Ел үмітін ақтаған батыр

Ел үмітін ақтаған батыр

124 Awrora

Жыл басында орын алған Қаңтар оқиғасы кезінде Ұлттық ұланның офицерлері мен сарбаздары анттарына адалдық танытып, қызметтерін мінсіз атқара білді. 400-ден аса ұландық әскери қызметшілер әр түрлі деңгейдегі жарақат алса, өкінішке орай, екі жас сарбаз қаза болды. Отан алдындағы серттеріне аса үлкен жауапкершілікпен қарап, ел алдындағы міндеттерін ұмытпаған әрбір ұландық сардар мен әскери қызметшілердің еңбектері елеулі, олардың сол уақыттағы өлшеусіз ерліктері туралы жариялап, таныстырып кетуді жөн санадық.   

  1.  полковник Жандос Көлбаев

2022 жылы 7 мамыр – Отан
қорғаушысы мерекесі қарсаңында міндетін адал атқарып, құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін Қазақстан Республикасы Президенті Қ. Тоқаевтың Жарлығымен II дәрежелі «Айбын» орденімен Жандос Жамалұлы марапатталған болатын. Ол Қаракемер кентінде орналасқан 6654 әскери бөлімі командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары қызметін атқарады.   Қаңтар оқиғасы кезіндегі жарақаттанды.

– Біз  бірінші белгі бойынша Қаракемер кентінен Алматы қаласына келдік. 5571 әскери бөлімімен бірге қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге шықтық. Алматы қаласының Республика алаңына барып орналасып, шерушілерге барынша қарсы шығуға дайын тұрдық. Бірақ олардың арам ойлары тез арада өзгеріп,  жаппай тәртіпсіздік орын ала бастады. Сол кезде біз алаңнан азаматтарды ығыстыра бастадық. Біз Наурызбай батыр көшесіне дейін алға жылжып, С. Сейфуллин көшесіне дейін шықтық. Біздің арнайы құралдарымыз аяқтала бастады. Сол кезде бұзақылардың үлкен легі бізге қарсы келді. Сарбаздарды соққыға жыға бастады. Мен алға шығып, сарбазды өзіміздің арамызға алғым келді. Себебі сарбазды қарсыластың қолында қалдыруға болмайды. Сарбаздарды арашалап, ортамызға алғым келген кезде, бұзақылар мені соққыға жыға бастады, мен де барынша қарсыласып жатырмын, бірақ олардың көптігі сонша, олардың соққылары бірінен кейін бірі тиіп жатты. Есімді бірде жинап, бірде жоғалтып жаттым. Сол сәтте олардың арасынан біреуі басыма темір арматураны тығайын деп жатты, бірақ арасынан біреуі «Болмайды, өлтірмеңдер!» деп айқай салғанын естідім. Бір топ адам тоқтап қалды. Олардың барлығы қазақтың жап-жас балалары болды. Үстімдегі қорғаныш әскери киімімді шешіп тастады да, «бара бер» дейді. Мен шала-шарпы есім кіресілі-шығасылы күйде әрең дегенде қаруластарыма жеттім, — деп есіне алды ол.

Оны қызметіне адал, әрбір ісіне жауапкершілікпен қарайтын тәрбиеші-офицер ретінде білеміз. Жандос Жамалұлы қызмет барысында қарамағындағы әскери қызметшілердің  ойымен санасып, жеке құраммен тығыз байланыста жұмыс атқаратынын айтты. Шынайылық, жоғары адамгершілік, қандай жағдайда да кез келген адамға қолұшын беріп, көмек көрсету – оның өмірлік ұстанымы.  Ж. Көлбаев маусым айында мерзімінен бұрын «полковник» шеніне ие болды.

  1. Подполковник Мерей Қонысбаев

Биылғы жылдың қаңтар айында орын алған Алматыдағы бүліктің әлегі подполковник Мерей Қонысбаевты да айналып өтпеді. Ұлттық ұлан офицері қару асынып, қолына таяқ ұстаған 15 ереуілшіден соққы алып, түрлі дене жарақатымен және сол аяғын сындырып ауруханаға түсті.

