Өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 3,4%-ға ұлғайды

Өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 3,4%-ға ұлғайды

254 rob

Өнеркәсіптік даму, геология және жер қойнауын игеру бағытында былтыр атқарылған жұмыстар мен осы жылға арналған жоспарлар туралы ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың қатысуымен өткізілген ИИДМ-нің кеңейтілген алқа отырысында вице-министр Иран Шархан айтып берді, деп хабарлайды DKNews.kz.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің орынбасары айтқандай, 2022 жылдың қорытындысы бойынша өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 3,4%-ға өсті. Өңделген өнімнің экспорты былтырғы 10 айда 21,7 млрд теңгеге немесе 34,9%-ға жетті.

«2025 жылға дейін 134 мыңға жуық тұрақты жұмыс орнын ашып, оның ішінде моноқалаларда – 13 мың, сондай-ақ ауылды жерлерде – 61 мың жұмыс орнын ашу арқылы 734 жобаны іске қосу жоспарланған. Барлық жоба толығымен қуатына шыққан кезде өндіріс көлемі шамамен 10,4 трлн теңгеге жетпек» Иран Шархан

Өңдеу өнеркәсібіндегі жобаларды қаржылай тұрғыда қолдау үшін Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі несиелеу, лизингтік қаржыландыру, капиталға үлестік қатысу мен өнеркәсіптік гранттарды беру сынды тетіктерді пысықтады. Мәселен, 2022 жылы даму институттары арқылы жалпы сомасы 425,5 млрд теңгеге жоғарыда аталған саладағы жобаларды қаржыландыру қарастырылды. Ведомствоның ақпараты бойынша биыл қажетті жобаларды қаржыландыру үшін жалпы сомасы 399,2 млрд теңгеге құжаттама дайындалған.

Сондай-ақ қазір өңдеу өнеркәсібін дамыту мақсатында қаржыландырудың қосымша көздері мен тетіктері жан-жақты ойластырылып, пысықталып жатыр.

Бұл ретте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес «Өнеркәсіптік саясат туралы» Заң қабылданғанын айта кеткен орынды. Оның негізгі мақсаты бәсекеге қабілетті әрі жоғары технологиялық, сондай-ақ экспортқа бағдарланған өнім өндірісін ұлғайту және өңдеу өнеркәсібін тұрақты жолға қою арқылы дамудың шикізаттық моделінен арылу саналады. Осыған байланысты ҚР ИИДМ жүйелі шараларды қабылдап жатқанын айта кетейік. Оның ішінде инвестициялық жобаларды іске асыру, қолжетімді қаржыландыруды көздейтін тетіктерді әзірлеу мен өңдеуші кәсіпорындарды отандық шикізатпен қамтамасыз етуді айтуға болады.

Источник: qazaq.asia

Яндекс.Метрика