216 Арман
9 қаңтар күні сағат 16.00 -де елордалық Ассамблеяның ұйымдастыруымен Достық үйінде (Б.Момышұлы даңғылы 24/9) «Ақмола өңірі — архив құжаттарында (ХХ ғ. 20-40 жж.)» жинағының тұсаукесері өтеді, деп хабарлайды DKNews.kz.
Іс-шараға Астана қаласының Ішкі саясат басқармасының басшысы, Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі өңірлік комиссия төрағасының орынбасары Дәурен Бабамұратов, «Қаһармандар» Республикалық қоғамдық қорының президенті, Қазақстан Республикасының қоғам қайраткері, заң ғылымдарының кандидаты, Саяси қуғын -сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі Мемлекеттік комиссияның жобалық кеңсесінің басшысы Сабыр Қасымов, Астана қаласы әкімдігі жанындағы Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі өңірлік комиссия мүшелері, сондай-ақ Астана қаласы ҚХА Ғылыми-сараптамалық тобының өкілдері және арнайы шақырылған қонақтар қатысады.
Құжаттар жинағына XX ғ. 20-40 жылдарындагы Ақмола өңірінің қоғамдық-саяси өмірі мен дәстүрлі шаруашылығындағы түбегейлі өзгерістер, халық өкілдерінің азаттық жолындағы күресі мен қызметі, әскери-саяси жағдай, ашаршылықтың салдары, тәркілеу кезінде мал-мүлкінен айрылған адамдардын жан-айқайы мен шетел асуға мәжбүр болған босқындардың таралу аймағын көрсететін архив материалдары топтастырылған. Сондай-ақ саяси науқандар мен жаппай қуғын-сүргіндерге қатысты бұйрықтар мен нұсқаулықтар, қаулы-қарарлар мен шешімдер, қуғынға ұшыраған жергілікті тұрғындардың арыз-шағымдары мен талаптары, ресми баяндау жазбалары, статистикалык мәліметтер және саяси құқығынан айрылған адамдардың тізімдері енгізілген.
Басылым тарихшылар мен заңгерлерге, орта және жоғары мектептің мұғалімдері мен оқытушыларына, сондай-ақ төл тарихымызға қызығушы көпшілік қауымға арналған.
Источник: qazaq.asia