Тәртіпсіздік кезінде подполковник Мерей Қонысбаев 5571 әскери бөлімі жеке құрамының бір тобына басшылық жасаған болатын. Жеке құрам өздеріне қойылған тапсырманы орындау үшін түнімен қас қақпай, дамылдамай, қаладағы жаппай тәртіпсіздікті тоқтатуға тырысты және соған қол жеткізді.

Қаңтар оқиғалары кезінде танытқан батыл әрекеті және жауынгерлік міндеттерін адал орындағаны үшін кейіпкеріміз мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен мемлекеттік награда ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды.

— Бұл менің ғана марапатым емес, Ұлттық ұландағы еліне адал барлық әскери қызметшілердің ортақ марапаты деп білемін. Отанға қызмет етуде бізде батыл және нақты әрекет болу керек. Осындай жоғары құрметтеріңіз үшін рахмет! Менің ең басты мотивациям – отбасым, отбасымның қолдауы мені жігерлендіреді. Қазақстан Республикасына қызмет етемін! – дейді подполковник Қонысбаев.

2022 жылдың 20 желтоқсанында оңтүстік астанамыз саналатын Алматыда «№1 жыл таңдауы – Жыл адамы» фестивалінің лауреаттарын марапаттау салтанаты өтті. «Алтын Адам» ұлттық сыйлығының «Отанға қызмет еткені үшін» номинациясы бойынша Ұлттық ұлан офицері – подполковник Мерей Қонысбаев атанды. «Алтын Адам» сыйлығын Мерей Таңатұлына қоғам қайраткері, маслихат депутаты және белгілі саяхатшы Дмитрий Петрухин табыстады.

  1.  5511 әскери бөлімінің жауынгері Мұхтар Үсенов

5 қаңтар күні ол жедел әскери резерв құрамында болып, жаппай тәртіпсіздіктердің жолын кесуге және қала әкімдігінің қорғанысына қатысты. Жаппай тәртіпсіздіктерді тоқтатуға тырысқан ұландықтардың 17-сі қоршауда қалып қояды. Мұхтар бірден шиеленіскен топ құрсауынан шығу туралы шешім қабылдайды және сарбаздарды жауынгерлік тәртіпке қайтарады. Осы кезде митингіге шыққан қалың топтан оларға қарай оқ атылып, Мұхтар Үсеновтің оң аяғының 2-ші метатарсальды сүйегіне оқ тиіп, ауыр жарақат алады. Алайда ол ашық оқ жарақатына қарамастан, өзіне сеніп тапсырылған сарбаздарды жалғыз қалдырмай, қауіпсіз жерге алып шығудың жолын табады. Басына төнген тікелей қауіпке қарамастан, қарамағындағы ұландықтарды қайтадан шепке қосады.

– Сол күні дабылмен көтергендіктен, ротаға жиналдық. Алматыдағы шеру туралы ақпараттар тарап жатқанымен, қала іші ол уақытта  тыныш болған. Әскери бөлімге келгесін әкімшілік алдына аттандық. Сағат күндізгі 12-лер шамасында көпшілік жиналып, наразылықтарын білдіре бастады. Резервтің кері кетуі немесе ауысуы туралы нұсқау болмады, өйткені ол мүмкін емес те еді, себебі толқулар уақыт өткен сайын екпін алып, халықтың қарасы қалыңдай берді. Кешкі 19.00-ден кейін жағдай тіпті ушыға бастады. Жұрт тынышсыздана бастады. Шулап, біріне-бірі қосылып, одан сайын өрши түсті. Мұндайды көрмегенбіз. Осы жағдайлардың соңы түнге қарай жаппай бассыздықтарға ұласып кетті ғой. Шындап алаңдай бастадық. Себебі, әскери формадағыларға деген агрессия байқалды, заттар лақтырып, шептерді бұзып, қолға түскендердің құралдарын тартып алу әрекеттері боп жатты. Бір топ сарбазым сондай бір толқынның арасында қалып қойды. Әр сарбаз өзіме жүктелген аманат болған соң, командир болған соң, қайтсем де қоршаудан алып шығу керек екенін сезіп тұрмын. Жанталасып, барынша абай әрі шапшаң қимылдап, қатарға әкеп қосып жаттым. Соққы да алып жаттық. Ол оқ па, жоқ зат па тиіп жатқан, оны түсінетіндей халде емес едік. Осы бір сәттің аса қауіпті екенін білдім, алайда менде басқа нұсқа болған жоқ. Мен жауынгерімді, соңымнан ерген сарбазымды тастап кете алмадым. Әйтеуір бір есімді жисам, КамАЗ көлігінде кетіп барады екенбіз. Естен танғаныма қарағанда, ауыр жарақат алған шығармын деп ойлап үлгергем жоқ, әрі қарай талықсып кетіппін. Келесі бір ес жиғанда ауруханада жатыр екенмін. Бұл уақытта маған ота жасалған. Дәрігерлердің айтуынша, жағдай ушыққанда ту сыртымнан бірнеше рет аяғыма оқ атылыпты. Аяғымның сүйегі үш жерден сынған екен, көп қан жоғалтыппын. Қансырап жатқанымды көрген қаруластарым бірдеңе қылып мені әскери техникаға дейін көтеріп апарып, ауруханаға жеткізіпті. Дәрігерлер «Алаңда қалай боп жатыр жағдай? Мына жарақатыңыз сұмдық қой. Көрер жарығыңыз бар екен» десіп жатты, – дейді Мұхтар сын сағатты еске алып.

