«Жас бүркіт» қозғалысына 20 жыл!

«Жас бүркіт» қозғалысына 20 жыл!

312 rob

Фотосурет: ҚР ҰҰ баспасөз қызметі

Биылғы 5 мамырда өткен Бүкілармиялық кеңесте Қазақстан Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өскелең ұрпақтың әскери-патриоттық рухын көтеруге баса мән беру қажеттігін және батырларымыздың ерлігін үнемі дәріптеп отыру керегін атап өткен еді, деп хабарлайды DKNews.kz.

«Бүгінгі жастар — ертеңгі Отан қорғаушылар. Елдігіміз мәңгі болсын десек, біз нағыз патриот, еңбекқор ұрпақ тәрбиелеуге тиіспіз. Ең бастысы, бұл жұмыс қанша буын алмасса да тоқтамай, ұдайы жүргізіле беруі керек», — деген болатын Мемлекет басшысы. Оның бұл тапсырмасын орындауда Ұлттық ұлан әскері белсенділік танытуда.

Жалпы Ұлттық ұланның «Жас бүркіт» әскери-патриоттық қозғалысы 2003 жылдың 6 желтоқсанында құрылған. Оның жасақталу тарихы 6506 әскери бөлімінен бастау алады. Қанатын кеңге жайған патриоттық клуб бүгінде еліміздің барлық дерлік қалаларында ашылған.

Мұндағы басты мақсат – балалар мен жасөспірімдердің бойына патриоттық сезімнің дәнегін егіп, оларды елін қорғайтын ер азамат ретінде тәрбиелеуге атсалысу.

Биыл бұрынғы Ішкі әскерлер, қазіргі Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығының бастамасымен құрылған «Жас бүркіт» әскери-патриоттық қозғалысына 20 жыл толып отыр. Ат жалын тартып мінер ердің жасына келген «Жас бүркіт» әскери-патриоттық қозғалысы діттеген мақсат-міндеттерге қолжеткізе бастады деуге болады.

Қазіргі уақытта Ұлттық ұланның әскери бөлімдері қанатының астына алған 59 мектеп пен 3 колледжде жалпы саны 108 «Жас бүркіт» әскери-патриоттық сыныбы ашылған. Сондай-ақ әскери бөлімдер аумағында 33 спорттық әскери-патриоттық клубтары жұмыс істеуде. Мұндағы тәрбиеленушілердің жалпы саны 2500-ге жуық  оқушыларды құрайды. Олар үшін арнайы сабақ кестелері түзілген. Оқушылар сабақтардың нәтижесінде әскери салаға бейімделіп, өмірге қажет дүниелерді меңгереді.

Жоғарыда атап өткеніміздей, әскери-патриоттық қозғалысының негізі алғаш рет Шымкент қаласында қаланды.  Екі мыңыншы жылдардың басында 6506 әскери бөліміндегі офицерлер мен ардагерлердің қолдауымен балалар мен жасөспірімдерге патриоттық тәрбие беру туралы жоба әзірленген болатын. Ол кездері Қазақстанның қазіргі Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықов 6506 әскери бөлімінің командирі болып тұрды. Оның бастамасымен әскери бөлім базасында, №45 С. Королев атындағы мектеп-гимназия мен сол кездегі Оңтүстік Қазақстан облысы Төлеби ауданы Первомаевка ауылының №2 Балалар үйінде «Жас бүркіт» спорттық әскери-патриоттық клубын құру туралы жоба әзірленді. Содан бері оқушылар әр апта сайын әскери-қолданбалы спорт түрлерін үйрену үшін әр әскери бөлімдерде ашылған «Жас бүркіт» клубтарына сабаққа келіп жүр.  Мұндай сабақтарда басты назар дене шынықтыру мен өзін-өзі қорғау техникасына және шығыс жекпе-жегінің элементтеріне аударылады. Сондай-ақ оларға қиын жағдайларда қалай әрекет ету керектігі түсіндіріледі. Жиырма жыл бойы атқарылған мардымды жұмыстар нәтижесіз емес.

Бүгінде «Жас бүркіт» қозғалысының бұрынғы 100-ден аса белді мүшелері Ұлттық ұланның және басқа да күштік құрылымдардың, әскери қызметшілері, офицерлері, келісімшарт қызметкерлері болып қызмет етіп жүр. Қазіргі уақытта аталған қозғалыстың кей өкілдері Академиямыздың курсанттары қатарын да толықтырып үлгерді.

Мысалы, бала күнінде 6506 әскери бөлімінің «Жас бүркітшілері» болған аға лейтенант Мұхаммед Ахашев, кіші сержант Артем Калашников, аға лейтенант Бекмұрат Ілиясов, аға лейтенант Мұхамет Амангелдіұлы бүгінде Ұлттық ұлан сапында қызмет етіп жүр.

Бұл аз десеңіз, өзге де өңірлік қолбасшылықтарда қызмет етіп жүрген қыз-жігіттерімізді де үлгі етуге болады. Олардың арасында бұған дейін Атырау қаласындағы «Жас бүркіт» кулбының мүшесі болған, ал қазіргі уақытта 5546 әскери бөлімінің рота командирі болып жүрген аға лейтенант Қуанышбек Қалиев, Қаракемер кентіндегі 6654 әскери бөліміндегі әскери қызметші капитан Дастан Абдулла  мен дәл осы әскери бөлімде психолог маман ретінде қызмет атқарып жүрген аға лейтенант Қарлығаш Ақжігіт секілді өзге де офицерлерді мақтанышпен айта аламыз. Бұл тізімді әлі де жалғастыра беруге болады. Бұлардың бәрі нәтижелі жұмыстың бетбейнесі.

