Калашников грамотамен наградталды. Ұлттық ұланның жеке құрамымен әскери-патриоттық жұмыстарға белсенді қатысқаны және «Жас бүркіт» әскери-патриоттық қозғалысының құрылғанына 20 жыл толуына орай «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы 6506 әскери бөлімінің жасақ офицері қызметші (запастағы подполковник) Арман Ахашов алғыс хатпен марапатталды.
Сондай-ақ Ұлттық ұланмен тығыз қарым-қатынас орнатқан Астана қаласы «К. Акишев атындағы №69 мектеп-гимназиясы» МҚМ алғашқы әскери дайындық мұғалімі Алпысбай Қуаныш, Астана қаласы «Т. Бигелдинов атындағы №1 мектеп-лицей» МҚМ алғашқы әскери дайындық мұғалімі Владимир Илгнер, Астана қаласы «BINOM SCHOOL» мектеп-лицейі» МҚМ алғашқы әскери дайындық мұғалімі Қайрат Малыбаев, Астана қаласы «Ақселеу Сейдімбек атындағы №54 мектеп-лицей» МҚМ алғашқы әскери дайындық мұғалімі Мамыр Қасымов, Астана қаласы «№25 мектеп-лицей» МҚМ алғашқы әскери дайындық және технология мұғалімі Дархан Сабалақов секілді бірқатар ұстазға да алғыс хат табысталды. Ал «Ұлттық ұлан қызметінің үздігі» кеуде белгісіне Астана қаласы «BINOM SCHOOL» мектеп-лицейі» МҚМ директоры Берікболсын Кемелбек, Астана қаласы «Қ.Ақышев атындағы №69 мектеп-гимназиясы» МҚМ директоры Жұлдыз Рахметова бастаған оқу-ағарту саласының қызметкерлері ие болды.
Сондай-ақ жоғарыдағы бұйрық аясында 4 әскери қызметші, өзара іс-әрекеттегі 37 қызметкер, 2 ардагер, «Жас бүркіт» әскери-патриоттық қозғалысының 26 тәрбиеленушісі мен ата-аналары марапатталды.
Құрметті қонақтар арасынан мінберге көтерілген Ұлттық ұланның бас қолбасшысы генерал-лейтенант Еркін Ботақанов «Жас бүркіт» әскери-патриоттық қозғалысының 20 жылдығымен құттықтады.
– Биылғы 5 мамырда өткен Бүкілармиялық кеңесте Мемлекет басшысы, ҚР Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өскелең ұрпақтың әскери-патриоттық рухын көтеруге баса мән беру қажеттігін ерекше атап өтті. Бұл тапсырманы Ұлттық ұлан әскері белсенділікпен орындап келеді. Жиырма жылдың ішінде «Жас бүркіт» әскери-патриоттық сыныптары еліміздің бүкіл өңірлерінде ашылып, қазіргі кезде ауқымды жұмыс жасап отыр. Бүгінгі атаулы күні осы бағыттағы жұмыстың нәтижелі жүргізіліп жатқанын мақтанышпен айта аламыз. «Бүгінгі жастар – ертеңгі Отан қорғаушылар. Еліміз мәңгі болсын десек, жастарымыз нағыз патриот, еңбекқор, өз Отанына шексіз берілген азамат болуы тиіс. Егеменді елдің болашағы — өскелең ұрпақтың қолында! Ел болашағы мына отырған Сіздер! Өз таңдауларыңыздан таймай, жақсы білім алып, еліміздің жарқын азаматтары болатындарыңызға сенімдімін. «Жас бүркіт» әскери-патриоттық қозғалысының 20 жылдық мерейтойы құтты болсын! – деді генерал-лейтенант Еркін Ботақанов.
Құттықтау сөзден кейін «Жас бүркіт» әскери-патриоттық қозғалысының ең кішкентай мүшесі жеті жасар Омар Қойшыбек «Жас бүркіт» әскери-патриоттық қозғалысына көрсетіп жүрген қамқорлығы үшін Ұлттық ұланның бас қолбасшысына клубтың атрибутын табыстады. Мұндай атрибуттар бірқатар қадірменді қонаққа да берілді.
Балалардың қолынан арнайы атрибут алған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутат Максим Рожин де құттықтау сөз сөйледі.