Мемлекет басшысының Жарлығымен қатардағы Мұхтар Үсенов ІІІ – дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды.

  1. 6506 әскери бөлімінің қатардағы жауынгері Самандар Ташкенбаев

2022 жылдың 5 қаңтарында сағат 02:18 шамасында тәртіп бұзушылар  бульдозер ауыр техникасымен Ұлттық ұлан әскері және полиция қызыметкерлерімен бірге тұрған жауынгерлік тізбекті бұзып өтіп,  қалалық Әкімшілік ғимаратын қиратуды көздейді. Сол уақытта ұлан жауынгерлерінің қатарында қасқайып тұрған бөлімше командирі Самандар Ташкенбаев тәртіп бұзушылардың тобын бұза өтіп, булдозер техникасының жүргізушісіне қоян-қолтық ұрыс тәсілдерін қолдана, көлік жүргізушісін орнынан күшпен шығарып, бульдозер техникасын тоқтатып бірнеше адам өмірін сақтап қалды. Оқиға орнында тәртіп бұзушылардың теріс ойы іске аспағанын байқаған арандатушылар, көлікті басқарған Самандардың тарапына бірнеше адам оқ жаудырды. Сол сәтте тәртіп бұзушылар тарапынан атылған оқтардың бытыралары бірінен соң бірі Самандардың оң аяғының жамбасын және оң қолының білегін жарақаттады. Лезде әрекет еткен әскери бөлімнің медициналық тобы Самандарды қалалық ауруханалардың біріне жеткізіп шұғыл ота жасалды.

Елі үшін жасалған ерлік те елеусіз қалмады. 2022 жылдың 23 маусымында өзінің әскери және қызметтік міндеттерін атқару кезінде көрсеткен батылдығы мен жанқиярлығы және еліміздің ұлттық қауіпсіздігін, заңдылығы мен құқықтық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үшін Қазақстан Республикасы Президенті Қ.К. Тоқаевтың Жарлығымен ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды.

  1. кіші сержант Нұрсұлтан Кененбаев

Ақтау қаласында орын тепкен 6656 әскери бөлімінің  әскери жүргізушісі ефрейтор кіші сержант Нұрсұлтан Кененбаев  Мемлекет басшысының Жарлығымен «Жауынерлік ерлігі үшін» медалімен марапатталды.

Әскери өмірде әскери жүргізуші маман иелерінің орны ерекше екендігін біз білеміз.  Өйткені оларға соғыс және бейбіт уақыт кезінде жеке құрамды және әскери құралдармен керек жарақты тасмалдау жүктелген. Ол қаңтар оқиғасы кезінде көлігімен жауынгерлік тапсыомаларды орындады. Сол арқылы көзсіз ерлік көрсетті. 

Источник: qazaq.asia

Яндекс.Метрика