225 rob
Фотосурет: Түркістан облысының әкімдігі
Отырар ауыл округіне қарасты Арыс ауылы тұрғындарының қуанышын еселеген тарихи сәтке аудан әкімі Сәкен Сұлтанханов, аудандық мәслихат төрағасы Уалихан Ұзақов және «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Түркістан өндірістік филиалының директоры Нұржан Түймебаев арнайы қатысып, көпшілікті көгілдір отынның қуанышымен құттықтады, деп хабарлайды DKNews.kz.
Мердігер компанияның басшылары, жауапты сала мамандары қатысқан шарада ауыл ақсақалдары игі жаңалыққа ризашылықтарын білдіріп, ел азаматтарына ақ баталарын берді.
Бұған дейін Қарғалы ауылының тұрғындарына көгілдір отын пайдалануға беріліп, тарихи сәтке Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды арнайы қатысқан болатын. Бүгін ел игілігіне арналған жұмыстар жалғасын тауып, халықтың қуанышы еселенуде.
Айта кету керек, Арыс елді мекенін газбен жабдықтау жүйесінің құрылысы 2021 жылы басталған болатын. Құрылыс жұмыстарын жүргізуші мердігер мекеме – «Zhanakurylys.kz» ЖШС. Ұзындығы 34 шақырым болатын газ құбырының құрылысына республикалық бюджеттен тиісті қаржы бөлінген. Абонент саны – 720. Жалпы ауданда 2023 жылы 9 елді мекенге табиғи газ беру көзделген. Аталған жұмыстар толық іске асқан жағдайда жалпы 16223 халық қосымша көгілдір отынға қосылып, аудан халқының 72 %-ы табиғи газға қосылуға қол жеткізеді.
Мұнан бөлек, Сырдария өзенінің батыс бөлігінде орналасқан 12 елді мекенге (Аққұм, Жанкел, Көксарай, Ызакөл, Шеңгелді, Қостерек, Бестам, Маяқұм, Үштам, Көлқұдық, Балтакөл, Ақкөл) газ жеткізу мақсатында 13 жобаға жобалық-сметалық құжат әзірленуде. Аталған жобалар іске асырылған жағдайда 15302 ауыл тұрғыны табиғи газбен қамтылып, ауданның табиғи газбен қамтылу көрсеткіші 99%-ды құрайтын болады деп күтілуде.
Источник: qazaq.asia