160 rob
Фотосурет: Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі
Сауд Арабиясы Корольдігінің астанасы Эр-Риядта өткен үкіметаралық комиссиясының 6-отырысында ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің өкілдері мен «Ұлттық геологиялық қызмет» АҚ Басқарма Төрағасы Ерлан Ғалиев Сауд Арабиясы Корольдігінің Инвестициялар жөніндегі министрі Халид әл-Фалихпен кездесу өткізді. Кездесуде тау-кен өнеркәсібіндегі инвестициялық мүмкіндіктерге қатысты мәселелер талқыланды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Сауд Арабиясының инвестициялар министрі Халид әл-Фалих қазақстандық геологтармен инвестициялық байланысты нығайтуға мүдделі екенін білдіріп, оларды қаңтар айында өтетін форумға арнайы қонақ ретінде шақырды.
«Қаңтар айында өтетін «Future Minerals Forum 2024» Орталық Азия елдерінен Қазақстанның қатысуымен ерекше маңызға ие болмақ. Табиғи ресурстарға бай болғанына қарамастан, Сауд Арабиясы Королдігінің тау-кен саласы әлі толық зерттелмеген. Осыған орай, біз қазақстандық геолог-сарапшыларды, сервистік компаниялар мен геологиялық қызмет саласының өкілдерін еліміздің нарығына шақырамыз. Біз үшін тау-кен өнеркәсібін ілгерілету өте маңызды, сондықтан біз Қазақстанның Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне, сондай-ақ «Ұлттық геологиялық қызмет» АҚ-на ынтымақтастық пен қолдау ұсынысымен өтініш білдіреміз», — деп атап өтті Халид әл-Фалих.
Кездесуде 2024 жылдың көктемінде Сауд Арабиясы Корольдігінде Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі өткізетін қатты пайдалы қазбаларды өндіруге жер қойнауын пайдалану құқығын беруге арналған аукционның таныстырылымы өтті. «Ұлттық геологиялық қызмет» АҚ Басқарма төрағасы Ерлан Ғалиев аукционның инвесторларды тарту үшін маңызды мүмкіндік екенін атап өтті.
«Тау-кен өндіру саласын дамытудағы бұл маңызды кезең Қазақстанның табиғи ресурстарын тиімді пайдаланудағы стратегиялық бағдарлануын көрсетеді. Аукцион тау — кен өнеркәсібінің түрлі салаларына мүдделі инвесторлар мен компаниялар үшін бірегей мүмкіндіктер тудырады», — деп атап өтті Ерлан Ғалиев.
Аукцион таныстырылымынан бөлек, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі геологиялық ақпараттың 15 инвестициялық пакетін әзірлеген. Бұл пакеттер барлау мен өндіруге арналған әлеуетті аймақтарды ұсынады және аукционда да ұсынылады. Сондай-ақ, әлеуетті инвесторларға тау-кен жобаларын дамытуға қаражат салу туралы негізделген шешімдер қабылдау үшін қажетті егжей-тегжейлі геологиялық деректерге қолжеткізуді қамтамасыз етеді. Айта кетейік, жиындағы комиссияның тең төрағалары — ҚР Премьер-Министрінің орынбасары –Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу және САК Инвестициялар министрі Халид бен Абдулазиз Әл-Фалих. Қазақстандық делегация құрамына мемлекеттік органдардың басшылары, сондай-ақ ірі ұлттық және жеке компаниялардың басшылары кірді.
Источник: qazaq.asia