172 Awrora
Фотосурет: heartcenter
Астаналық дәрігерлер тобы мыңдаған адамға өмір сүруге екінші мүмкіндік беретін және медицина әлемін өзгертетін бірегей құрылғы ойлап тапты, деп хабарлайды DKNews.kz.
2023 жылдың 1 желтоқсанында ALEM (Astana Life Ex-situ Machine) атты бірегей құрылғының салтанатты тұсаукесері өтті. Оны «Жүрек орталығы» қоғамдық қоры тапсырыс беруші және жоба үйлестірушісі ретінде ұйымдастырды. ALEM — бұл донорлық органдарды ұзақ уақыт тасымалдауға және оны адам денесінен тыс емдеуге мүмкіндік беретін құрылғы, қазіргі уақытта оның теңдесі жоқ.
Қазақстанда трансплантология тарихы бастау алғанда дәрігерлер донорлық органдарды тасымалдауға арналған америкалық құрылғыны пайдаланып келді, алайда оның мүмкіндіктері қажеттіліктерді өтемеді, ал пайдалану тым қымбатқа түсті. Осы уақытқа дейін донорлық жүректі тек 4-6 сағат ішінде тасымалдауға болатынын, кейін оның трансплантациялауға жарамсыз болып қалатыны бүкіл әлемге мәлім. Бірақ Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығының дәрігерлері бұл мәселенің шешімін тапты, сонымен қатар, әлемдік рекорд орнатты.
«Бұл — органды ұзақ уақыт (24 сағаттан астам) сақтауға мүмкіндік беретін донорлық органдарды сақтау және емдеу жүйесі. Сәйкесінше, осы уақыт ішінде қажетті процедураларды немесе операцияларды – мысалы, жүрек трансплантациясын немесе өкпе трансплантациясын жасап үлгеруге болады. Сондай-ақ, осы уақыт ішінде органның трансплантацияға жарамдылығын анықтауға мүмкіндік береді», — деп түсіндірді University Medical Center басқарма төрағасы, кардиохирург дәрігер Юрий Пя.
ALEM құрылғысының болашағы жарқын және тек трансплантацияға ғана емес, сонымен қатар хирургияға, онкологияға, перфузиологияға да көп септігін тигізбек. Мысалы, осы құрылғы арқылы хирургтар реплантация үшін ауруханаға ұзақ уақыт тасымалданатын кесіліп алынған, жарақаттанған аяқ-қолдарды құтқара алады. Юрий Пяның пікірінше, қазіргі уақытта әлемде бұл құрылғының аналогы жоқ, өйткені «аппараттың құрамында біздің дәрігерлер толығымен әзірлеген бірегей бөліктер бар». 2024 жылы жобаны ауқымды міндеттер күтіп тұр, оның ішінде клиникалық зерттеулерге шығу және өндірісті бастау бар.
Источник: qazaq.asia