Жандар Асан: «Ісіңді адал істесең ғана нақты нәтижеге жетесің»

Жандар Асан: «Ісіңді адал істесең ғана нақты нәтижеге жетесің»

302 rob

Фотосурет: DKnews

Тәуелсіз Қазақ елінде өмірге келіп, білім алған өскелең ұрпақтың басты құндылығы не болуы тиіс?

Елдің ертеңі, мемлекеттің келешегі бүгінгі жастардың  мемлекетшілдік санасын қалай нығайтуға болады? Белгілі журналист, ғалым Жандар Асанмен сұхбат осы және өзге де сауалдар төңірегінде өрбіді.

 БІЗДІҢ АНЫҚТАМА

Жандар Тұрарұлы АСАН 1990 жылғы 12 мамырда дүниеге келген.

Дарынды балаларға арналған «Түркібасы» қазақ-түрік лицейін, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің бакалавриатын, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің магистратура және PhD докторантурасын үздік бағалармен бітірген.

Польша (University of Warsaw) және Түркияның (Istanbul University) беделді жоғары оқу орындарында жобаларды басқару, mass media бойынша білімін жетілдірген.

Журналистика, коммуникация, PR және мемлекеттік қызмет салаларында 12 жылдан астам еңбек тәжірибесі бар.

Бірқатар отандық жетекші БАҚ-та («КТК», «Хабар 24») шеф-редактор, продюсер ретінде қоғамдық-саяси және әлеуметтік бағыттағы бағдарламалардың жарық көруіне үлес қосқан.

Сондай-ақ өңірлік және ұлттық жоғары оқу орындарында жетекшілік позицияда қызмет атқарған уақытта жастар саясаты, руханият салалары мен ғылымды дамыту бойынша жобаларды іске асырған.

Алматы облысы Тілдерді дамыту басқармасының бөлім басшысы, Алматы облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының басшысы қызметтерін атқарған.

Бірнеше деректі фильмнің авторы. Отандық және шетелдік басылымдарда 500-ден астам публицистикалық және ғылыми мақалалары жарық көрген.

«МЕМЛЕКЕТШІЛДІК САНАНЫ НЫҒАЙТУ – БАСТЫ МІНДЕТ»

– Жандар Тұрарұлы, әңгімеміздің әлқиссасын «мемлекетшіл», «елшіл» деген ұғымдардың ара-жігін ажыратудан бастасақ… Сіздің пайымдауыңызша ол қандай азамат? Анықтамасы бар ма?

– Сауалыңызға рақмет! Менің ойымша, бұл атаулар бір-біріне етене жақын ұғымдар, синоним сөздер. Себебі, аталған қасиеттер бойында бар азамат халықтың, мемлекеттің мүддесін ойлауы керек. Олар қоғамның дамуын, оның дұрыс қалыптасуын, болашағы мен қауіпсіздігін, әлеуметтің әлеуетін көтеруді басты бағдар етіп алуы тиіс. Осы орайда астын сызып атап өткім келеді, биліктің қай сатысында қызметте отырмасын кез келген азамат мемлекетшіл болуы міндетті және мемлекеттің мүддесін жан-тәнімен қорғауы тиіс.

– Әңгімемізді бұл сауалдан бастауымызға да себеп жоқ емес. Сіз жас та болсаңыз сеніп тапсырылған қызметтерді абыроймен атқарып келесіз. Әсіресе, бірқатар мемлекеттік мекемелердің қоғаммен байланыс саласында жүйелі жұмыс істеп, жаңашылдық енгізгеніңізді білеміз…

– Артық айтқаным емес деп пайымдаймын. Біз кешегі ата мен әженің тәрбиесін көрген ұрпақпыз. Олар мені балаң күнімнен әділетті, ізетті болуға тәрбиелей білді. Үйдің үлкені болған соң біздің дұрыс азамат болып қалыптасуымызға ата-анам да жете мән берді.

Олар қолға алған қандай да бір істі аяғына дейін жеткізуді және оны адал орындауға дағдыландырды. Адам алған тәрбиесіне қарай өз ортасын қалыптастырады деп санаймын. Мен Алатау мен қазыналы Қаратау тоғысқан тұстағыт Түркібасы өңірінде дүниеге келгенмін. Сол құтты мекенде өсіп-жетілдім.

Университетті бітіріп, қызметке араласа бастаған кезде ең басты қағидат тиянақтылық екенін жете ұғындым. Атқарып отырған ісіңе мұқият қарап әрі адал істесең ғана нақты нәтижеге жетесің. Менің бұл орайдағы басты бағытым – жұмыс барысындағы тазалық, ұқыптылық пен оның нақты нәтижесі. Ашығын айтайын, менің арқамнан қағып, қолымнан сүйреп келе жатқан «көкем» жоқ. Өз ісіме деген адалдығым, кәсібилік пен отбасыдағы тәрбие болашағыма шамшырақ болып келеді.