– Бүгінгі сіздердің мерекелеріңізге келгеніме қуаныштымын. Ұлттық ұлан бас қолбасшысы генерал-лейтенант Еркін Ботақанов қызметші Арман Ахашовты тегіннен-тегін атап өткен жоқ. «Жас бүркіттің» алғаш құрылған кезіндегі ол кісінің еңбектерімен таныспыз. Жемісті жұмыстардың нәтижесі де көңіл қуантады. Міне, бүгін мен де жасым қырыққа келгеніне қарамастан «Жас бүркіт» қатарын толықтырып отырмын. Мен үшін бұл – үлкен құрмет! Елімізде әскери дәстүрлердің қалыптасып келе жатқаны байқалады. Әсіресе, бүгінгідей кезеңде мұның маңызы зор. Қазақ халқы үшін сарбаздардың сақадай сай болуы, олардың намысты әрі жігерлі болуы да маңызға ие.
Қазыбек би атамыздың мына бір сөзін еске түсіргім келіп отыр: «Біз қазақ деген мал баққан елміз, Ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз. Елімізден құт-береке қашпасын деп, Жеріміздің шетін жау баспасын деп, Найзаға үкі таққан елміз». Кезінде жаудың бетін бірауыз сөзбен қайтарған осындай ата-бабаларымыз болған. Бүгінде тек сөзбен ғана емес, жауынгерлік дайындықпен де жау тойтаратындай болуымыз керек. Менің ойымша, «Жас бүркіт» секілді клубтар еліміздің қауіпсіздігіне бүгін де, болашақта да үлкен үлес қосады. Бұл ретте әскери-патриоттық қозғалыс – бастапқы баспалдақ, алғашқы қадам. Мен мұнда заң шығарушы органнан, Парламенттің төменгі палатасы атынан келіп тұрғаннан кейін сіздерді құттықтап отырмын. Бұл тақырыпқа біз баса назар аударамыз. Өздеріңіз білетіндей, жақында ғана Мәжіліс қабырғасында әскери-патриоттық тәрбие туралы заң шыққан болатын… Біз сіздермен мақтанамыз, біз сіздерге рахмет айтамыз! – деді депутат Максим Николаевич.
Ал Ұлттық ұлан Ардагерлер кеңесінің төрағасы генерал-майор Қалиақпар Тоқышев елдің келешегі жолындағы жасөспірімдердің рөлі жайлы ойымен бөлісті. ҚР Оқу-ағарту министрлігі Республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының директоры Раиса Шер Ұлттық ұланмен арадағы ынтымақтастық жайлы сөз етті.
– Елімізде мектептен тыс 1745 үйірме жұмыс істейді. Ол жерлерде миллиондаған балғындар тәрбиеленуде. Олардың бағыт-бағдарлары да әртүрлі. Олар ғылым мен технологияға, бейнелеу өнеріне, музыкаға және әскери-патриоттық тәрбие секілді өзге де бағыттарға бөлінген. Соның ішінде әскери-патриоттық тәрбие мемлекеттік деңгейде басты приоритетке ие. Біз дәл осы бағытта жас патриоттарды тәрбиелеп, қалыптастырып келеміз. Сондықтан қоғам үшін «Жас бүркіт» сыныптары мен клубтарының пайдасы орасан, – деді Раиса Шер.
Сондай-ақ ҚР Қорғаныс министрлігі Тәрбие және идеологиялық жұмыстар департаментінің бастығы полковник Тілеухан Басқожаев Қорғаныс министрінің атынан «Жас бүркіт» мүшелеріне сыйлық табыстады. Сөз барысында Ұлттық ұланда құрылған әскери-патриоттық қозғалыстың жемісті жұмыс істеп келе жатқанын атап өтті.
– Жиырма жыл қысқа мерзім, бірақ еліміздің тәуелсіздігімен салыстырғанда жеткілікті уақыт. Тәрбиеші ретінде сіздердің жұмыстарыңыздың ауқымды, шеңбері жоқ жұмыс екенін атап өткенім жөн. Қорғаныс саласында да «Жас бүркіт» секілді «Жас сарбаз» жастар-патриоттық қозғалысы бар. Сіздер бізден бұрын бастаған екенсіздер: біздің қозғалысқа 5 жыл, сіздерге 20 жыл! «Жас сарбаз» қатарына 8 600-ге жуық ұйым, 260 мың оқушы жұмылдырылған. Бәріміздің де мүддеміз бір, мақсатымыз ортақ. Басты мақсат – жас партиоттарды тәрбиелеу. Президентіміздің басқаруымен өткен Бүкілармиялық кеңесте біздерге бірнеше пәрмен берілген еді. Сол бұйрықтың бірі – жастардың әскери-патриоттық тәрбиесіне байланысты жұмыстардың концепциясын дайындау. Күні кеше Қорғаныс министрі Үкімет басшысының алдында аталған концепцияны қорғап шықты. Концепцияда үлкен, ауқымды міндеттер жазылған. Соған байланысты алдағы уақытта біраз өзгерістер болады, – деді полковник Тілеухан Басқожаев.