Әскери-патриоттық қозғалыс мұнымен тоқталып қалмақ емес. Алда атқарылуы тиіс ауқымды істер жетіп артылады. Сондықтан да Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығы әскери бөлімдердегі «Жас бүркіт» әскери-патриоттық қозғалысын жыл сайын жандандырып келеді.

Мәселен, 5573 әскери бөлімінде «Жас бүркіт» әскери-патриоттық қозғалыс 2018 жылдың қыркүйек айында құрылған. Мұнда Астана қаласының № 69, № 90, №48, №71, №11 мектептің  және Қараөткел ауылының екі мектебінің оқушылары келіп тұрады. Клубқа 5-12 жас аралығындағы балалар қатысады. Ал сыныпқа 9-11 сынып оқушылары келеді. Аталған әскери бөлімге тиесілі 1 клуб жұмыс істеп тұр. Әскери бөлім елорда бойынша үш мектеппен меморандум жасасқан. Соның нәтижесінде мектеп қабырғаларында үш сынып ашылған. Атап айтқанда, Ыбырай Алтынсарин атындағы BINOM SHOOL мектеп-лицейі, Кемел Ақышев атындағы № 69 мектеп-гимназиясы және № 1 мектеп-лицейімен ынтымақтастық орнатылған.

Сыныптарда аптасына бір рет әскери дайындық сабағының уақытында әскери Жарғы, киім үлгісі, қару-жарақ және техника, медицина, жауынгерлік қызмет, кинология, тыл, байланыс, Мемлекеттік құқықтық дайындық тақырыптарында білім беріледі. Сондай-ақ Ұлттық ұлан Академиясына түсу жолдары түсіндіріледі.  Ұлттық ұлан туралы кинолар көрсетіледі. Сонымен қатар, әскери бөлімде «Ашық есік күндері» жиі ұйымдастырылып тұрады. Бұл күндері жас буынға жеке құрамның жатын орындары, асханасы, тамақтары, киім-кешектері, кинологиялық қалашық, техникалар, қару-жарақтар таныстырылады. Жас қазақстандықтардың бойында патриотизмді қалыптастыру, елге, жерге, Отанға деген сүйіспеншіліктерін арттыру мақсатында ерлік сабақтары да өтіп тұрады.

Сабақтарды сыныптағы тәрбие бөлімшесі бастығының көмекшісі лейтенант Нұргүл Мұсаева және бөлімшелердің, батальонның, ротаның өзге де тәрбиеші офицерлері өткізіп отырады.

Клуб тәрбиеленушілері жекпе-жек өнерімен, жауынгерлік самбо түрлерімен айналысады және саптық, сондай-ақ қарумен жаттығулар жасап, машықтанады. Клубтағы жаттығуларды арнайы жасақ офицерлері өткізеді. Бұл бір ғана әскери бөлімнің жұмысы. Осы секілді өзге өңірлердегі клубтар да жемісті жұмысын жалғастырып келеді.

«Жас бүркіт» әскери патриоттық қозғалысының нәтижелі жұмысына оқушылар ғана емес, олардың ата-аналары да дән риза. Олардың айтуынша, жас өрендердің күнделікті сабақ үлгерімдері жақсарып, бос уақыттарын тиімді өткізуге дағдыланған. Араларында спортпен айналысып, жетістікке жеткендері де көп. Балаларының бойындағы оң өзгерістерді байқаған ата-аналар қауымы әр аймақтағы әскери бөлім басшыларына келіп алғысын айтқан сәттер де бар.  Дегенмен де Қазақстандағы өзге де құрылымдарда құрылған әскери патриоттық клубқа қатысушылардың бәрін қоса есептегенде қазақстандағы барлық оқушының 3 % үлесін ғана қамтиды. Сондықтан да бұл жұмыстарды белсенді жүргізу әлі де қолға алынады.

Қазіргі кезеңде «Жас бүркіт» әскери-патриоттық қозғалысының мүшелері Ұлттық ұланның ауқымды іс-шараларының белсенді қатысушылары. Мысалы, 1995 жылғы 7 сәуірде тәжік-ауған шекарасында қаза тапқан Ішкі әскердің (қазіргі Ұлттық ұлан) 17 жауынгерін еске алуға арналған шеруге әскери-патриоттық сыныптар жыл сайын қатысуды дәстүрге айналдырған. Тіпті олар 2023 жылы арнайы жасақ туралы түсірілген «Бүркіт» фильмінде де бой көрсетті. Фильмнің соңғы эпизодтарында басты кейіпкерлеге «Күрең берет» табысталатын сәт бар. Аталған рәсімге қатысқан «Жас бүркіт» мүшелері кинотуындының кадрларында таспаланды. Мұның бәрі тарих бетінде қатталатын, маңызды қадамдардың айғағы. Бүгінде «Жас бүркіт» әскери-патриоттық қозғалысы 20 жылдық кезеңді артта қалдырды. Ер жігіттің жасына жеткен құрылым жас буынның тәрбиелі әрі батыл да батыр болып өсуіне әлі талай қызмет ететін болады. Ұрпақ тәрбиесіне үлес қосу, олардың бәсекеге қабілетті, нағыз патриот болып өсуі бәріміз үшін де маңызды. Ұлттық ұлан бұл тұрғыда елеулі жұмыстармен айналысуды бір сәтке де доғармайды.

Ел айбыны – Ұлттық ұлан жас жеткіншектерді отансүйгіштікке тәрбиелеу қызметін белсенді жалғастыра береді.

Қатардағы Жанболат Кенжеғұл

Источник: qazaq.asia

Яндекс.Метрика