– Еңбек жолыңыздың басым бөлігін қоғаммен байланыс және журналистикаға арнап келесіз. Десе де Сіздің жастар саясаты саласынан да алыс емес екеніңізді білеміз. Қарашаңырақ ҚазҰУ-дың қабырғасында студент бола жүріп, білім ордасының жастар ісі комитетін, бірқатар ұйымдарды басқарғаныңыз есімізде. Сіздің ойыңызша, осыдан 10-15 шақты жыл бұрынғы жастар мен бүгінгі ұрпақтың арасында қандай да бір өзгеріс бар ма?

– Әрине, бүгінгі буынға баға беретіндей жаста емеспіз. Отыздан ассақ та оң-солымызды танып келеміз. Әлі де болсын. Десе де өзгерістің барын жоққа шығара алмаймыз. Ол – уақыт ағымымен, замана талабымен келген өзгерістер. Бұл ретте соңғы онжылдықта интернеттің адам өміріне дендеп енуі де өзіндік ықпалын тигізгені рас. Ақпарат көп. Абайша тәмсілдегенде, ақпараттың да «естісі бар, есері бар». Өкініштісі сол, қазіргі күнде өскелең жастың арасында ақпаратты сұрыптау мәдениетінің қалыптасуы көңіл көншітерліктей деңгейде емес. Бұл өз кезегінде олардың дүниетанымына, деңгейі мен қарым-қабілетіне зиянын тигізеді. Бұның зардабы айтарлықтай болатынын күнделікті тіршілігімізде бағамдап келеміз. Менің ойымша, жалған ақпаратты анықтау және оның таралуына тосқауыл қою, ақпараттық сауаттылықты арттыру жастар арасында кеңінен насихатталуы тиіс. Аталған бастаманың тиімділігі өз нәтижесін беретіні сөзсіз. Бұл – біріншіден.

Екіншіден, уақыт озған сайын өзгеріп, жаңарып, түрленіп отыру – жаратылыс заңдылығы, өмір құбылысы. Ұрпақтар арасындағы әр кезеңдегі мақсат-мұрат, құндылықтар әртүрлі болуы мүмкін. Мәселен, егемендіктің елең-алаң жылдарында дүниеге келген біздер мен екі мыңыншы жылдары өмір есігін ашқан буынның белгілі бір дүниеге көзқарасы, ойлау деңгейі, қызығушылығы екі басқа. Ұқсастықтар да жоқ емес. Осы жайттардың барлығын ескере келе, жастар саясаты да ескі таптаурын сүрлеуден шығып, жаңаша әрі тың бағытта жұмыс істеуі қажет деп ойлаймын. Менің пайымдауымша, жаңа Қазақстан жаңа жастар саясатынан бастау алса керек-ті.

«ЖАЛАҢ ҰРАНМЕН ЕМЕС, ШЫНАЙЫ НИЕТПЕН ҚОҒАМҒА ҚЫЗМЕТ ЕТУ КЕРЕК»

– Құндылық демекші, тәуелсіз Қазақ елінде өмірге келіп, білім алған өскелең ұрпақтың басты құндылығы не болуы тиіс деп ойлайсыз?

– Мен және менің құрдастарым – егемен елде дүниеге келген ұрпақпыз. Ескінің арты, жаңаның басы болған менің қатарластарымның алды орда бұзар отыздан асты. Тәуелсіз елде өстік, жан-жағымызды таныдық, білім алдық, еңбекке араластық. Аздап тәжірибе жинадық. Әрмен қарай не істейміз? Жаңа Қазақстан құрамыз деп жатырмыз. Оған қалай атсалысамыз? Міне, қазіргі жастардың басты құндылығы осы сауал төңірегінде болуы тиіс деп ойлаймын. Яғни, біздің буынның басты құндылығы – Тәуелсіздік және мемлекеттігімізді нығайту болуы керек. Оның ұғымы өте кең. Түсіне білген адамға.

– Ешқандай пафоссыз, әсірелеусіз айтып отырсыз ғой?..

– Жалған пафос пен өтірік көлгірсудің уақыты өтті деп санаймын. Шыным – осы.

– Сіздің ойыңызша Тәуелсіздік құндылықтарының жастарға тигізген ықпалы мен әсері қандай?