Сөз сөйлеушілер қатарын түйіндеген 6506 әскери бөлімінің «Жас бүркіт» әскери-патриоттық клубының алғашқы жетекшісі запастағы подполковник Арман Ахашов Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығына және әріптестеріне көрсеткен қолдауы үшін алғыс айтты.
— «Жас бүркіт» әскери-патриоттық қозғалысы Қазақстанның барлық қалаларында жұмыс істеп тұр. Ұлттық ұлан Ішкі әскер аталып тұрған кезінде Шымкенттегі 6506 әскери бөлімінде туған идея бүгінде өз жемісін беруде. Алғашқы қадам біздерге оңайға соққан жоқ. Біздің бастамамызға сенімсіздік білдірген жандар да болды. Бірақ мұның ешқайсысы бізге кедергі бола алған жоқ. Демалыссыз балалармен жұмыс істедік. Десе де біз діттеген мақсатқа қол жеткіздік. «Жас бүркітте» жүріп қанатын қатайтқан жастар бүгінде әр өңірде әскери сала бойынша қызмет етіп жүр, – деді ол.
Іс-шараның сәнін 5573 және 6636 әскери бөлімдерінің «Жас бүркіт» әскери-патриоттық қозғалысының тәрбиеленушілері келтірді. Олар клубта үйренген әдіс-тәсілдерін, өз өнерлерін көрсетті. Мерекелік жиында «Жас бүркіт» клубының қатарына қосылған жасөспірімдерді салтанатты түрде қабылдау рәсімі өтті. Олардың қатарында елордадағы № 69 мектептің 7(б) сынып оқушысы Әділжан Нұғымаш та бар.
— Мен клубта нағыз жігіттерге тән қасиеттерді бойыма сіңіріп жүрмін. Мұндағы жетекшілеріміз біздерге жауынгерлердің іс-қимылын, қару-жарақтарын көрсетеді. Осында келгелі көп дүниені үйреніп алдым. Сол үйренгендерімізді сахнада көрермендерге көрсеттік. Болашақта мен де әскери салада қызмет еткім келеді. Мен елімді қорғауға әзірмін, — деді Ә. Нұғымаш.
Басына сары түсті желбіршек байлаған тағы бір баланың аты-жөні – Әлтайыр Рахимов. Ол № 11 мектептің 5 сыныбында оқиды.
— Мені мұнда әкем әкелді. Ол маған ер жігіт батыл әрі күшті болып өсуі керек деп үнемі айтады. Сондықтан мықты болу үшін барымды саламын. Клубтағы сағаттарым қызықты өтеді. Әр сенбі күнін асыға күтемін. Мен де есейгенде ел қорғаймын, — деді ол.
Балалар әзірлеген номерден соң мерекелік басқосу Ұлттық ұлан Ән-би Ансамблінің бишілер тобының, ҚР Қарулы Күштерінің Ұлттық әскери патриоттық орталығының Орталық ансамблінің «Жас сарбаз» балалар студиясы өнерпаздарының қатысуымен ұйымдастырылған концертке ұласты. Осылайша, «Жас бүркіттің» 20 жылдық мерейтойы бар сән-салтанатымен өтті.
Айта кетейік, қазіргі уақытта Ұлттық ұланның әскери бөлімдері қанатының астына алған 59 мектеп пен 3 колледжде жалпы саны 108 «Жас бүркіт» әскери-патриоттық сыныбы ашылған. Сондай-ақ әскери бөлімдер аумағында 33 спорттық әскери-патриоттық клубтары жұмыс істеуде. Мұндағы тәрбиеленушілердің жалпы саны 2500-ге жуық оқушыны құрайды. Олар үшін арнайы сабақ кестелері түзілген. Оқушылар сабақтардың нәтижесінде әскери салаға бейімделіп, өмірге қажет дүниелерді меңгереді.
Қатардағы
Жанболат КЕНЖЕҒҰЛ
Источник: qazaq.asia