216 rob
Фотосурет: Қарағанды облысының әкімдігі
Қарағандылық дәрігерлер ALTYN SHIPAGER ұлттық сыйлығының бірден екі номинациясына ие болды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Қарағанды № 2 көпсалалы ауруханасының қызметкері Қалқаман Сұлтанов «Стационардың үздік дәрігері» номинациясымен марапатталды. Ол елдегі жетекші ангиохирургтардың бірі, сонымен қатар ересектерге арналған кардиохирургия, интервенциялық кардиология, рентген және эндоваскулярлық хирургия, ультрадыбыстық диагностика, компьютерлік томография және жалпы хирургияға маманданған.
Қалқаман Сұлтанов шұғыл жағдайларда да, созылмалы ауруларда да кез келген күрделіліктегі коронарлық тамырларды диагностикалауды және емдеуді жүргізеді. Сонымен қатар, ол ангиохирург, интервенциялық кардиолог, рентгенхирург ретінде медициналық қызметтердің толық спектрін ұсынады.
– Мен көпбалалы отбасынан шыққанмын – он баланың сегізіншісімін. Оңтүстік Қазақстан облысында дүниеге келіп, алтыншы сыныпқа дейін сонда өскенмін. 1995 жылы біз Қарағандыға көштік. Мамандық таңдауға анамның ауруы әсер етті: ол инсульт алды. Мен анамды емдеу үшін дәрігер болуды шештім. 2001 жылы Қарағанды медицина академиясына түсіп, үздік бітірдім. Мен 15 жылдан бері адамдарға көмектесіп келемін, күрделі операцияларды жүргіземін, өмірлерді сақтаймын. Ешқашан осы мамандықты таңдағаныма өкінбедім, мен әрқашан озық технологиялармен ілесу үшін өзімді-өзім тәрбиелеуге тырысамын, – дейді Қалқаман Сұлтанов.
Қарағанды медицина университетінің ғылыми-зерттеу зертханасының аға ғылыми қызметкері Ирина Қадырова «Денсаулық сақтау саласындағы үздік жас зерттеуші» номинациясына ие болды. Ирина – 90 жарияланымның, 15 патенттің және авторлық куәліктің, клиникалық және оқу процестеріне енгізудің бес актісінің, монографияның және бір оқулықтың авторы, зияткерлік меншік объектісіне үш куәлігі, зертхана жұмысына енгізудің бір актісі бар.
Аға ғылыми қызметкер ретінде ол молекулалық-генетикалық және электрофоретикалық зерттеу әдістерін жүргізеді, диссертациялық және магистрлік зерттеулерге жетекшілік етеді. «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісімен марапатталған.
– Мен бұл байқауда жеңіске жетемін деп үміттенген жоқпын, өйткені менің қарсыластарым да өте лайықты болды. Бұл марапат мені ынталандырады, сонымен бірге бұл университет пен студенттер алдында үлкен жауапкершілік, өйткені мен оған сәйкес болуым керек, – деді Ирина Қадырова.
Источник: qazaq.asia