– Сауалыңызға жауап берместен бұрын Президент Қасым-Жомарт Кемелұлының «Бүгінде Тәуелсіздік құрдастары ойы толысқан отыз жасқа толды. Егемен елде дүниеге келіп, өсіп-жетілген олардың санасы сергек, көзқарастары да, өмір салттары да өзгеше. Тіпті, Тәуелсіздікті ешбір дәлелді қажет етпейтін аксиома деп біледі. Бұл – егемендік ұғымы жастардың санасына берік орныққанын көрсететін қалыпты құбылыс. Бірақ Тәуелсіздік құндылығы жадына біржола шегеленіп, мәңгі сақталуы үшін өскелең ұрпақ оның қадірін білуі керек».

Ал қолдағы бардың қадірін қалай таразылаймыз? Халқымызда «Өткенін еске алған – өскендіктің белгісі, өткенін ұмытқан – өшкендіктің белгісі» деген жақсы сөз бар. Біз кешегі күнімізден сабақ алу арқылы болашаққа бағдар жасай аламыз. Біз азаттық жолында арпалысқан бабалар аманатына адалдық таныту арқылы егемендік құндылықтарын әспеттейміз. Біз зұлмат замандар мен қилы кезеңдерді жадымызда жаңғырту арқылы тәуелсіздіктің парқына жетеміз.

– Қазіргі жастар саясаты не нәрсеге басымдық беруі тиіс? Өз көзқарасыңызды білсек…

– Біріншіден, науқаншылдықтан арылған ләзім. Екіншіден, бүгінгі уақыт ағымына бейімделген, көпшіліктің сұранысына сай тағылымы мол істерге басымдық берген абзал. Әсіресе, білім мен технология, білік пен еңбекті насихаттайтын баянды бастамаларға жете назар аударған жөн. Бұл тарапта арнайы жобаларды жүзеге асыруға болады. Соңғы жылдары тума талантымен, табиғи дарынымен таңдай қақтырған жас өрендердің тұтас легі өсіп-жетілді. Осыларды дәріптей білуіміз керек. Ең бастысы – қолға алған қандай да бір игілікті іс науқаншылдыққа ұласпай, жалғасын табуы тиіс.  Қазір жастар саясатына мемлекет тарапынан қолдау бар. Менің ойымша, қандай да бір істе жанашырлық керек. Жанашырлық болмай іс ілгері жүрмейді. Жастар саясаты – мемлекеттің күре тамыры. Оған бей-жай қарауға болмайды.

– Бірнеше жылдан бері коммуникация, жоғары білім беру, медиа салаларында түрлі лауазымдарда еңбек еттіңіз. Жастар саясаты саласына оралғыңыз келмей ме?

– Жұмыстың жаманы жоқ. Сіз кез келген салада қызмет атқарып, кәсіби біліктілігіңіздің арқасында Отаныңыздың абыройын асыра аласыз. Әрине, алған білім мен азды-көпті тәжірибені мемлекет дамуы жолында жұмсауға ниетті екеніміз жасырын емес. Жалаң ұранмен емес, шынайы отансүйгіштікпен еліне, халқына қызмет ету – көзіқарақты жанның адами борышы, ұлт алдындағы парызы деп пайымдаймын. Елінің дамуына өзіндік үлесін қосып жатқанын сезіне білу азаматты бақытқа бастаса керек. Осы ретте кез келген адамның жеке қасиеті мен мақсаты елдік мүддемен астасса ғана шынайы патриотизм қалыптасатынын астын сызып атап өткім келеді.

ҚЫСҚА ҚАЙЫРҒАНДА

– Сіз үшін «Отан» ұғымы нені білдіреді? 

– Туған жерім. Отан менің – екінші анам. 

Өтірікті қаншалықты жиі айтасыз? 

– Адам баласына өтірік айтып, нәпақа тапқан емеспін.

– Достарыңыздың саны қанша? 

– Жанашыр дос жоқтың-қасы. Жолдастар көп қой. 

– Соңғы оқыған кітабыңыз қандай?

– Клаус Швабтың «Технология четвертой промышленной революции» және Дарон Аджемоглу мен Джеймс Робинсонның «Узкий коридор» атты еңбектері.

– Кімнен немесе неден қорқасыз? 

– Жаратушының қаһарынан және екіжүзділік пен сатқындықтан қорқамын. 

– Сіз үшін өмірдің мағынасы неде? 

– Еліме, жеріме, жақындарыма пайдалы болып, адам деген атқа лайық болып қалу. Халқыңа пайдаңды тигізетіндей, артыңда ізгілікті ізің қалатындай болып өмір сүру. Әр азамат солай ғұмыр кешуі тиіс деп санаймын.

– Әңгімеңізге рақмет!

Источник: qazaq.asia

Яндекс.Метрика